Арыс – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Шағын шаһардағы халықаралық маңызы бар теміржолдың мүмкіндігін тиімді пайдалану мақсатында тәуелсіздік жылдары бірқатар ірі жоба қолға алынған болатын. Солардың бірі – "Жаңа Ақдала" агрофирмасы еді.
Дәлірек айтсақ, аталған агроқұрылым 2008 жылы іске қосылған-тын. Ә дегеннен, мұнда жаңа өнімдерді өсіруден соңғы өңдеуге дейінгі ауыл шаруашылығы технологияларын енгізу және аяқталған технологиялық циклді құру эксперименті сәтті жүргізілді. Сол жылы тамшылатып суару әдісімен 141 гектарға қызанақ егіліп, 800 тоннаға жуық көл-көсір өнім жиналған-тын.
2009 жылы егістік алқабы 1000 гектарға дейін ұлғайып, 700 га қызанақ егілсе, 150 га бақша дақылдары мен әртүрлі көкөніс дақылдары отырғызылды. Егістік алқабындағы мерзімді жұмыстарға 200-ге жуық жергілікті тұрғын тартылып, екі қолға бір күрек іздегендер қуанышқа кенелген еді. Тіпті, сол жылы мұнда "Жаңа Ақдала" агрофирмасы мен "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ мемлекеттік компаниясының бірлесуімен қызанақты өңдейтін зауыт салынып, оның жұмысымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та арнайы танысқан болатын.
Тәулігіне 600 тонна өнім шығарады деп күтілген зауытта алғашында 60 адам жұмысқа тартылған. Жобаға 4 жылда 2 млрд 687 млн. теңге инвестиция құйылады деп күтілген еді. Алайда, бұл арман іске аспай қалды. Себебі, алғашқы екі жылда екпінді жұмыс жасаған өндіріс орны үшінші жылы тоқырауға ұшырады. Бәрі алғашқы басшы Қайрат Тәжітаевтың басқа жұмысқа ауысуынан басталды. "Қойшы көп болса, қой арам өледінің" кейпін бастан кешкен агрофирмада небары бір-екі жылда 16 басшы қызмет етіпті. Бірінен соң бірі ауысқан басшылар істің берекесін кетіргенге ұқсайды. Тіпті, арасында бір күн ғана бастық қызметінде отырғандар да болыпты.
Кәсіпорынның егістік алқабы жыл санап қысқарып, өнім көлемі де артпай қойған. Мысалы, 2010 жылы 500 га алқаптан 32230 тонна қызанақ жиналған болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 5896 тоннаға дейін кеміген. Ол аз болғандай, томат зауытының жұмысы 2013 жылы толығымен тоқтап, өндіріс әбден тұралап қалады. Тұрақты жұмысшылар мезгілсіз еңбек демалысына жіберіледі.
2014 жылы мамыр айында Елбасы Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен келді. Оңтүстіктегі оңды істермен танысқан президент өзі лентасын қиып берген "Жаңа Ақдала" агрофирмасының тоқтап қалғанынан хабардар-тын. Елбасы облыстың сол кездегі басшысы Асқар Мырзахметовке томат зауытының жұмысын жандандыруды қадап тапсырған болатын. Алайда, екі жылдай қаңтарылып қалған зауытты қайта іске қосу оңайға түспепті. Төленбей қалған жалақы, су, электр қуаты мен салықты қоспағанда томат зауыты лизингке алған қондырғы мен техника үшін "ҚазАгроФинанс" акционерлік қоғамына 122 млн теңгеден астам берешегі болатын.
Одан бөлек, "Жаңа Ақдала" агрофирмасы Азық-түлік корпорациясына 1 млрд 237 млн теңге қарыз-тын. Ол аздай, "Жаңа Ақдала" агрофирмасында қос қожайын пайда болды. Оның бірі – "АгроИнвест KZT" ЖШС, ал екіншісі – "ЭкспАгро". Нақтырақ айтсақ, 2014 жылдың қаңтарында белгілі кәсіпкер Евгений Кузнецов томат зауытының тізгінін ұстап тұрған мекеменің бірі – "АгроИнвест KZT" ЖШС-ін сатып алады.
Жаңа қожайынға көктемгі егіс шараларын мерзімінде аяқтау міндеті жүктелді. Тым құрығанда, тұқым сатып алуға қажет ақшаны табу үшін қоймадағы өнімді сатайын десе, ол зауыттың екінші "қожайыны" "ЭкспАгроның" меншігі. Арадағы келісім бойынша, көктемгі дала жұмыстарына қажетті қаражатты "АгроИнвест KZT" шығаруы тиіс болатын. Алайда, онымен инвестор ретінде келісім жасауға ешкім асыққан жоқ. Ал уақыт зымырап өтіп жатты.
Тоқтап қалған зауытты қайта іске қосуға жергілікті билік әжептәуір талпынды. Инвесторларды іздестіріп, "ҚазАгроның" көмегімен 8 млн субсидия да алып берген. Нәтижесінде 2014 жылдың көктемінде агрофирманың егіс алқаптарындағы арық-атыздар тазартылып, тамшылатып суару жүйесі жаңартылады. 170 га алма бауы абаттандырылып, 3 га жерге жылыжай тәсілімен тұқым себіліп, 200 гектарға қызанақ отырғызылады. Бұл бағытта инвестор 106 млн теңге шығындаған. Түйін осымен шешілгендей болған.
Бірақ, артынша екі қожайынның арасындағы текетірес қайта өршиді. Көктемгі егіс науқаны аяқталғанда "ЭкспАгро" басшылығы зауытта тексеру ұйымдастырады. Ғалымжан Шерімқұловты қызметінен шеттетіп, орнына Қайрат Омашевты тағайындаған. Атқарылған шаруа мен жұмсалған қаражаттың шынайылығына шүбәланған ол қаржы полициясына 4 рет арызданыпты. Бірақ, бірнеше рет тексеру жүргізіп, қылмысы дәлелденбегесін, қозғалған іс тоқтатылған.
Бұрынғы инвесторлар тарапынан болған текетіресті басу жергілікті биліктің бас ауруына айналды. Төрт айлық қаржылық тексерістердің соңы қылмыстық іс қозғауға себепші болыпты. Қазіргі таңда агрофирманың ақшасын жымқырып, пайдаға белшеден батқысы келгендердің ісі сот қарауында жатыр екен. Бірнеше басшы уақытша қамау абақтысына жабылған.
16 басшының кезінде орын алған олқылықтарды тізіп жатуды жөн көрмедік. Бір білетініміз, облыс әкімдігі аукцион арқылы "Жаңа Ақдала" агрофирмасын саудаға қойған. Конкурстық негіздегі сауда Астана қаласында өткенін де айта кеткен жөн. Байқау қорытындысында жаңа инвестор ретінде "Югагрохолдинг" ЖШС-і таңдалыпты. Аталған серiктестiк 2016 жылдың наурыз айында 2 млрд 300 млн теңге инвестиция құйып, томат өңдеу зауытын қайта жандандырыпты.
"Агрофирманың бізге дейінгі қожайындары туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі, ол кездегі олқылықтарға біздің еш қатысымыз жоқ", – дейді зауыттың бүгінгі басшысы Ерлан Әжібеков.
Оның айтуынша, 16 басшы басқарған агрофирманың жұмысын жүйелеу оңайға соқпапты. Тіпті, техникалар мен зауыттың құрал-жабдықтары әбден жарамсыз күйге түскен. Ол аздай, 2700 гектарға жуық егістік алқаптың 1500 гектарын арамшөп басып кеткен. Арық-атыздар тазартылмаған соң, агрофирма басшылығы ағын су тапшылығына да тап болыпты.
"2016 жылдың көктемінде біз агрофирманың жұмысын жүйелендіру үшін 1 млн АҚШ долларына жуық инвестиция жұмсадық. Ең бірінші, томат зауытының құрылғыларын күрделі жөндеуден өткіздік. Италиялық құрал-жабдықтың өзін елге жеткізіп, оны орналастыру жұмысымызға қолбайлау болды. Төрт бірдей қызанақ теретін техникамыз істен шықты. Ағын су мәселесін оңтайлы шешу үшін 12 млн теңгеге каналдан су тартатын арық-атызды ретке келтірдік", – дейді Ерлан Сабандыұлы.
Агрофирманың жаңа қожайыны 2016 жылы 300 гектарға қызанақ, 170 гектарға бау егіпті. Күзгі науқан біте салысымен зауыт қондырғылары тазартылып, жұмысы тоқтатылған. Ендігі шаруа – алдағы көктемгі егістік жұмыстарына дайындық жүргізу.
Алдағы жылы өзімізге тиесілі 2747 гектарды толық игеру жоспарланып отыр. Көшет егу жұмыстары көктемнің алғашқы айларында жылыжайларда жалғасады. "Егер жұмыс жүйелі жүргізілсе, өнім артып, тек облыс аумағы емес, республика деңгейіндегі сұраныстарды қамтамасыз етуге мүмкіндік аламыз", – дейді "АгроФирма" "Жаңа Ақдала" ЖШС басшысы Ерлан Сабандыұлы.
Ендігі мәселе – агроқұрылымның жұмысын тұралатып алмау. Өйтпеген жағдайда, еліміздегі көкөніс кластерінің даму қарқыны бәсеңдеп, нарыққа төтеп беру қиындай түспек.
Ақжол Қараспан