"Мемлекеттік сатып алу адал кәсіпкерге қолдау көрсетуге тиіс"

2236

КҰП-тың төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев Ақмола облысындағы мемлекеттік сатып алу барысын реттеу керек деп есептейді.  

"Мемлекеттік сатып алу адал кәсіпкерге қолдау көрсетуге тиіс"

"Атамекен" Қазақстан кәсіпкерлері ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысында  "Мемлекеттік сатып алудың ерекшеліктері" туралы сөз  қозғалды. Түйінді мәселені Степногорск қаласындағы "Биотехнологиялар орталығы" ЖШС-ның директоры Дархан Балпанов көтерді, оның кәсіпорны бүгінде өңдеу және тамақ өнеркәсібі үшін вакциналық және биоинсектицидті препаратр жасап шығаратын бірегей өндіруші болып табылады.

Алайда мемлекеттік сатып алулар кезінде кедергі келтіріп отырған фактор – қарапайым демпинг – яғни тауарлар мен қызметтерді өз құнынан төмен бағаға сату. Бұл әрекетті шетелдік мүше компаниялар жасап отыр. Бизнесменнің айтуынша, қазіргі кезде ұлттық компаниялар қойып отырған біліктілік талаптары отандық кәсіпкерге кері әсерін тигізеді. Енді өз мүмкіндіктерін дәлелдеу үшін "қыруар уақыт пен қаражат" жұмсалады. Оның үстіне қазақстандық өндірушіге мемлекеттік тапсырысты аласың деген кепілдікті ешкім бермейді.

"Нарыққа адал кәсіпкерлерді тарту керек, оларға қолдау көрсету керек. Егер байқау құжаттары белгілі бір мердігерге сәйкестендіріліп жасалса, біз сауатты және білікті орындаушыны қайдан аламыз? – деді Тимур Құлыбаев. – Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған басты міндет – кәсіпкерлікті қолдау, біз экономикалық саясаттың ортасында адал кәсіпкер болғанын қалаймыз. Сол үшін қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, қазірдің өзінде 200-ден астам түзету енгізілді, үкіметпен тұрақты және тиімді қарым-қатынас жүргізілуде", – деп қосты ол. Оның ойынша, Ақмола облысында мемлекеттік сатып алу басқармасының жоқтығы да өңір кәсіпкерлеріне едәуір қиындық тудыруда, соның салдарынан жалпы сатып алуларда үйлестіру жұмысы жүргізілмейді. Сонымен бірге өңірде құрылыс саласындағы сатып алуларға ерекше көңіл бөледі: Ақмола облысының құрылысшылар және құрылыс материалдарын өндірушілер бірлестігі құрылуда, оның жұмысы өңірдің құрылыс саласын жетілдіруге бағытталады. Одан бөлек Ақмола облысының прокуратурасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің қатысуымен мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында заң талаптарының сақталуын қадағалайтын жұмыс тобы құрылды. Осы және осыған ұқсас құрылымдар аталған саланың реттелуіне септігін тигізеді. Облыс кәсіпкерлерінің өңірілік кеңесі отырысында далалық жұмыстарға несие алуда кездесетін қиындықтар да сөз болды.

"Өңірлік астық холдингі" өндірістік кооперативі басқармасының төрағасы Ербол Ташеновтың сөзінше,  агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің көпшілігінде қаржы институттарынан несие алу үшін  кепілге қоятын мүлігі жоқ. Оның үстіне биыл ӘКК-нің кепілдігімен "Азық-түлік корпорациясы" бойынша  мерзімдік астық сатып алу тоқтатылды, ол ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге аз уақытта кепілдіксіз ақша алуға мүмкіндік берген болатын.

Ауыл шаруашылығы министрлігі екінші деңгейлі банктердің кепілдігімен қаржыландырылатын несиелеудің балама бағдарламасын ұсынды. Алайда іс жүзінде бұл механизм тиімсіз екенін көрсетті.

"Ақмола облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын өңір ретінде дәстүрлі бағыттарды дамытуы керек. Бірақ ол үшін қаржыландырудың жаңа түрлерін іздеу қажет. Өкінішке қарай, банк секторы бұл тапшылықтың орнын толтыра алмайды. Сондықтан әкімдік және мәслихатпен күш біріктіріп қаржылық ресурстарды тарту мәселесін шешу керек", – деп қорытты сөзін Тимур Құлыбаев.

Өз кезегінде облыс әкімі Мәлік Мырзалин барлық түйінді мәселе бақылауға алынғанын айтты, ал КҰП төралқасының төрағасы "Атамекен" бұл мәселелерді жергілікті билікпен бірге шешуге ықпал ететінін айтты.

Өңірлік кеңес отырысы КҰП төралқасы басшысының Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары аясында өтті. Сапар барысында Тимур Құлыбаев Қазақстан мен Ресейге ортақ кәсіпорын – "Қазақстанның агро-инновациялық корпорациясы" ЖШС-ның жұмысымен танысты. Құрылатын ортақ кәсіпорынның жобасы бойынша  мұнда тіркеме, жинағыш, ілулі жабдықтар, орама және жем-шөп әзірлейтін құрылғылар, экскаватор, жүк артыш көліктер жасалады. Жақын болашақта МАЗ автокөлігінің қозғалыс құрылғысының үлгісі бойынша коммуналдық техника өндірісін бастау жоспарда бар.

"Көкшетауда ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника жасайтын кәсіпорын ашу – машина жасау саласындағы Қазақстан мен Беларусь арасындағы табысты қарым-қатынастың үлгісі, – деп баса айтты Тимур Құлыбаев. – Әрине, осындай инновациялық жобаларды іске асыру ел экономикасының дамуына, жоғары технологиялық жабдықтар нарығының кеңеюіне жол ашады. Алайда қазақстандық үлесті арттыру, отандық өнімді  жылжыту қажеттілігін естен шығармайық".

Әйгерім Сүлейменова, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу