"Самғау" байқауында үздік шыққан тілшілер марапатталды

2046

Бас жүлде иегерін Наурыз мейрамында автокөлік күтіп тұр.

"Самғау" байқауында үздік шыққан тілшілер марапатталды

"Самғау" ұлттық байқауының өңірлік номинацияларында жеңімпаз атанған журналистер әлемнің 12 елін аралап, елімізде өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесін насихаттайтын болды.

Бүгін Астана қаласындағы орталық коммуникациялар қызметінде "Халық маркасы" тұтыну белгісіне ие болған Қазақстан брендтері тақырыбына арналған байқауда қара үзген БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімі өтті.

Байқаудың басты мақсаты – Қазақстан өндірушілерінің үздік және қолжетімді өнімдері туралы мәлімет беріп, отандық брендтер жайлы тақырыпты халыққа түсіндіріп таратуға және дамытуға үлес қосатын жұмыстарды анықтау.

"Халық маркасы" Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Римма Тәжібаева жиналғандарға шараға белсенді атсалысқандары үшін алғыс айтып, жеңімпаздар шоғыры "ЭКСПО-2017" көрмесі аясында "Халық маркасы" павильонымен бірге дүниежүзінің Ресей, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Украина, Тайланд, Египет, Қытай, Түркия, БАӘ, Үндістан, Белоруссия сынды мемлекеттерін аралайтынын мәлімдеді.

Байқаудың құрылтайшысы және ұйымдастырушысы Римма Тәжібаева аталған конкурстың отандық өндірушілердің беделін арттыру арқылы төл нарығымызды қалыптастыру және халық арасында отандық өнімді насихаттау үшін БАҚ өкілдерінің күшін біріктіруге қол жеткізгенін атап өтті.

"Біз қашаннан бері отандық өнімдердің шетелдікінен артық болмаса, бір де кем еместігін айтып келеміз. Бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда, сапасы мен пайдалы қасиеттері, дизайны жағынан айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Алайда, өз тауарларымыздың артықшылығын насихаттау жағы кемшін қалып келеді. Бұл байқауды ұйымдастырғанда да, осы олқылықтың орнын толтырып, журналистер қауымын жұмылдыруды көздедік. Біз сол міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймын. Яғни журналистер арасында қызығушылық толқынын тудыра алдық", – дейді ол.

Байқауда 200-ге жуық тілші бақ сынады. Олардың дені 18-29 жас аралығындағы жастар. Пайыздық тұрғыдан алғанда, қазақтілді ортаның, сондай-ақ, блогерлер мен интернет журналистерінің белсенділігі қатты байқалады. Ең көп бақ сынаған аймақтар деп, Астана мен Алматы қалаларын және Қарағанды облысын атауға болады.

Байқаудың негізгі бөлімі, дәлірек айтқанда, бұған дейін жарияланған баспасөз (газеттер, журналдар), радио, теледидар, интернет – БАҚ (оның ішінде, ақпарат агенттіктері), әлеуметтік медиа (блогерлер), шетелдік БАҚ номинацияларының иегерлерін анықтау және жеңімпазға арналған бас жүлде – автокөлікті табыстау рәсімі Наурыз мейрамын тойлау барысында Мәскеу қаласындағы Қазақстан павильонында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бұл орын Қазақстан Республикасына экспортты дамыту бойынша ашылған.

Баспасөз мәслихаты барысында қазіргі уақытта "Халық маркасы" Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" ЗТБ мен Қазақстан Республикасына экспортты дамыту жөніндегі Еуразиялық іскери одақ арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімшартқа отыру бойынша әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, 2017 жылдың 8 наурызында "Астана ЭКСПО-2017" көрмесі қарсаңында, Астана аумағында "Ұлы дала" Қазақстан тауарлары павильонының тұсауы кесілмек. Онда "Халық маркасы" сертификатына ие болған 100 үздік отандық брендтің өнімдері шетелдік туристер назарына ұсынылмақ.

"Самғау" ұлттық байқауы аясында шетелге сапарлайтын әріптестеріміздің тізімі:

Астана қаласы – "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің тілшісі Арнұр Асқаров (Грузия) пен Bag.kz порталының журналисті Дәулет Жиенқұлов (Біріккен Араб Әмірліктері).

Алматы қаласы – блогер Вера Ляховская (Қытай) мен "Nur.kz" порталының шығарушы редакторы Ақырыс Сейітқазы (Үндістан).

Ақмола облысы – "Қазақстан" РТРК Ақмола облыстық филиалы, Қазақстан-Көкшетау телеарнасының жүргізуші-редакторы Раушан Сайлауқызы (Ресей Федерациясы).

Алматы облысы – "Bnews.kz" ақпарат агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Хасан Еспанов (Әзірбайжан).

Қарағанды облысы – Қарағанды облыстық "Орталық Қазақстан" газетінің редакциясы жауапты хатшысының орынбасары Нұрқанат Қанафин (Украина).

Маңғыстау облысы – "Маңғыстау" газетінің тілшісі Валентина Қозыбақова (Түркия).

Жамбыл облысы – "Shyraiber.kz" ақпарат агенттігінің бас редакторы Айшат Жуасбаева (Белоруссия).

Оңтүстік Қазақстан облысы – Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси "Оңтүстік Қазақстан" газетінің тілшісі Жәмила Мамырәлі (Армения).

Солтүстiк Қазақстан облысы – "Неделя СК" облыстық апталық жарнамалық-ақпараттық газетінің шолушысы, "Информбюро" ақпарат агенттігінің СҚО бойынша тілшісі Алена Любушак (Тайланд).

Шығыс Қазақстан облысы – Қазақ радиосының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Дәулет Абылқасымов (Мысыр).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу