Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов Усейн Болтпен жарысса...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
7201

Осыдан екі күн бұрын қазақтың желмен жарысқан жүйрігі Әмин Тұяқов ағамыз 80-нің сеңгіріне шықты. Марқұм Ғұсман Қосанов екеуі (25.05.1935 – 13.06.1990 жж.) 60-жылдары КСРО құрамасының сапында бірге жүгірген. Бүгін осы екі ағамыздың 100 метрді жүйткіп өткен жылдамдықтарына көз жүгіртсек...

Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқов Усейн Болтпен жарысса... Фото: alashainasy.kz

Рекордтар мен "Найзағайлар"

Жеңіл атлетика спорт жарыстары ішінде "Спорт Падишасы" атанады. Ал осы спорт түріндегі 100 метрлік бәйгенің мәртебесі өзгелерінен сәл де болса жоғары десек, асыра сілтегендігіміз бола қоймас. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарындағы ең қысқа қашықтықтарда топ жарған дүлдүлдерді бүкіл әлем таниды.

Ал егер олар осы 100 метрлік қашықтықты бір таңбалы сан ішінде жүгіріп өтсе, яғни 10 секундқа жеткізбей еңсерсе, онда спорттың дәл осы түрінде олардан артық жұлдыз болмайды...

Әлемде 100 метрлік қашықтықты ХХІ ғасырда 10 секундқа жеткізбей жүгіріп өткен желаяқтар саны, бар болғаны – 117 ғана. Қазіргі әлем рекорды – 9,58 (негізі – 9,578) секунд. Оны 2009 жылы 16 тамызда, Берлинде Ямайка дүлдүлі Усейн Болт орнатқан. 100 метрді бір деммен ағып өтетін жылдамдығына тәнті болғандар оны "Найзағай" (Lightning) деп те атайды.

Адамдарды түр-түсіне қарап бөлгендік емес, бірақ осы 100 метрлік қашықтықта қара нәсілді желаяқтар үстемдік құрып жүр. Әлгі 117 спортшының дені – солар.

Бір қызығы, неміс желаяғы Армин Хари 1960 жылғы Олимпиада ойындарында әлем рекордын жаңартып, тұңғыш рет 100 метрді тұп-тура 10 секундта (10,0) жүгіріп өткен...

Содан кейін қайтадан қара нәсілділер "үстемдік" құрды. Тек 2011 жылы француз Кристоф Леметр 100 метрді 10 секундқа жеткізбей еңсеріп, "Ақ Найзағай" атанды. Оның жеке рекорды – 9,92 секунд.

Ал "Азияның ақ найзағайы" – Қытай желаяғы Су Бинтянь. Ол 2015 жылы 100 метрлік қашықтықты 9,99 секундта жүгіріп өтіп, Азия және Қытай рекордын жаңартты.

Рекорд жайлы деректерімізді сабақтай түссек, дәл осы қашықтағы Қазақстан рекорды – 10,08 секунд (1,3 м/с жел бағытымен). Оны 1992 жылы 13 тамызда, Аустрияның Линц қаласында 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы Виталий Савин орнатқан.

Қазақта да жай оғындай жарқыраған жұлдыздар болған

Бірақ дәл осы қашықтықты сонау 60-жылдары қазақтың қос қыраны, аузымен құс тістеген саңлақтары марқұм Ғұсман Қосанов пен 12 ақпанда ғана 80-ге толған Әмин Тұяқов 10,2 секундта жүгіріп өткен.

Өздеріңіз білесіздер, Ғұсман Қосанов 1960 жылы Римде өткен ХVІІ Олимпиада ойындарының 4х100 эстафетасында КСРО құрамасының намысын қорғап, күміс медаль жеңіп алған. Тұңғыш рет Олимпиада ойындарында жүлде алған қазақ – осы Ғұсман ағамыз.

Ресми түрде тіркелген көрсеткіштеріне тоқталар болсақ, 100 метрді 10,2 секундта Ғұсман Қосанов 1962 жылы 22 қыркүйекте, ал Әмин Тұяқов 1965 жылы 17 қазанда жүгіріп өткен. Екеуінің де бұл көрсеткіштері Алматыда тіркелген.

Бірақ ол кез бен қазіргі уақытты салыстыруға бола ма? Шіркін, Ғұсман-аға мен Әмин-ағаны қазіргі жағдайда жүгіртіп көрер ме еді?! Қазіргідей спортшының жылдамдығына серпін қосып тұратын аяқ-киімдер мен қазіргі өте қолайлы жүгіру жолақтарын 60-жылдардағы жағдаймен салыстыруға келмейді ғой.

Қазір тіпті спортшылардың уақыты да бұрынғыдай қол хронометрімен емес, электронды хронометрмен есептеледі. Бүтін саннан кейінгі көрсеткіштері жүздікке дейін дөңгелетіледі (бұрын ондыққа дейін ғана).

Бұл жазғанымызды түсінікті болу үшін тараштап өтейік, жоғарыда Ғұсман-аға мен Әмин-аға 100 метрді 10,2 секунд ішінде жүгіріп өткен дедік. Егер қазіргідей, электронды секунд өлшеуішпен есептелсе, онда олардың уақыты екі түрлі болар еді. Мәселен – 10,16 және 10,17...

Сондай-ақ жеңіл атлеттердің бұрынғы және қазіргі жаттығу жұмысында айырмашылық жоқ емес. Заман үрдісіне сай дайындық әдістемелері де жыл өткен сайын жетіле түсті. Қазіргі спортшылар тіпті әртүрлі дәрумен мен биологиялық белсенді қоспа да қолданады.

Түйін

Егер Ғұсман және Әмин ағаларымыз қазір жүгіріп жүрсе, онда Олимпиада ойындарымен әлем чемпионаттарында Усейн Болтпен тайталасып жүрер де ме еді?! Көрсеткіштеріне қарасақ, тіпті финалда жүгіретін сегіз спортшының қатарына ілігіп, Ямайка желаяқтарымен иық қағыстырып жүруі әбден мүмкін сияқты.

Бұл – әрине, екі дәуірді салыстыра отырып, көз алдымызға елестету ғана. Ал нақты айтпағымыз, қазақта да "Найзағайлар" болған. Қолға алып, осы спорттың түріне де ерекше көңіл бөліп, ден қойып, жетілдіре түсер болсақ, әлі талай желаяқ шығар еді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу