/img/tv.svg
RU KZ
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84 FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07 KASE 2 313,97 Бидай 465,40
$ 386.44 € 428.37 ₽ 6.06
Ауа райы:
-14Нур-Султан
+1Алматы
DOW J 26 430,37 РТС 1 225,84
FTSE 100 7 446,87 Hang Seng 30 066,07
KASE 2 313,97 Бидай 465,40

Баспана алу амалдары жайлы

Тұрғын үй алу үшін не істеу керек? 

15 Қазан 2019 12:18 6900

Баспана алу амалдары жайлы

Автор: Дәулет Төлеутайұлы

Сарапшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (ТҚЖБ) және басқа да әртүрлі ипотекалық бағдарламаларды салыстыра отырып, баспананы қай уақытта, қалай алуға болатындығын inbusiness.kz ақпараттық порталына берген сұхбатында сөз етті.

– Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Неліктен халық баспана алу туралы сізден кеңес сұрайды? Ондай ақпаратты банк қызметкерлерінен, интернеттегі ресми сайттардан да алуға болады емес пе?

– Бұл жайдан-жай емес. Өзім де бірсыпыра уақыт пәтер жалдап та, бөтен адамдармен бірлесіп те тұрдым. Осы 27 жасыма дейін 35 адаммен ортақ баспана жалдап тұрған екенмін. Далада да қондым. Риэлторға да алдандым. Үйсіз-күйсіз қазақтың күйін кешіп, Алматының «жетім бұрышын» бірнеше күн жағалаған кезім де болды. Мен бұл жағдайды әбден сезінгеннен кейін, осы мәселені өте жақсы білемін.

Баспана алу мақсатында 2014 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшот ашып, депозит жинай бастадым. Арада төрт жарым жыл өткенде алғашқы жарнаға жеткілікті қаражат та жиналды. Армандаған баспанама қол жеткізу үшін банкке барғанымда, «бағалау көрсеткіші», «тұрғын үй заемі», «аралық заем» деген терминдерге тап болдым. Банктен ипотека алу процестерін жан-тәніммен сезіндім. Келісімшартқа қол қойған кезде «шарттық сома» үйдің бағасымен тең болу керектігі тәрізді тетіктерді маған дұрыстап түсіндірмегеніне ашуым келгені бар. Мүмкін банк қызметкері толық ақпарат берген де болар, бірақ банкке барғанда адамдар көбінесе қобалжып, түсінбеген жерін анықтап сұрап алуға жүрексініп отырады. Банктің мысы басады.

Осының бәрі басымнан өткеннен кейін, 2019 жылы баспанаға қатысты жазбалар жаза бастадым. Ол кезде Instagram әлеуметтік желісінде 25 мың ғана оқырманым бар-тын. Оқырмандар бір-бірінен естіп көбейе бастады.

– Баспаналы болу үшін алдымен неден бастаған дұрыс? Мысалы, бір отбасы үлкен қалада пәтер жалдап тұрып жатыр делік. Табысы пәтер ақысы мен күнделікті шығынынан аспайды. Мойынында шағын кредиттері тағы бар. Сең қозғалуы үшін не істеу керек?

– Ең бастысы, адамның мақсаты, ниетінің дұрыс болуы. Мақсат – үй алу екенін адамдар жақсы түсінуге тиіс. Соған сай еңбек ету, әрекет ету маңызды. Көптеген адамдар есепшот ашады да, ақша жинамай жүре береді немесе «тойға, басқаға қажет» деп ақшасын қайта шешіп алады. Олай болмауы керек! Алғашқы мақсатыңыз үй екенін ұмытпаңыз! Тек қана үй! Үй, үй, тағы да үй!

Келісемін, Алматыдан, Нұр-Сұлтаннан пәтер алу үшін үлкен сома қажет. Бір бөлменің өзін алу үшін 10-12 млн теңге жинау керек. «Айлығыңыз шайлығыңыздан аспай отырса да, 5-10 мыңнан ақырындап жинай беріңіз» дер едім. Кішкене ақша жинақталса, адам басқаша ойлай бастайды. Жиналған ақшаны көбейту үшін қосымша табыс көздерін іздейді. Мен үнемі айтамын: бос жатпаңыз, бір жұмыс істесеңіз, екіншісін де істеңіз, екіншісі болса, үшінші табыс көзін табыңыз. Мен Instagram әлеуметтік желісінде постар жазып, адамдарға жеке кеңестер беріп, қосымша марафондар өткізіп тұрамын. Бұл да мен үшін қосымша табыс. Әйтпесе, негізгі жалақы алып отырған жерім тоғыз жылдан бері телевизия саласы. Сондықтан қайтсе де қосымша жұмыс табуыңыз қажет.

– Бүгінгі өзекті деген ипотекалық бағдарламаларды салыстырып берсеңіз. Ең тиімді ипотека қайсысы? Алушыларға қандай талап қойылады? Қай банктің талабы жеңілірек?

– Ең негізгі айтылатыны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, «7-20-25» және «Баспана хит». Әр банктің, әр бағдарламаның қоятын өз талаптары бар. Мысалы, «7-20-25» бойынша тек жаңа үй ғана алсаңыз, «Баспана хитте» қайталама нарықтан аласыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жаңа үйден де, екінші нарықтан да алуға болады. Бірақ өзінің ішкі процестері бар. Егер, қолыңызда 20% болса «Нұрлы жер» бағдарламасының үйін аласыз. Ал егер 50%-ына жететін қаражатыңыз болса, қайталама нарыққа көз саласыз. «Өз үйім» бағдарламасы аясында жаңа үйлер алуға мүмкіндік қарастырылған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізсеңіз, табыс көзін растамай пәтер алуға болады. Әрқайсысының пайызы әртүрлі, артықшылықтары мен кемшіліктері де бар.

Егер үш жыл тұрақты салым салып, қаржы жинақтай алсаңыз, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін кеңес етер едім. Ол банкте 5%-бен баспанаңызға қол жеткізесіз. Ал үй тап қазір керек десеңіз «Баспана хитпен» 11%-ға алуға болады. «7-20-25» аты айтып тұрғандай – 7%.

– Дегенмен де алғашқы жарнасыз, кепілге қоятын мүліксіз ипотека алуға бола ма?

– Екінші деңгейлі банктердің өзінің ипотекалық бағдарламалары бар. Олардың пайыздары 18%, 25%. Ол деген, берешегіңізді жапқанша алатын үйіңіздің бағасы бірге-бірден асып кетеді деген сөз. Пайызы ең төмен деген «Орда» ипотекалық бағдарламасы 12%-14% арасында. Ол бағдарлама бойынша бастапқы жарна қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлік түріндегі қосымша кепілмен ауыстырылуы мүмкін.

– Болашақ ипотека алушы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі немесе басқа да ипотекалық бағдарламаларға қатысты ең маңызды не нәрсені білуі керек?

– Жалпы, ипотека алу үшін ақша жинау керек. Өкінішке қарай, көптеген отандастарымыз 10-15 жыл пәтер жалдап тұрып жатады. Үш жыл деген көзді ашып-жұмғанша өте шығатын уақыт. Есепшот ашқаннан кейін, ақша салуды бастау керек. Кей азаматтар ақша жинамай жүреді де, үшінші жылы ғана қимылдай бастайды. Ол дұрыс емес. Уақтылы салым салып отырсаңыз, бағалау көрсеткішіңіз өседі. Көпшілігінің жинақтау уақыты бар да, ақшасы жоқ. Кей адамдар қаражатын ТҚЖ банкіне салмай, басқа банкте жинап, бірден салғысы келеді. Олай да болмайды. Жинақтау уақыты маңызды. Уақыт пен ақша қатар жүреді. Бағалау көрсеткішінің өскенін қалайсыз ба, үй керек пе – ақша жинаңыз.

Қалада тіркеуде тұру туралы айтар болсақ, қазір тіркеу мәселесін жеңілдетіп жатыр. Мысалы, егер қажетті соманың 50%-ын жинасаңыз немесе «Өз үйім» бағдарламасына қатыссаңыз қалада тіркеуде тұру міндетті емес. Дегенмен де, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Алматы және Нұр-Сұлтан қаласынан баспана алғыңыз келсе, екі жылдық тіркеу міндетті түрде керек.

– Қажетті қаржыны жинадық делік. Баспана алуға жылдың қай мезгілі қолайлы? Жылжымалы мүлік нарығында бағаның маусымдық өзгерістері болып тұра ма?

– Баға оңып тұрған жоқ. Жыл сайын өсіп жатыр. Былтырғымен салыстырсақ, елімізде жылжымайтын мүліктің бағасы биыл 4-4,5%-ға өскен. ҚР ҰЭМ статистика комитетінің ресми ақпаратына сүйенсек, тұрғын үй бағасының өсуі бойынша Қостанай, Алматы, Шымкент, Петропавл қалалары көш басында тұр.

Жылдың нақты бір маусымы үй алуға қолайлы деп айтуға келмейді. Себебі тұрғын үй нарығының қозғалысына серпін беретін бағдарламалар жылдың әртүрлі уақытында бола береді. Мысалы, мамыр айында «Әскери баспана» бағдарламасы басталды, шілде, тамыз айында «Бақытты отбасы» қосылды. Сәйкесінше, жылжымайтын мүлікке деген сұраныс туып, баға да өсті. Егер салыстырмалы түрде айтар болсам, қаңтар, ақпан айында бағаның төмендейтіні сәл де болса сезілетін сияқты. Себебі қыста көп адам үй іздемейді, әрі жаңа жылдың басында адамдар үміт күтіп, нарықта сұраныс азяды.

– Сұхбатыңызға көп рахмет.

Нұржан Көшкін

inbusiness.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу: