"Тағдырыма ризамын"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3179

Халық кейде спортшыларды "қатты құшақтап", "тұншықтырып" алғанын байқамай қалады.  

"Тағдырыма ризамын"

60-шы жылдары әлемдегі ең мықты желаяқтардың бірі болған, 8 рет КСРО, 14 рет КСРО Қарулы күштерінің чемпионы атанған, 6 рет КСРО рекордын жаңартқан және Еуропа кубогын иеленген саңлақ спортшы Әмин Тұяқов  abctv.kz-ке арнайы сұхбат берді.

- Әмин аға, Үкіметте өткен жиналыста спорт туралы заң қабылданып, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бізге аса таныс емес спорт түрлерін дамыту мәселесін көтерді. Бұған не дейсіз?

 - "Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену" керек. Осы тұрғыдан алғанда бұл – орынды ұсыныс, тың бастама деп ойлаймын. Бізде спорттың жаңа түрінен емес, мәселе жаттықтырушыдан туады. Біздің елде ғана емес, әлем бойынша мықты маман, жақсы жаттықтырушы тапшы. Бұрын спорт мамандарын дайындайтын арнайы спорт институты болды. Кейін ол академияға айналды. Оқытушылар қолы бос кезде бапкерлікпен айналысатын. Осы саланың басы-қасында жүрген мамандар Мәскеуге барып, кәсіби біліктілігін арттырып келетін. Казір бапкерлердің  біліктілігі деген мәселе жайына қалды. Бізге шәкірт тәрбиелейтін адамдарды арнайы даярлайтын факультеттер немесе арнайы орталықтар  ашатын кез әлдеқашан келді. Мұндай орталықтар бізден басқа елдердің барлығында бар. КСРО мектебінен өткен мамандар  қартайды. Бізге бапкерлердің жаңа буыны қажет. Меніңше, жаттықтырушы-мамандарды "Болашақ" халықаралық бағдарламасымен оқыту керек.

- Сізге 1965 жылы КСРО мен АҚШ арасында "Марш гигантов" жарысында АҚШ желаяқтарын тұсаулағаныңыз  үшін "КСРО-ға еңбегі сіңген спорт қайраткері" деген атақ беріліпті. Осы турасында айтып беріңізші...

- Бұл – Олимпиада жеңімпаздарына берілетін атақ еді. КСРО біріншілігінде 200 метрлік қашықтықта КСРО-ның жаңа рекордын орнаттым. Ерекше атап көрсетерлігі, біріншілік Алматыдағы орталық стадионда өтті. Маған дейін өзімнің жаттықтырушым 1956 жылы 200 метрді 20,9  секундта бағындырған еді. Арада 9 жыл өткенде мен ұстазымның көрсеткішін 20.6 секундқа жаңарттым.   

- "70-ші  жылдары  кеңес  спорты тоқырауға ұшырай бастады" деген әңгіме қаншалықты рас?   

- Мұны ар жағынан таратып айтайын. Елімізге соғыс жылдарында Мәскеуден, Ленинградтан спортшылар келді. Матушак  Петр Филипович сынды кәсіпқой, тәжірибелі мамандар методикалық сабақтар берді, бапкерлікпен айналысты. Соның нәтижесінде Дене  тәрбиесі институты жақсы спортшыларды тәрбиелеп шығарды. 1960 жылдары қазақ спортшылары керемет нәтижелерге қол жеткізді. 60-шы жылдардың соңында кеңес үкіметінің спортшылары халықаралық жарыстарда шетінен ұтыла бастады. Мұның да себебі бар. Еуропа елдері өздерімен қоса, Азия елдеріне қаржылай көмектесті. Нәтижесінде әлемдік жарыстарда бақ сынайтын бәсекелестер көбейді. 1970 жылдардың бас кезінде Совет спортын сапалық жағынан көтеру керек деген ұсыныс айтылды. Сол кезде әрбір республика орталығы, тіпті әрбір облыс, аудан орталықтарынан  спорт  мектептері, интернаттар ашу бастамасы көтерілді. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернат сол кезде ашылды. Мамандар талантты балаларды қолдарына шырақ алып жүріп іздеді. Интернат түлектері елдің барлық аймақтарынан алдырылды. Спортқа бейімі бар балалар жан-жақтан келді. Интернат түлектері  арасынан КСРО құрама командасы қатарын толықтырған азаматтар болды. Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина сол мектеп-интернаттың түлегі. 1991 жылы бас бапкер болып келген кезде Азия біріншілігінде үшінші  орын алған. Ара-тұра жаттығуға келмейтінді шығарды. Кейін оның бағына Владимир және Любовь Микитенколар тап болды. Осылардың қолына түскен соң ғана ширыға бастады.  Құдайдың берген жылдамдығы мен ширақтығы, өжеттігі бар. Микитенколар Ольганың бағын ашты. 

- Қалай ойлайсыз, болашақ чемпиондарды даярлау үшін тағы да қолымызға шырақ алып, ауылдарды аралау қажет пе?

- Бұл – күрделі мәселе. Біз "мықты спортшылар ауылдан шығады" деп өзімізді  өзіміз алдаймыз. Ауылдан қалай шығады, егер жаттықтықтырушысы, жаттығатын жері болмаса. 1990 жылдары дене тәрбиесі инситутының түлектері күнкөріс қамымен жан-жаққа кетті. Қазір мектептерде  дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері балалардың қолына доп беріп, өздері жеке шаруаларымен айналысқысы келіп тұрады. Ауылдағы спорт  мектептерінің түрі анау. Осылай бола тұра, таланттарды ауылдан іздейміз. Осыдан біраз бұрын бір сенатор "Аға, мен сізге қаржы жағынан  көмектесейін, бес-алты жылда олимпиада чемпионын дайындап шығуға  бола ма?" - деп сауал қойды. Мен күлдім де қойдым. Бес-алты жыл чемпион дайындауға аздық етеді. Спорттың кез келген түрінен чемпион шығару үшін кемінде 10-15 жыл керек. Баланы 10-12 жастан және бір мезгілде бес-алты баланы қатар дайындау керек.  Олар кем дегенде күніне 10-12 сағат дайындалуға тиіс. Бұлай болмаса дене бабынан айырылып калады. Іріктеліп шыққан балаларды қайта дайындау керек. Кез келген спорт түрінде, әсіресе бокста қыста жаттығу жасау өте маңызды. Ал бізде қалай? Бізде спорт мектептерінің басым көпшілігі жекешеленіп кеткен.

- Сонда чемпиондар қайдан, қалай шығып жатыр?

- Бізде чемпиондар спортшы мен жаттықтырушының жанкештілігінен шығып жатыр. Біз кезінде талантты балаларды табу үшін ауылды аралайтынбыз. Көзімізге түскендерді жүгіртіп, сыннан өткізетінбіз. Таланттыларын Алматыға әкеліп, ары қарай шыңдайтынбыз.  Бұл мәселе қазір де айтылып жүр.  Бірде Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түсті. Елбасы әңгіме кезінде "Әбеке, жеңіл атлетикада қара көздер қашан шығады?" деп сұрақ қойды. Мен "сол үшін жұмыс істеп жатырмыз" деп жауап бердім. Басқа не айтамын?!

- Бизнес пен спорттың әріптестігі көңіл көншіте ме?

- Қанат Исламды Қытайдан елге алдырып, халықаралық деңгейде өнер көрсетуіне жағдай жасаған кәсіпкер Бауыржан Оспановтың ісін үлкен ерлік деп білемін. Бұлай жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Жалпы, бізде кәсіпкер көп, Бауыржан жалғыз. Жақында Олимпиадалық комитет өзінің 25 жылдығын атап өтеді. Сонда біраз мәселе қаралады деп үміттенемін. Қазір аз да болса қозғалыс бар. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жеңіл атлеттер үшін манеж салып берді. Бұл әзірге жалғыз манеж. Шымкентте де біраз жұмыс атқарылып жатыр. Мен туған өлкеде Әмин Тұяқов атындағы спорт стадионы бар.

- Жақында ресейлік басылымдардың бірінен "олимпиада чемпиондарын дайындаған кезде жаттықтырушыларды деңгейіне  қарай  кезең-кезеңімен ауыстырып тұру керек" деген пікір оқыдым. Бұл қалай? Бақтияр Артаев пен  Серік Сәпиев бала кезден бір бапкерден тәлім алып, олимп шыңын бағындырмап па еді?

- Жаттықтырушының тәсілі математикалық формула тәрізді. Мысалы  математика пәнінен 1 сыныпқа сабақ беретін мұғалімді 11 сыныптың дәрісіне жібермейді ғой. Жаттығу да солай. Бізде жаттықтырушылардың біразы жақсы бала тауып алады да, соны дайындауға кіріседі. Бала есейеді, оның талабы өзгереді. Бірақ бұл жаттықтырушы үшін маңызды емес. Оған ақша алып отырған баладан айырылмау маңыздырақ. Мысалы Қытайда бала 1-7 сынып арасында осыған деңгейлес жаттықтырушының тәрбиесінде болады. 7-ші   сыныптан кейін басқа топқа өтеді. Жаттықтырушы да ауысады. Жаттығудың методикасы мен жүйесі болу керек. Мысалы  зілтемір көтеретін спортшыға жаттығу жасау керек дейік. Жаттығу оның қолына керек де, әлде аяғына немесе мойнына қажет пе? Бізде "балуанға оңы мен солы бірдей" деген түсінікке салып, жоғарыдағының бәріне көз жұма қарайды.

-  Қазақстанда спорттық медицина бар ма?

- Спорттық медицина мен спорт екеуі қатар жүруі керек.  Мұны спорт тілінде медициналық жаттықтырушы деп те атайды. Болашақ чемпионның ағзасындағы әрбір өзгеріс медициналық  бапкерінің назарында болуға тиіс. Чемпионның спорттағы ғұмыры оның медициналық бапкеріне тікелей байланысты.

- Қанат Ислам бір сұхбатында "Қытайда олимпиада чемпиондарының ас мәзірін оның медициналық бапкері бекітеді. Олар әр апта сайын қан талдамасын тапсырып, ас мәзірін  соған қарап жаңартып отырады" деген еді. Бізде чемпиондар 30 жасқа жақындаса қартайғандардың қатарына қоса салады. Ал 40 жастағы спортшыларды ешкім елемейді. Неге?

- Қытайда чемпиондарды дайындау үрдісі жақсы жолға қойылған. Спорт интернаттарында бала үй бетін көрмейді. Бір нәрсені бүлдіріп қойса, қатардан шығып қалады. Чемпиондардың спорттағы ғұмыры ғана емес, спорттан кейінгі өмірі де бір жүйеге түсіріліп қойылған. Сіз айтқан жайт біздің де басымыздан өткен. 30 жаста "зейнетке" кетіп, қалған  өмірімізді Аллаға аманаттап қойған кездеріміз де болған. 

 - Үлкен спорттан кейінгі өміріңіз қалай өрбіді?

- Бұл – өте күрделі мәселе.  Мұны психологиялық драма деуге де болады. Чемпион болып жүріп, бір сәтте жұрттың назарынан тыс қалу өте қиын. Бұл да өтті басымыздан. Менің жолымда жақсы адамдар кездесті. "Тұяқов жұмыссыз жүр" деген сөзді естіген жақсы азаматтардың  бірі сол кезде жаңадан ашылып жатқан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп интернатты басқаруды ұсынды. Сонда 20 жылдай жұмыс істедім. Одан ары қарай кедергілер көп болды. Бірақ тағдырыма ризамын. Спортты қойған соң жар құшып, бала сүйдім. Үлкен спортпен қоштасқаннан  кейін сен суға лақтырылғанмен бірдей боласың.  Етің тірі болса жүзіп шығасың, не батып кетесің. Екінің бірі болады. Жалпы, бұрынғы спортшылардың ішінде Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Қонақбаевтың тұрмысы тәуір. Бірінің бизнесі, екіншісінің қоғамда өз орны бар.   

- Спорт пен саясатты байланыстырғандар туралы не айтасыз?

- 1960 жылдары Англияға бардық. КСРО мен Англия жолдастық кездесу өткізді. Сол жолы Англияны ұттық.  Жарыстан кейін сол елдегі КСРО елшісі А. Виноградов бізге банкет ұйымдастырып берді. Оның "жігіттер, сендер үш күнге келдіңдер. Менің елші болып жүргеніме 5 жылдан асты. Сендер үш күнде мен бес жылда істей алмаған ұлы іс тындырдыңдар. Сендердің арқаларыңда мұндағы ел Кеңес одағының күшті ел екенін мойындады", - деді. Осы тұрғыдан алғанда спорт - саясат. Бірақ барлық спортшы саясаткер бола бермейді. Үлкен саясаткер болу үшін көп білу, көп оқу керек. Мысалы ресейлік палуан Карелин кезінде депутат болды. Жұртқа жағымды сипаттарымен танылды. Ол мықты спортшы. Бірақ оған саясат қалай әсер еткенін мен білмеймін. Саясат – өте лас, оның ортасында жүріп, өзін  сақтап қалу екінің бірінің қолынан келмейді.          

- КСРО кезінде чемпион болған Әбілсейіт Айханов соққыға жығылды,  Әбдісалан Нұрмахановты өлтіріп кетті. Бірақ кінәлілер табылған жоқ.  Неге?   

- Біз  білмейтін жайттар көп қой. "Қылмыс неге ашылмады?"  деген мәселеге келер болсақ, олардың артында біреулер тұр ғой. Қажеттілік болса, бұл қылмыстар ашылар еді ғой. Мұның сырын білетін  адамдар бар. Мысалы шымкенттік Мардан Сапарбаевты да өлтіріп кетті. Оның өлімінің себебін білетін адамдар біздің арамызда жүруі әбден мүмкін.  

- 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Серік Шәмілов өзі өзіне қол жұмсады деген сөз бар. Сіз онымен жақын араласып па едіңіз?

- Иә, сәлеміміз түзу болатын. Кезінде атақ-даңққа бөленді. Кейін бапкерлікке ауысты. Асылып өлді ғой. "Бүйткен өмірі құрысын"  деген шығар.   

-  1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқылдаған Серік Қонақбаевқа қатысты небір әңгімелер айтылады. Осыған қатысты қандай пікіріңіз бар?  

- Серікке қатысты айтарым: жеңілген Серік емес, оның айналасындағылар. Себебі Олимпиада жеңісі мыңнан бір мезет секілді. Додаға түсер баланы қолпаштамау керек. Ол жарысқа психологиялық жағынан тас-түйін болып баруға тиіс. Мысалы Жақсылық Үшкемпіров солай дайындалды. Рас, оған көп кедергі келтірілді. Дәл сол уақытта Одақтың күрес федерациясында Анатолий Колесов болмаса, Қазақстанның басшылығында  Дінмұхаммед Қонаев отырмаса, Жақсылық 1980 жылғы Олимпиадаға қатыса алмас еді. Ал Айханов пен Нұрмахановтың шеттетілгені рас. "Олар жай жарысқа қатысты. Үлкен жарыстарда ұтқан жоқ"  деген сылтау айтылды.

- Сізге тосқауыл қойылды ма?

- Әбдісалан мен Әбілсейітка қарағанда менің жолым жеңіл болды. Бокста, күресте ұпайыңды есептемей қоюдың миллион әдісі бар. Ал жеңіл атлетиканың жөні бөлек. Жұрттан бұрын келсең, саған ешкім, ештеңе істей алмайды. Моральдық, психологиялық қысым болды. Үлкен жарыстардың арасында 3-4 рет жиын өтеді. Соған қатысатындардың тізімінен алып тастайды. Бұдан бөлек "сен ұта алмайсың, пәленше сенен мықты, онымен теңесемін деген қиялыңа да кіріп шықпасын", - деп дайындық кезінде жүйкеңді жұқартады. Осындайды көргенім болмаса, қатты шетқақпай көрген жоқпын.

- Спортшылар үшін психологиялық дайындық соншалықты маңызды ма?  

- Маңызды. Мысалы баяғы заманда біздің батырларымыз жауға шапқанда қаны қызып, рухтанып кететін. Психологиялық дайындық та соның бір түрі. Кез келген жарысқа "не бел, не белбеу кетеді" деп бару керек.

-  Енді 1990 жылдардан бері қарай жылжиықшы. Сіздерді  тәуелсіз Қазақстан қалай  қабылдады. Ұмытылып, ескерусіз қалған жоқсыздар ма?

-  Ұмытылған, ескерусіз қалған сәттер болды. 1990 жылдардың бас кезінде үйге  Бауыржан Омаров, Әміржан Қосанов және Қыдырбек Рысбеков келіп, Қажымұқан атындағы қор ашып жатқандарын, соған менің кейіпкер болуымды сұрады.  Соңында  ашты, мен кейіпкер болдым. Қажекеңнің әруағы мені елімнің есіне салды. Содан бастап әрбір мерекелік шаралардан қалған емеспін. Елбасының қабылдауында   болдым. Қолынан мемлекеттік награда алдым.  

- Қазір Олимпиада чемпиондарын ерекше салтанатпен қарсы алады ғой, сіздердің кездеріңізде қалай еді?

- Біз кезінде елге келгенде ауылға баратын көлік таппай, бензовозбен барғанбыз. Мен спортшы болып жүргенде елмен кездесу деген атымен болған жоқ. Әрине елдің құрметі мен қошеметіне, ықыласы мен құшағына ешнәрсе жетпейді. Алайда халық кейде спортшыларды "қатты құшақтап", тұншықтырып алғанын байқамай қалады.

- Бізде чемпиондарға құрмет көрсету бәсекеге айналып кетті деп ойламайсыз ба?

- Түркістанның 1500 жылдығын тойлауға бардық. Қайтар жолда Домалақ ананың басына соқтық. Делегация құрамында марқұм Бекзат Саттарханов та болды. Байқасам, Бекзат бұрынғы бала емес, өзгерген. Себебі бірі "балам саған ұқсасын"  деп бөпесінің аузына түкіртеді, бірі тойға шақырады, бірі ат мінгізіп, бірі шапан жабады. Жиырма жастағы балады қандай ес бар.  "Балам,есіңді жи, әлі алда екі олимпиада бар"  деп ақыл айтатын адам табылмады қасынан. Шерхан Әмірбеков деген шымкенттік жолдасым бар еді. Соған қарап: "Әй, Шертай, мына баланы сақтай алмай қалыпсындар ғой, бүлдіріпсіндер ғой" - дедім. Ол "Әбеке, бәрі бақылауда, уайымдамаңыз" деді. Соңы не болды? Сақтай алмадық. Сондай жайтты Мұстафа Өзтүрік те бастан кешірді. 1993 жылы Қажымұқан қорын ашқан кезде Мұстафаны да шақырған. Кешке келіп, сөз алды. Сол кезде байқағаным, Мұстафаны қолдаушылар көп екен. Ақындар жыр арнады. Қатты мақтап, қыдыртып жіберді. Арақ ішуді үйретті. Бұрын ішпеген адамның ағзасы араққа тез уланады гой... Мұстафаға ешкім у берген жоқ, себебі ол Батыстың  өмір салтынан жаңылып қалды. Батыста кешкен өмірі бөлек болды. Елдегі өмірі бөлек болды. Біз Бекзатты да, Өзтүрікті  де құшағымызда қысып, тұншықтырып, айырылып калдық.   

- Бексейіт Түлкиев те қандықол қарақшының қолынан қаза болды ғой...      

 - Бексейіттей  мәдениетті, бекзат жігітті көрген жоқпын. Бұл жерде менің ақылыма қонбайтын жайттар бар. Ақшасы да, дүниесі де бар еді. Мұстафа өз мектебін ашып кетті. Ал Бексейіттің өмірден кеткені өкінішті.    

- Аға, сіздің БҰҰ мінберінде сөйлеген жалғыз қазақ спортшысы екеніңіз рас па?

 - Жоқ, бұл асырылып айтылған сөз. Мен  БҰҰ- да сөз сөйлеген жоқпын. Жолым  түсіп, АҚШ-қа, Нью-Йоркке бардық.  Сонда БҰҰ  ғимаратына барып, Никита Хрушевтің бәтеңкемен столды тоқпақтайтын орындығына отырып, суретке түстік. Кейін ол суретті жоғалтып алдым. 

- Бұрынғы спортшылар бір-бірін демеп, сүйеп жүру керек екенін жақсы білесіз. Сіздердің бастарыңызды біріктіретін қаууымдастық немесе ұйым бар ма?

-  "Ардагер спортшылар" деген қоғамдық ұйым құрмақшы болғанбыз, бірақ ойымыз аяқсыз қалды. Енді бізден жас әрі қалталы жігіттер кіріспесе, 80 жасқа келгенде біз не бітіреміз?! Қазір өз арамызда оншақты адамнан құрылған топ бар. Қайғы-қуанышымызда  бас қосып, көмектесіп, араласып тұрамыз.

- Қазіргі жағдайыңызға көңіліңіз тола ма?

- Кезінде жақсы адамдардың шарапатын көп көрдім. Қазақтың белгілі азаматтары Қаратай Тұрысов, Нұрлан Балғымбаев көмек қолын созды. Орта жолда "батып кетпеуімді" қадағалады. Ал қазір балаларым азамат болды. Тағдырыма ризамын.

- Әңгімеңізге рахмет

Әңгімелескен Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу