"Селтик" сүмірейтті...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1751

Елорда клубы Чемпиондар лигасының плей-офф сатысындағы бірінші ойынын Глазгода өткізіп, "Селтиктен" 0:5 есебімен ойсырай ұтылды.

"Селтик" сүмірейтті... Фото: UEFA.com

Негізі, "Астана" ойынды тәп-тәуір бастаған. 31 минут бойы "Селтикке" дес бермей, тіпті жиі шабуылдап, алаң иелерінің қақпасын нысанаға алып та көрді. Алайда 32 минутта алға ентелеген Рогичті қорғаушылардың ешқайсысы тоқтатпады. Бір-біріне сеніп қалды ма, тіпті шалып жықпады да...

Қақпашы Мокин де оған тосқауыл бола алмады. Рогичтің көлбеулете тепкен добын қорғаушы Постников кері қайтармақ болып, өз қақпамызға дөп түсірді. Осыдан кейін "Астананың" кежегесі кейін тартып, ойыны үйлеспей қойды.

Көп ұзамай екінші гол соғылды. Синклер қорғаушылардан сытылып кетіп, қақпаға қарай құстай ұшты. Бір қорғаушымыз ізіне түсіп, ту сыртынан оңға қарай ығысуға мәжбүр еткен. Алайда Мокин алға қарай бір адым аттап баспай, Синклердің соққысын тойтара алмады. Бұл гол "Селтиктің" ойыншыларын мүлде жігерлендіріп жіберді.

"Екінші таймда мұқият ойнап, бір гол соғып алса..." деген үмітімізді "Селтик" 60-минутта үрлеп өшірді. Айылдарын тартпай, "Астананы" қыспаққа ала түсіп, тағы бір гол соқты. Әрі орталық қорғаушымыз Юрий Логвиненко жарақат алып қалды. Өкініштісі, осы голдан кейін "Астана" ойыншыларының еңселері түсіп кетті. Әрі ойындары мүлде қожырай бастады.

Ал "Селтик" тізгін тартпады. Шабуылды үдете түсті. Олар "Астананың" қорғанысын тесіп те, кесіп те өтер пастарымен бұзды. Допты қолмен қойғандай етіп, қорғаушылардың арасымен бір-біріне бере қояды. Алғы шептегі қонақтардың қорғаушылармен қатар (бір сызықтың бойында) тұрған футболшылары біздің қорғаушылар бұрылып, жан-жақтарына қарағанша, қақпаны нысанаға алып үлгереді.

Ал қақпашы бірде-бір соққыны тойтара алмады. Допты аяғының астынан да, қолының ұшынан да, тіпті екі аяқтың арасынан да жіберді. "Селтик" болса, "Астана" қақпасына бар болғаны үш-ақ тура соққы бағыттады. Бірақ бес гол соқты? Қалай дерсіз?! Өйткені екі доп қорғаушыларға тиіп, бағытын күрт өзгертіп, қақпа ішінен бір-ақ шықты...

Соңғы голды тағы да өзіміздің қорғаушылар соғып берді. Бұл жолы Шитов жаза басты. Төрт гол сол қапталдан соғылды. Осы қанаттағы қорғаушымыз да, орталық қорғаушыларымыз да алаң иелерінің ұстараның жүзіндей лыпылдаған ойыншыларына ие бола алмай қалды.

Жалпы, бұл ойында Станимир Стойлов қақпаға Александр Мокинді қойып жаза басқандай. 2013 жылы 28 тамыз күні Қарағандының "Шахтері" дәл осы "Селтик-Парк" стадионында алаң иелерінен 0:3 есебімен ұтылғанда, кеншілер клубының қақпасын Мокин қорғаған еді. Бұл жолы өз қақпасынан бес рет доп қармады. Ал былтыр Ненад Эрич Глазгода екі голды да тек пенальтиден жіберген...

Енді, бір аптадан кейін елордада қарымта матч өтеді. Бірақ "Астана" "Селтиктің" қақпасына 5-6 гол соға ала ма? Әйтсе де, өз алаңында жеңіп, жартылай болсын, есесін қайтарса да, жақсы болар еді. Сонымен, биыл да Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу мүмкін болмай тұрғандай...    

"Селтик" (Шотландия) – "Астана" (Қазақстан) – 5:0 (2:0)

Голдар: Постников, 32-автогол. Синклер, 42. Синклер, 60. Форрест, 79. Шитов, 88-автогол.

Ескертулер: Браун, 42. Тирни, 49 – Постников, 6. Логвиненко, 63. Шитов, 69.

"Селтик": Гордон, Тирни, Шимунович, Биттон, Лустиг, Нчам, Браун, Синклер, Рогич (Макгрегор, 63), Форрест (Армстронг, 82), Гриффитс.

"Астана": Мокин, Шомко, Логвиненко (Бейсебеков, 66), Постников, Шитов, Маевский, Кляйнхайслер, Мұжықов (Граховац 82), Томасов (Муртазаев, 77), Твумаси, Кабананга.

Төрешілер: Хацеган, Шовре, Георге (бәрі де – Румыния)

16 тамыз. Глазго. "Селтик Парк".

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу