Әкімдер жол жөндеуге емес, білімге басымдық беруі керек

"Білім сапасына облыс әкімі жауап берген кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз".  

Әкімдер жол жөндеуге емес, білімге басымдық беруі керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында "балалар тұратын жеріне және оқыту тіліне қарамастан сапалы білім алуға тиіс... Өйткені олар – мемлекетіміздің болашағы. Әкімдердің жұмысын осы критерий бойынша бағалайтын боламыз" деген еді.

Білім және ғылым министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі "ADAL BILIM" жобалық кеңсесінің басшысы, М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU Университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтің пікірінше, жоғары оқу орындарын облыс әкімдіктерінің қарамағына беру керек.

"Министр өңірлік ЖОО ректорларын тікелей бақылай алмайды. Олар да білім басқармасының басшылары сияқты әкімдердің ықпалында. Ал мемлекеттік университеттер негізінен аймақтарда орналасқан. Қазіргі уақытта бұл университеттер Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Ректорларды тағайындайтын да, толығымен бақылайтын да министр. Егер университеттер министрліктің қарамағынан алынып, облыс әкімдері мен жергілікті атқарушы органдарға берілсе жағдай жақсы жаққа қарай өзгереді. Мәселен, Германияда  оқу орындары орналасқан жеріне, яғни облысына бекітілген. Осылайша, жоғары оқу орны үшін жауапкершілік министрге емес, әкімге жүктеледі", – деді жекеменшік университеттің басқарма төрағасы.

Талғат Нәрікбаев  мәселенің шешімі ретінде әкімдерге өз өңіріндегі еңбек нарығының қажеттілігіне талдау жүргізіп, алынған деректерге сәйкес қажетті мамандарды оқытуды ұсынды.

"Қазақстанның барлық мектептері үшін Білім және ғылым министрлігі қалай жауап береді? Тіпті осы мақсатқа бюджеттен орасан зор қаражат бөлінгеннің өзінде, мектеп оқулықтарының бар-жоғына мониторинг жүргізу де тым күрделі міндет. Менің ойымша, өңірдегі білім сапасына облыс әкімі жауап берген кезде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Жол жөндегеннен гөрі әкімдердің басты міндеті  білім беру сапасын жақсарту болуы керек. Әкімнің білім бағытындағы қызметі мектептердің құрылысымен ғана шектелмеуге тиіс, ол басқа облыстармен бәсекелестік үшін, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартып, оқыту сапасын арттырып,  сондай-ақ мұғалімдерінің жалақысын көтеріп, барынша жағдай жасауға бағытталуы тиіс", – деді ол.

Айта кетсек, елімізде 7 мыңнан астам мектеп және 10 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қызмет етеді. Жаңа оқу жылында 3,3 млн оқушы тіркелген.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу