Жыл сайын 40 мың қазақстандық 10 сотық жер алатын болады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
11456

Мемлекет жер телімдерін су және электр энергиясымен қамтамасыз етпек.

Жыл сайын 40 мың қазақстандық 10 сотық жер алатын болады

ҚР инвестиция мен даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық құрылыс істері жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов ҚР ИДМ ресми өкілі Мұрат Жұманбайға берген сұхбатында 10 жыл ішінде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 1,5 млн тұрғын үй салынуы керектігін айтты. Әңгіме  халықтың тұрмысы төмен табы үшін (бірінші топ мүгедектері, жетім балалар, т.б) пәтерді өмір бойы жалға алуы жайында болып отыр. Мұндай баспана алу үшін жергілікті әкімдіктегі баспана алу тізімінде болу қажет. Баспананы жалға алу құнының бір шаршы метрі 100 теңге немесе 50 шаршы метр болатын пәтерге ай сайын 5000 теңгеден келеді. Алдағы 15 жылда бұл бағытқа жыл сайын 25 млрд теңге кететін болады.

Екінші бағыт – "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жүйесі арқылы мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметкерлерге, әскери қызметкерлерге несиелік баспана ұсыну.

"Тұрақты табысы барлар тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы төмен 4-5%-бен тұрғын үй қарызын ала алады", – деді Мархабат Жайымбетов.

Өңірдегі мұндай баспананың бір шаршы метрі 140 мың теңге немесе 50 шаршы метр болатын пәтер бағасы шамамен жеті миллион теңге болады. Астана, Алматы, Атырау және Ақтауда баспананың бір шаршы метрі 180 мың теңге болады. Мұндай баспана алу үшін бастапқы жарнаның 30%-ын жинау керек.

"Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ салымшылары Астана, Алматыда екі жыл тіркеуде тұрған болуы шарт. Ал кезектегілер үш жыл тіркеуде болса жеткілікті. Тағы бір айта кететіні, бұл бағыт бойынша пәтер алғысы келетіндердің соңғы бес жылда өз баспанасы болмауы талап етіледі. Пәтер алу үшін ең басты шарт осы", – деді ол.

Үшінші бағыт ипотека болып табылады.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысқысы келмейтіндер, жайлы тұрғын үй алуға мүмкіндігі барлар ипотека алуына болады. Мемлекет 10%-дан асқан мөлшерлемені өзі субсидиялайды. Біз екінші деңгейлі банктерге шарт қойдық. Банк ипотека алушыларға Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне бес пайыз қосып несие беруге тиіс, сонда шамамен 16-17% шығады. Мемлекет ипотека алушыларды 7%-ға дейін субсидиялайды. Мұнда сатып алынатын баспана Астана мен Алматы қалаларында 20 млн теңгеден, ал өңірлерде 15 млн теңгеден аспауға тиіс деген шарт бар. Бүгінгі күні алты-жеті банк бұл бағдарламаға қатысуға ниет білдірді, шамамен 30 млрд теңге жиналды", – деді Мархабат Жайымбетов.

Ендігі бағыт құрылыс салушыларға несие беру болып табылады. Мұндағы бекітілген баға Астана мен Алматы қалаларында бір шаршы метрге 260 мың теңге болса, өңірлерде 22 мың теңгені құрайды.

"Олар тұрғын үйді салып, оны ТҚЖБ-нің салымшыларына ұсынуға тиіс.  Олар алмаса, нарыққа шығарып сатуға болады. Жекеменшік құрылыс салушылар нақты белгіленген бағамен салып, пәтерлердің жартысын салымшыларға сатуы керек. Екінші деңгейлі банктер оларға да 17%-бен несие береді, оның 7%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұған қатысуға да қазіргі кезде үш-төрт банк ниет білдіріп отыр, мұндай құрылыс салушыларды субсидиялау басталып кетті", – деп баса айтты салалық комитеттің басшысы. Ипотека алушылар мен құрылыс салушыларды субсидиялауға жылына шамамен 10 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Бесінші және ең негізігі бағыт жеке тұрғын үй құрылысы болмақ. Мемлекет ЖТҚ салынатын аумақтарға инфрақұрылымды өзі тартады, бұған жыл сайын 40 млрд теңгеден бөлінеді.

"Біз жылына 40 мың жер телімінен бөлуді жоспарлап отырмыз, сонда 15 жылдың ішінде 600 мың жер телімі беріледі. Мемлекет жарық пен суды өзі тартып береді. 10 сотық жер алуға кезекке тұрғандардың барлығы жер алып, үйлерін өзі салады.  Тек сынақ тәртібінде ғана бірыңғай сәулет үлгісін сақтау үшін облыс орталығында әр шаршы метрі 120 мың теңге тұратын коттеджді қалашықтар салынады. Бүгінде біз алты үлгілік жобаны әзірлеп қойдық: облыс орталықтарын ауылға айналдырып жібермеу үшін  заманауи үлгідегі екіқабатты және бірқабатты үйлер болады", – деді Мархабат Жайымбетов.

Осылайша енді облыс орталықтарында бірыңғай сәулет үлгісіндегі коттеджді қалашықтар пайда болмақ.

"Тәуелсіздік алғаннан бергі 25 жыл ішінде миллион тұрғын үй салынғанын айтып кету керек. Егер оны 25 жылға бөлетін болсақ, онды жылына 40 мыңнан келеді. 1990 жылдары жыл сайын 10-15 мың тұрғын үй тұрғызылған. 2016 жылы 89 мың тұрғын үй салынған. Биыл 100 мың саламыз деп жоспарлап отырмыз, бұл шамамен 10,1 млн шаршы метр тұрғын үй болады. 15 жыл ішінде шамамен 100 мың баспана салуымыз керек. Яғни  2031 жылға қарай шамамен 16-17 млн шаршы метр баспана болмақ. Нақты есептелген сан осындай", – деп қорытындылады ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу