"Самұрық-Қазына" қаржыны шетелдік жобаларға құймақ

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2392

Ұлттық әл-ауқат қорының сыртқы қарызы 16,2 млрд долларға тең.

"Самұрық-Қазына" қаржыны шетелдік жобаларға құймақ

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ-ның экономика және қаржы жөніндегі тең басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, 2018 жылдың басында компанияның сыртқы қарызы 18,5 млрд долларды құраған. Қазір бұл көрсеткіш 16,2 млрд долларға тең. Биыл қарыз көлемі 2,3 млрд долларға азайған.

Сыртқы қарыздың көп бөлігі, яғни шамамен 70%-ы "ҚазМұнайГазға", шамамен 20%-ы "Қазақстан Темір жолына" тиесілі екен. Қалған 10%-ы "Самұрық Энерго" мен басқа да компаниялардың үлесінде.

"Мақсатымыз – сыртқы қарызды азайту, қаржылық тұрақтылықты арттыру және компаниялардың бағасын көбейту. Бар күшімізді осы мәселелерді шешуге жұмылдырудамыз", – деді Ернар Жанәділ "Үкімет үйінде" өткен брифингте.

Қор өкілінің айтуынша, "Самұрық-Қазына" қаржылық тұрақтылықты нығайту мақсатында халықаралық банктерден алған 900 млн АҚШ доллары көлеміндегі сыртқы қарызын уақытынан бұрын жапқан. Негізі бұл қарыздар 2020 жылға дейін өтелуі керек еді. Бұдан бөлек, "ҚазМұнайГаз" 1,6 млрд АҚШ доллары көлеміндегі халықаралық облигацияларын өтеген. Сондай-ақ "Самұрық-Энерго" 39 млрд теңге көлеміндегі қарыздан мерзімінен бұрын құтылған екен.

"Осының барлығы "Самұрық-Қазына" қорының қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етті. Бұл ретте қор екінші деңгейлі банктерден бұғатталған депозиттерін кері қайтарып алды. Нақтырақ айтсақ, "Қазкоммерцбанктен" 117 млрд теңге алынды. Сонымен қатар екінші бір банкпен шектік келісім жасалды. Аталған шектік келісім шеңберінде қосымша 220 млрд теңге қайтарылмақ. Бұл қаржы қордың еншілес компанияларын қаржыландыруға жұмсалады", – деді ол.

Атап айтқанда, "Самұрық-Қазына" екінші деңгейлі банктерден қайтарылған қаржының 75 млрд теңгесін "Қазақстан темір жолына", тағы 75 млрд теңгесін "Қазақтелекомға" және 200 млн АҚШ долларын "ҚазАтомӨнеркәсіпке" төмен пайыздық мөлшерлемемен қарызға бермек.

Ернар Жанәділдің айтуынша, "Самұрық-Қазынаға" қарасты 12 ірі компанияның 2018 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі қызметтен түскен табысы 3,339 трлн теңгені құраған. Көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен. Ал операциялық табыс 428 млрд теңгеге тең болды. Аталған көрсеткіш былтырғы деңгейден 43,1%-ға көп.

"Бұған мұнай өңдеу көрсеткішінің 13%-ға, электр энергиясын өндірудің 28%-ға және темір жолдағы жүк айналымының 9%-ға артуы нәтижесінде қол жеткіздік", – дейді Ернар Жанәділ.

Оның сөзінше, осы жылдың басында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының жұмысында бірқатар өзгеріс орын алған. 

"Мәселен, қаңтар айында қордың жаңа құрылымы бекітілді. Оның негізінде компанияның топ-менеджерлері мен департаменттерінің саны едәуір қысқарды. Ал одан кейін сатып алулар жүйесіне өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтсақ, бәсекелестік ортаға, яғни шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты тендерлердің саны көбейтілді. Сәуір айында қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мемлекет басшысына компанияның алдағы 10 жылға арналған жаңа даму стратегиясын таныстырды. Осы өзгерістер өз нәтиже көрсетті", – деді Ернар Жанәділ.

"Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ стратегиялық даму жөніндегі басқарушы директоры Балжит Каур Гревал Джасвант Сингхтың сөзінше, қор 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясы аясында еншілес компаниялардың санын 359-дан 312-ге дейін қысқартқан. Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта қордың 15 активін 28,5 млрд теңгеге сатқан.

"Екінші жартыжылдықта қорға қарасты "Қазақтелеком", "ҚазАтомӨнеркәсіп" және Air Astana компанияларын ІРО-ға шығарамыз. Олардың акциялары халықаралық қаржы орталықтарының бірінің алаңында орналастырылады. Әзірше бұл жағын нақты ашып айта алмаймыз", – деді abctv.kz тілшісінің сауалына жауап берген Балжит Каур Гревал Джасвант Сингх.

Оның айтуынша, жаңа даму стратегиясына сәйкес, "Самұрық-Қазына" қоры шетелдік жобаларға қаржы құймақ. Бұл Қазақстан мен оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін қажет, дейді компания өкілі.

"Қордың міндеті – әл-ауқатты жақсарту. Жаңа стратегияға сәйкес, қордың арқалаған жүгі екі еселенбек. Біріншіден, "Самұрық-Қазына" Қазақстанның әл-ауқатын жақсартуға тиіс. Екіншіден, келешек ұрпаққа да дәулет қалдыруы керек. Сондықтан біз шетелдік жобаларға инвестиция құятын боламыз. Жобалар Қазақстанның өнеркәсіп салаларымен қатысты болмақ", – деді ол.

Балжит Каур Гревал Джасвант Сингхтың айтуынша, қор Қазақстанға шетелден де инвестиция тартпақ. Яғни, теңгерімді барынша сақтауға тырысады. Мұндай жұмыстар алдағы бірнеше жыл бойы жалғасады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу