"Кез келген кәсіпкердің мойнына жосықсыз контрагенттің салық міндеттемелерін артуға болады"

2449

"Атамекен" КҰП-қа жалған кәсіпорындармен жасалған мәмілелер бойынша үстеме салық аударуға байланысты 80-нен астам өтініш түсті.

"Кез келген кәсіпкердің мойнына жосықсыз контрагенттің салық міндеттемелерін артуға болады"

Бүгінгі таңда адал бизнес серіктес-компаниялармен жасасқан келісімшарттары бірнеше жылдан соң алдына келіп, тиісті органдардың  қудалауына түспесіне толық сенімді бола алмай тұр.

Бұл туралы "Атамекен" КҰП кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов мәлім етті.

"Сыртынан қарағанда сенімді контрагенттермен мәміле жасай отырып адал кәсіпкерлер күтпеген жерден мемлекеттік кіріс органдарынан үстеме салық аудару туралы хабарлама алуы мүмкін.

Қазіргі кезде кез келген кәсіпкерге жалған кәсіпорын деп танылған контрагенттің салық міндеттемелерін артуға болады. Ол туралы бұл байғұс түк те білмейді. Осындай салық әкімшілігі мен тергеу органдарының қармағына түскен жалған кәсіпкерлермен байланысқандардың саны ел бойынша шамамен 40 мыңға жетеді. Бұл істі тоқтату керек. Осы мәселе туралы айтып жүргенімізге бір жылдан артық уақыт өтті, ал сұрақ толығымен шешілген жоқ", – деді Қайырбек Сүлейменов.

Жыл басынан бастап КҰП-қа компаниялардан жалған кәсіпорындармен жасалған мәміле бойынша 3 млрд теңгеден астам сомаға үстеме салық аударуға қатысты 80-нен астам шағым түскен.

"Жалған кәсіпкерлер айыппұлмен құтылып жатады, ал олардың көптеген контрагенті салық, айыппұл және өсімақы төлеуге мәжбүр. Түптеп келгенде, салық қылмыстық сот ісін жүргізу аясында жалған кәсіпкердің кінәсі мойындалғаннан кейін ғана өндіріп алынады. Бұл ретте контрагенттердің салықтан жалтарды деген кінәсі көп жағдайда сот үкімінде де, қаулысында да расталмайды. Жалған кәсіпорындардың қызметін пайдаланатын жосықсыз кәсіпкерлер қылмыстық тергеу органдарының назарынан тыс қалады", – деді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов.

Ұлттық палата "жалған кәсіпкерлік" мәселесін кешенді түрде шешуді ұсынады. Тек Қылмыстық кодекске ғана емес, Салық кодексіне де өзгерістер енгізу керек деп есептейді. "Атамекен" Қылмыстық кодекстің 215-бабын қайта жазу жөнінде ұсыныс айтты.

Салық кодексіндегі  ережелерді, оның ішінде 115-бап "Шегерімге жетпейтін шығындар" мен 257-бап "Есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығын" түзету ұсынылып отыр. 

Сондай-ақ ұлттық палата салық органдарына салық салынатын табысты өздігінен түзету мен тексеру барысында салықты түзету құқығын беру қажет екенін айтты.

"Осылайша, салық органдары қылмыстық тергеуге адал кәсіпкерлерді қатыстырмай-ақ, салық сомасына үстеме, айыппұл мен өсімақы аударудың ықпалды механизмдерін алады. Адал кәсіпкерлер заңнамада қарастырылған өздерінің құқықтарын қорғайтын құқықтық құралдарды пайдалана отырып, өздерінің мәмілелерінің рас екенін дәлелдеуге мүмкіндік алады", – деді "Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары.

Сонымен бірге ұлттық палата жалған кәсіпкерлікпен өзарақатынасы болған көптеген контрагентті жауапкершіліктен босату бойынша экономикалық акция өткізуді ұсынды. 

"Қазірдің өзінде жалған кәсіпорын жұмысы бойынша тергеуге тартылған кәсіпкерлер саны көбеюде. Шамамен 35000 контрагент экономикалық тергеу қызметінің күдігіне ілінген.Бұл еліміздің ҚҚС төлейтіндерінің  46%-ы. Бұлардың бәрі ертең ұлттық палатаға, прокуратураға, басқа да органдарға жосылады. Біздің ешкімге адвокат болғымыз келіп отырған жоқ. Сондықтан қылмыстық заңнамадағы өзгерту дұрыс жасалады деп ойлаймыз", – деді спикер.

Контрагенттер төленбеген соманың белгілі көлемін төлесе,  онда оларды жасаған құқық бұзушылықтарына жауап беруден босатут бойынша акция өткізу ұсынылып отыр. 

"Бизнес-қауымдастыққа жаңа ережелерге бейімделуге, ал өкілеттік органдарға салықтық әкімшілдендіру жұмыс жаңадан бастауға мүмкіндік беру керек.

Сонымен бірге кәсіпкерлер 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін қолма-қол ақшамен есеп айырысу операцияларына деген сұраныс қатал болатынын түсінуі керек", – деді Рустам Жүрсінов.

Оның ойынша, бұл тәсіл көптеген кәсіпкерді банкроттықтан құтқарады. Сондай-ақ өз бизнесін сақтап қалу мен әлеуметтік қауырттылықты бәсеңдетеді.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу