"Нарық күрт құлдырап, ферросиликомарганец өндірісін төмендеттік"

12544

Рубль мен теңге бағамы өзгеріп, кей серіктесіміз құрал-жабдық жеткізуден бас тартты.

"Нарық күрт құлдырап, ферросиликомарганец өндірісін төмендеттік" Фото: Марина Попова

Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев abctv-ге берген сұхбатында 2016 жылдың қорытындысы, жаңа жобалар мен күтілетін нәтижелер туралы айтты.

- Өткен 2016 жыл сіз үшін қалай өтті?

- Өткен жыл еліміздің көптеген кәсіпорны үшін оңай болмады. Бизнес 2015 жылы өндірістің төмендеуі, валюта бағамының тұрақсыздығы секілді небір қиындықты бастан өткергені баршаға мәлім. Ақсу ферроқорытпа зауыты да жылды қиындықпен бастады, бірақ бүгінгі күні айтарым, біз алға қойған міндеттердің барлығын еңсердік.

- Сіз үшін жыл басында не қиын болды? Менің білуімше, кәсіпорынның өнім сатуда қиындығы жоқ...

- Иә, ферроқорытпаға сұраныс бар. Таң қаларсыз, бірақ қиындық ауа-райы жағдайларына байланысты болды. Осы және өткен қыс ауа-райының күрт өзгеруімен ерекшеленді. Біздің негізгі шикізат жеткізушіміз Ақтөбе облысының Хромтау қаласында орналасқан, онда ауа-райы жылы, сол себепті кен тиелген кезде дымқыл болады, ол бізге жеткенге дейін қатып қалады. Нәтижесінде біз кенді вагоннан түсіру кезінде көп қиналамыз. Көлік күйрейді. Екінші қиындық – ақша мәселесі. Рубль мен теңге бағамының өзгеруіне байланысты кейбір жеткізушілер бізге құрал-жабдық жеткізуден бас тартып жатты, себебі бұл оларға тиімсіз еді. Кедергілер болмай қоймады. Ішкі қиындықтар да болды: жыл басында екі балқыту цехында технологияны сақтау қиын болды. Бұл жоспарлы міндерттердің орындалмауына әкеп соқты, кейін оның орнын толтыруға тура келді. Бірақ бүгін мен алға қойған жоспарды 100 %-ға орындадық деп толық сеніммен айта аламын.

- 2016 жылдан қандай нәтиже күтесіз?

- Нақты көлем индексі деген ұғым бар, яғни 2015 жылмен салыстырғанда біз биылғы жылды 100,3% көрсеткішпен аяқтауды жоспарлап отырмыз. Біздің кәсіпорынның ұғымында осы 0,3 % дегеніміз қомақты көрсеткіш.

- Қаншалықты қомақты?

- Біз 1 млн 275 мың тонна өнім өндіруді жоспарлап отырмыз, ал 2015 жылы 1 млн 271 мың тонна өндірген едік. 4 мың тонна ферроқорытпа дегеніміз не? Бұл шамамен бір айда бір пеш шығаратын өнім.

- Сергей мырза, нарық жайлы әңгімелесеңіз. Бүгінгі күні оның жағдайы қандай?

- Әлемдік нарықтың қажеттілігін ескеріп, біз жоғары көміртекті феррохром шығаруды жалғастырып келеміз. Көлемді үнемі ұлғайтып отырамыз. Ал ферросиликомарганец өндірісін керісінше төмендетіп жатырмыз. Мұндай шешім 2015 жылдың аяғында нарықтың күрт құлдырауына байланысты қабылданды. Ақсу ферроқорытпа зауыты өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігіне ешкім шүбә келтірмейді. Ферросиликомарганец те қоймада жатып қалмайды.

- Ферросиликомарганец өндірісін азайтуыңыздың себебі неде? Оған сұраныс аз ба?

- Оған әсер ететін факторлар көп. Оған қарағанда феррохромға деген сұраныс тұрақты, себебі ол тиімдірек. Өзім айтып өткендей, біздің стратегияға сәйкес, біз №1 балқыту цехын біртіндеп феррохром өндірісіне ауыстырып жатырмыз. Қазір алты пештің төртеуі сұранысқа ие қорытпаны шығарады. Ферросиликомарганец пен феррохром өндірісінің технологиялары бір-бірінен ерекшеленеді және әртүрлі материалды-техникалық базаны талап етеді, сондықтан біртіндеп ауыстырып жатырмыз. Феррохром қорытпасы құрал-жабдыққа едәуір салмақ салады және өндіру, өңдеу, құю және жөнелту көп жұмысты талап етеді.

- Феррохром көп қалдық қалдыратындықтан көп техниканың жұмылдырылуын талап етпей ме?

- Түсінікті болу үшін мысал келтірейін: егер бір ферросиликомарганец өндіретін пеш бір ауысымда он алты куб қалыпты шлакпен толтыратын болса, хром өндіретін пеш осындай үш қалыпты толтырады.

- Демек нарық талаптарын орындаймыз деп қалдық өнімдерді көбірек шығарасыздар ма?

- Біз оның барлығын қайта өңдейміз. Қалдық едәуір көп болатынын түсінеміз. Ол үшін бізде оны қайта өңдейтін цех бар. Сондай-ақ жылына 1 млн тонна өнімді өңдей алатын дербес уатқыш-сұрыптау кешені бар. Оны іске қосу 2017 жылдың қаңтар айына жоспарланды. Одан бөлек, қалдықтың көп шығуын ескеріп, біз келесі жылы екі тұндыру машинасын жаңаға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл қайта өңдеуді екі есеге, қазір сағатына 100 тонна болса, 200 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

- Қалдықтан металл алуға жұмсалған шығын өзін-өзі ақтай ма?

- Әрине ақтайды. Қазір қара металлургияның қалдықтарына 20 жыл бұрын қарағандай ешкім қарай алмайды. Менің түсінігімде, бұл – шағын қылмыс. Бүгінгі күні біз қалдықты қайта өңдейміз, ештеңені керексіз деп лақтырмаймыз деуге болады. Одан жоғары сапалы тауарлық өнім аламыз. Мысалы қайта өңдеуден кейін алынған металл концентратын қайта пешке салып, оның техникалық-экономикалық көрсеткіштерін жақсартамыз. Сондай-ақ жол жөндеушілерге ауадай қажет қиыршық тас аламыз.

- Демек сіздің өндірісіңізді қалдықсыз деуге бола ма?

- Иә, біз күнделікті өндірістен қалып отырған және зауыттың құрылу заманынан бері жиналған қалдықтардың барлығын қайта өңдейміз.

- Қателеспесем, бұрыннан қалған қалдық 5 млн тонна деп жарияланған еді ғой?

- Ол азайып келеді. Біз дербес бір бағдарлама жасадық – 2034 жылға қарай кәсіпорын жұмыс істеген жылдарда жиналған барлық қалдықты қайта өңдеп, бұл мәселеге нүкте қоюымыз керек. Бұл одан әрі күнделікті шығатын қалдықтармен ғана жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

- Ал ферросиликомарганец қалдығының жайы қалай болып жатыр? Осындай схема ма?

- Әзірше ол қоймада сақталып жатыр. Бүгінде біз осы қалдықты тиімді өңдеу әдістерін ұсына алатын барлық болашақ серіктестің ұсынысын қарауға дайынбыз.

- Бұдан бұрын жарияланған, ОАР-дың қатысуымен "№6 балқыту цехын қайта жаңарту" инвестициялық жобасын іске асыру қай сатыда?

- Құрал-жабдық орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта біз Аустриядан бес конвейер алдырып жатырмыз. Газ тазартуға арналған қосымша құрылғылардан басқа барлық қондырғы Tenova фирмасынан алынды. Ол партияны 2017 жылдың наурызында күтеміз. Айта кетейік, жаңа №64 пеш пен газ тазартуға арналған ерекше құрал-жабдықтың барлығын Павлодар машина жасау зауыты жасайды. "Қазгипроцветмет" (Өскемен қаласы) институтының жобалаушылары Оңтүстік Африка Республикасының жобалық-сметалық құжаттамасын еліміздің заңнамалық талабына қарай икемдеп жатыр. Келесі жылы біз бұл жұмысқа білек сыбана кірісеміз.

- Жаңа пештің бұрынғылардан айырмашылығы неде?

- Оның түбегейлі ерекшеліктері бар. Бүгінгі күні зауытта жабық және ашық пештер бар. Жаңа пеш бітеу болады. Яғни сыртқы температура оған мүлде әсер етпейді, яғни қорытушы оны сезбейді. Одан кейін пеште пайда болатын ферроқорытпа газы балқыту агрегатына 600 градусқа дейінгі ыстық шикізат үздіксіз беріліп отырады. Бұл – шәугімге суық не ыстық су құйған сияқты. Қайсысы бірінші қайнайды? Сол сияқты газ да шөмішті қыздыруға пайдаланылады. Мұндай инновация электр энергиясын пайдалануды 25%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Пештің өндіру көлемі де 30%-ға жоғарылайды, себебі қуат жаңа трансфоорматордың есебінен 63 мегаваттан 81-ге дейін көбейтіледі. Сондай-ақ қоршаған ортаға әсері төмендейді. Бұл да маңызды, жұмысшылар қауіпсіз ортада жұмыс істейді.

- Жобаның бағасы қанша?

- Ақсу ферроқорытпа зауытының №6 балқыту цехын қайта жаңартуға шамамен 153 млн доллар инвестиция салынады.

- Ондағы пештердің саны қанша?

- Төртеу. Бірақ бұл – әр пешке жұмсалатын шығынды есептеу үшін бұл соманы төртке бөлу керек деген сөз емес. Қалай дегенмен бірінші агрегат көбірек салымды қажет етеді.

- Осының бәріне қанша уақыт керек?

- 2017 жылы №64 пешті жетілдіруге шамамен алты ай жұмсауды жоспарлап отырмыз. Қалған үш пешке келер болсақ, әрқайсысының өз жөндеу кезеңі болады. Балқыту агрегаттарын күрделі жөндеу кестесінде бұның барлығы ескерілді.

- Зауыт дегеніміз – тек өндіріс қана емес, сонымен қатар арнайы орталық айналысатын ғылым. Оның алдына қандай міндет қойылады?

- ERG ғылыми-зерттеу инжинирингтік орталығы 2012 жылы құрылды және ферроқорытпа өндірісінен қалған шаң тектес қалдықтарды залалсыздандыру мәселесімен, сондай-ақ жоғары көміртекті феррохромның шлактарын байытумен айналысады. Құрамында хром бар ұсақ қалдықтарды өндіріске енгізу жұмысы жалғасып жатыр. Бұрын бұл ұсақ-түйек үйіндіге шығарылатын.

- 90-жылдардың соңында шетел инвесторларынан Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға қаражат салғаннан гөрі, экологияға зиян келтіргені үшін айыппұл төлеу тиімдірек дегенді еститінбіз. Сіздің ойыңызша, қазіргі кезде бұл ұстаным әлі де өзекті ме?

- Жоқ, бүгінгі жағдай мүлде басқа. Қолданыстағы заңнамада бір рет табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін өндірістік кәсіпорынды үш рет жауапкершілікке тартуға болады. Салық кодексіндегі нормативтерді асырғаны үшін 10 есе әкімшілік айыппұл төлеуі тиіс немесе белгілі бір жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның үстіне кәсіпорын қоршаған ортаға келтірген материалдық залалдың орнын толтыруы тиіс. Сондықтан заң бұзу өзіңе қымбатқа түседі. Ал бекітілген норманы көбейту тек оған негіз болған кезде ғана мүмкін. Не жаңа өндірісті іске қосу керек, не технологиялық регламентті өзгерту қажет, бұл экологтар тарапынан берілген оң қорытындыны талап етеді. Сондықтан мемлекеттік органдар ірі және шағын бизнеске қатал қарайды. Айта кеткім келеді, біздің кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау саласында жыл сайын көп жұмыс атқарады. Жыл сайын экологияға 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаймыз, ол нәтижесін беріп жатыр. Бүгінгі күні газ тазарту кешендері шаңды сүзіп алып, оны өндіріске қайтарады. Біз бүгінгі күні бағалы саналатын, сатуға болатын шикізатты жоғалтқымыз келмейді. Ал Павлодар облысының бюджетіне түскен салық түсімдері жөніндегі депутаттардың есебін тыңдау қандай ғанибет: "Ақсу ферроқорытпа зауытының эмиссия төлемдерінің азайғаны байқалады". Басында барлығы менен өндірісте ешқандай кедергі жоқ па деп сұрап жатты. Бірақ шындығына келгенде, бұл – экологиялық мәселелерге оң көзбен қараудың нәтижесі.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу