Жылжымайтын мүлікті жылжытпақшы

Аскар Муминов Аскар Муминов
4351

Алматыда сүрілетін үйлерге берілетін өтемақы тұрғындардың күлкісін келтірді.

Жылжымайтын мүлікті жылжытпақшы

Алматыда Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында жолайырық салу үшін әкімдік мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін және өзге жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылдады. Бірінші кезеңде 26 жер учаскесі иеліктен шығарылады. Алайда иеліктен шығару барысы тұрғындардың көңілінен шықпай отыр, олар өтемақының төмен екенін, бұл ақшаға осындай жер учаскесін ала алмайтындарын айтады.

Алматыда өткен баспасөз мәслихатында олар мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін сатып алу "Мемлекеттік мүлік туралы" заңның негізінде жүзеге асырылып жатқынын айтты. Онда жеке тұрғын үй құрылысына, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (егістік телімдерінен басқа) берілген, жеке тұрғын үй орналасқан жер учаскесінің құны мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылған кезде жер учаскесінің құны мөлшерінде және онда тұрған жылжымайтын мүліктің нарықтық құнынан аспайтын мөлшерде айқындалатыны жазылған.

2017 жылдың 6 наурызында Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы меншік иелеріне жер учаскелерін сатып алу туралы хабарламалар мен шарт жобасын жолдады. Әкімдікте осы шарт жобасында көрсетілген өтемақы сомасы Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының талаптарына сәйкес белгіленгенін баяндады.

50 шаршы метрге – 300 мың теңге

Баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, жер учаскелерінің тұрғындары ұсынылған өтемақы сомасын көрген кезде  төбесінен жай түскендей болыпты. Тұрғындардың айтуынша, кейбір учаскелер  1000 долларға бағаланса, енді біреулердің бағасы тіпті  500 долларға де жетпепті.

Айта кету керек, 14 сәуірде ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев мәжіліске таныстырылған "Жер қатынастарын реттеу мәселесі бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында мемлекет мұқтажы үшін жер телімдерін иеліктен шығару бойынша жаңа нормалар көзделгенін мәлім еткен еді.

Оның айтуынша, жер мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда оның орнына пара-пар жер учаскесі беріледі.  Егер меншік иесінің қолында бағасы белгіленген сату-сатып алу шарты болса, сол сома төленеді, бірақ ол нарықтық бағадан жоғары болмауға тиіс. Егер адам жер теліміне ештеңе салмаса, оны тек кадастрлық құнмен сатып алып отырса, мемлекет сол бағаға сатып алады.

Сейфуллин және Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы жер учаскелері мен құрылыстарының иелерінен тұратын бастамашыл топтың төрағасы Виталий Алуев сүрілуге жіберілетін учаске тұрғындарының барлығы бағалауға көңілі толмай отырғанын айтты.

Оның айтуынша, тұрғындар ұсынылған өтемақы сомасына келіспесе, оны да ала алмайды деп алдап отыр. Сонымен бірге адамдарға заң бойынша сотқа дейінгі келісім рәсімдеріне үш ай бар екені және олардан алынатын мүліктің құнына тең үш ұсыныс берілуі керек екендігі түсіндірілмеген.

Ол тұрғын Гүлқыз Розыбақиеваның басындағы жайды мысалға келтірді, оған Алматының жер қатынастары басқармасынан мемлекет мұқтажы үшін жылжымайтын мүлікті сатып алу шартының жобасы қоса тіркелген хабарлама келіп түскен, олар 1999 жылдың 30 маусымындағы сату-сатып алу шартын алға тартып, сатып алу сомасын 300 мың теңге деп белгілеген. Виталий Алуев ұсынылған сома ақылға қонымсыз дейді, себебі Алматыдағы баспананың бір шаршы метрі шамамен 290-320 мың теңге тұрады, ал бұл толық бір жер учаскесі.

Ол меншік иесіне азаматтық-құқықтық мәміле бойынша немесе сот шешімі бойынша өткен, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің құны азаматтық-құқықтық шартта немесе сот шешімінде көрсетілген мөлшерде айқындалады, бірақ ол нарықтық құннан аспауға тиіс екенін аңғарды. Егер азаматтық-құқықтық шартта жер учаскесінің бағасы көрсетілмесе, жер учаскесінің құны оның кадастрлық (бағалау) құны бойынша айқындалады.

"Кәсіпкерлер мен меншік иелерін қорғау одағы" БҚ-ның президенті, заңгер Василий Резван мұндай учаскелер бойынша шарт жобасын меншік иесіне жолдарда жер учаскесіндегі жылжымайтын мүліктің құнын өткізілген бағалауға сәйкес белгілеу қажет, бірақ ол нарықтық құннан аспауға тиіс екенін айтты.

Мысалға, Гүлқыз Розыбақиеваның жағдайын алсақ. Ол сату-сатып алу шартына сәйкес, 1999 жылы жер учаскесі бар үй сатып алды, бірақ шартта үй құрылысы мен жер учаскесінің жалпы сомасы 300 мың теңге деп белгіленген, үй мен жер учаскесінің құны бөлек есептелмеген. Осылайша, "Гранд Проект" ЖШС өткізген бағалау есебіне сәйкес, жер учаскесінің нарықтық құны – 12 млн 747 мың 862 теңге, үй құрылысының құны – 11 млн 849 мың 172 теңге, отырғызылған көпжылдық көшеттер 186 мың 165 теңгеге бағаланған. Оның орнына әйелге бар болғаны 300 мың теңге ұсынылғанын сөз етті заңгер.

Жосықсыз бағалаушы

Виталий Алуевтің сөзінше, Игенбаева Гүлдананың басындағы жағдай сорақыдан да сорақы, оған өзіне тиесілі жер учаскесі үшін бағалау құны 9 млн 401 мың 131 теңге бола тұра, бар-жоғы 181 мың 632 теңге ұсынылған. Ал Гүлдана Игенбаева "Гранд Проект" ЖШС есептеген 9 млн-ды да төмен деп отыр, оның сөзін өзге тұрғындар да жақтап, бағалаушының жұмысын нашар деді.

"9 млн 401 мың 131 теңге деген не? Бұл 30 мың доллар да болмайды! Қазір қаладан бұл ақшаға іздеп жүріп бір бөлмелі пәтерді әзер аласың, ал бұл жайластырылған жер учаскесі", – деді ол.

Ал Василий Резван болса 2017 жылдың 15 наурызында осындай фактілердің анықталғанына байланысты Жетісу ауданының прокуроры "Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы" КММ басшысы Алтынбек Ахметовтың атына "заң бұзушылықтарды және оған жол ашқан себептерді жою туралы" нұсқама шығарғанын атап өтті. Онда заң бұзушылықтарға кінәлі жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік жаза қолдану қажеттілігі айтылған.

Маусым айында иеліктен шығарылатын учаскелер жаңадан бағаланады, себебі бұл бағалау заң бұзушылықтарымен өткізілді деп танылды.

Шағымданушы кім?

Василий Резван бастапқыда жолайырық салу үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жіберілетін мүлік иелеріне өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен жеті млрд-тан астам қаражат бөлінгені туралы ақпарат таратылғанын айтты. Былтыр журналистер жария еткен бұл соманы жақында мемлекеттік органның өкілдері де растады. Алайда ең соңында барлық учаске бойынша бар болғаны 500 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр, сонда қалған 6,5 млрд теңге қайда кетті? деген сұрақ заңгерді мазалайды.

"Қазір әкімдік сот арқылы өтмақының мөлшерін ұлғайтамыз деген тұрғындардың талабын даулауға тырысып жатыр. Бірақ бұл үлкен күдік тудырады. Мынау түсініксіз – сотқа арыз неліктен әкімдіктің атынан беріліп жатыр? Әкімдік мүшелерінің ішінен нақты кім арыз түсіріп отыр және ол қай заңды негізге алып отыр? Заң бойынша, сотта арыз беруші және жауапкер ретінде әкімшілік-аумақтық бірліктің мүддесін қорғайтын лауазымды тұлға, әкім ғана бола алады. "Қазақтан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңының 27 бабына сәйкес, әкімдіктің сотқа арызданатын құзыреті жоқ, оны Бауыржан Байбектің өзі ғана жасай алады. Бірақ оның атынан ешқандай арыз түскен жоқ.  Сот ұжымдық әкімдіктен түскен арызды қалайша қарай алады? Бұл түсініксіз. 2001 жылдың 23 қаңтарында қабылданған "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңына сәйкес, әкім азаматтармен, заңды тұлғалармен және мемлекеттік органармен қарым-қатынас жасаған кезде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің мүддесін қорғайды. Осыған сәйкес, жер учаскелерін иеліктен шығару мәселесінде шешімді даулау ісі бойынша екінші тарап тиісті аумақтық бірліктің әкімі  болып табылады", – деді Василий Резван.

Сонымен бірге Қазақста Республикасы Конституциясының 26 бабы 3 тармағы бойынша, "соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды". Заңда көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.

Бүгінде жер учаскелерінің иелері мен Алматы әкімдігінің арасында кереғар қатынастар орын алғанын ескеріп, баспанасы сүрілуге жіберілген бастамашыл азаматтар тобы жекеменшігін қорғауын және әделетті өтемақы белгіленуде жәрдемдесуін сұрап мемлекет басшысына ұжымдық хат жазды.

Жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Самамбаев  97 жер учаскесі бойынша қаулы қабылданғанын мәлімдеді. Оның 54 бойынша іс келісім рәсімдерін бастауға және қайталама бағалау жүргізуге берілді. Егер мүлік иесі бағаланған сомаға келіспесе, сот органдарына шағымдана алады. Өтемақының кесімді сомасы сот шешімі негізінде белгіленетін болады. Егер жер учаскесі мәміле бойынша сатып алынса, онда нарықтық құн емес, мәміленің сомасы ұсынылады. Осыған байланысты өтемақының сомасы үнемі нарықтық құнға тең бола бермейді.

Шенеуніктің айтуынша, 15 маусымға дейін қызмет көрсетуіші анықталуға тиіс, ол маусымның соңына дейін сараптама өткізеді. Барлық шығын мемлекеттік бюджеттен төленеді.

"Егер жер учаскесі әкімдіктің шешімімен берілсе, онда мемлекет белгілеген сома төленеді. Егер жер учаскесі азаматтық-құқықтық мәміле арқылы, яғни сату-сатып алу шарты бойынша алынса, өтемақы сомасы шарт бойынша не соттың шешімімен есептеледі", – деп түсіндірді ол.

Жерді мәжбүрлеп иеліктен шығару 2017 жылдың  31 желтоқсанына дейін аяқталуға тиіс. Алматы әкімдігінің мәліметі бойынша, 26 иелік етуші тұлғада жалпы көлемі 163,09  сотық жер бар, кадастрлық құн бойынша, оларды сатып алу бағасы 97,854 млн теңгеге бағаланған.

Бұл жер учаскелерінің орнында 2018 жылдың соңына қарай көлік жолайырығы пайда болуы тиіс. Әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, жолайырық салынатын жерде 259 жер учаскесі орналасқан, бұл нысандарды сатып алу кезең-кезеңмен іске асырылады. Алматы қаласының әкімдігі 2017 жылдың 27 ақпанында № 1/1-188 "Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін және өзге жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы" қаулы қабылдаған болатын. Аталған қаулы 2017 жылдың 28 ақпанында бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

"2017 жылдың 6 наурызында Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы мүлік иелеріне әкімдік қабылдаған қаулы туралы хабарлама мен жер учаскелерін сатып алу шарттарының жобасын жолдады. Шарт жобаларында белгіленген өтемақы сомасы Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының талаптарына сәйкес есептелді. Бұл ақпаратты қаланың әкімшілігі биылғы жылдың наурыз айында ресми түрде жариялады. Сондай-ақ ұсынылған өтемақы сомасы кесімді емес екені айтылды. Егер келісу рәсімдері аясында тараптар бір тоқтамға келмесе мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін иеліктен шығару сот тәртібінде іске асырылады".

Әкімдіктің мәлімдемесінде баспананы мәжбүрлеп иеліктен шығаруда әділетті өтемақы белгілеудің әлеуметтік маңыздылығын ескерсек, сот тәжірибесінде мүліктің құнын есептеуде шешім көбінде нарық құны бойынша шығарылады. Сонымен бірге 2017 жылдың республикалық бюджетін нақтылауда жер учаскелерін сатып алуға 500 млн теңге көлемінде қаражат бөлу көзделген. Көрсетілген сома өзгеруі мүмкін  делінген баспасөз хабарламасында.

Әйгерім Сүлейменова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу