Донор кезегіндегі науқастардың 30%-ы қайтыс болады

Бүгінде 4 мың қазақстандық науқас донор кезегінде тұр.   

Донор кезегіндегі науқастардың 30%-ы қайтыс болады

Дене мүшелерін трансплантациялау медицина саласының ең ірі жетістігі саналады. Бүгінде әлемнің озық мемлекеттерінде бұл ота жиі жасалады. Біздің елімізде де жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе трансплантациясы сәтті жүргізіліп келеді. Мамандар қайтыс болған бір адам сырқаттанған алты адамға өмір сыйлай алатынын айтуда. Мүше трансплантациясы жайында біз не білеміз? Бір адамның мүшесін екінші адамға ауыстыру қаншалықты қауіпті? Бұған қоғам қалай қарайды? Іnbusiness.kz тілшісі осы және трансплантация саласындағы өзге де өзекті мәселелер туралы А.Н. Сызғанов атындағы ҰҒХО-ның  гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі Мақсат Досхановпен сұхбаттасты.  

– Мақсат Оңалбайұлы, әңгімеміздің әлқиссасын бауыр алмастырудан бастасақ. Жылына қанша науқасқа трансплантациялық ота жасалады? Бұл донор үшін қаншалықты қауіпті?

– 2011 жылдан бері орталығымызда 150-ден аса бауыр алмастыру отасы жасалды. Жылына орта есеппен 25-30 бауыр трансплантациясын жүзеге асырамыз. Жалпы бұл мүшені алмастырудың екі түрлі әдісі бар. Біріншісі – мәйіттен. Бұл жағдайда толық бауырды алып, науқасқа саламыз. Оған жедел түрде қабылдайтын ауруханаларға мидың зақымдануымен түскен адамдар донор бола алады. Оның ішінде мидың қайтыс болғаны анықталса адам төрт, бес күннен артық өмір сүре алмайды. Осы кезде олардың туысқандарынан рұқсат сұраймыз. Егер науқастың жақындары ағзаларын беруге келіссе, бірден қан тобына байланысты реципент, яғни, мүшесін алмастыруды қажет ететін адамды дайындаймыз. Бұл –ең қауіпсіз бауыр алмастыру отасы. Өйткені донор күтіп отырған адамға толық бауыр салынады. Ал ондай донор кезегінде тұрған сырқаттардың бір жыл өмір сүру мүмкіндігі 60%-ды, екі жыл өмір сүру мүмкіндігі бар болғаны 30%-ды құрайды.

– Елімізде мәйіттік трансплантация жиі жасала ма?

– Өте аз. Мысалы өткен жылы мәйіттік донормен бірде-бір ота жасалған жоқ. Ал биыл жыл басынан бері қайтыс болған адамнан төрт рет бауыр алмастырдық. Соған байланысты екінші әдіс – туысқандық бауыр алмастыру бағдарламасын кеңінен дамытып келеміз. Егер ауырып жатқан адамға алмастыру отасы жасалмаса, ол қайтыс болады. Ал туысқанының жарты бауырын алып, науқасқа трансплантациялау бұл үлкен үміт сыйлайды. Ол үшін донор сырқаттанған адамның жақын туысы болуы керек. Одан кейін біз оның денсаулығын толық тексереміз. Бұдан бөлек донордың бауырының көлемін дәлме-дәл есептеп, қаншасын алып, қаншасын қалдыратынымызды анықтаймыз. Егер барлығы сәйкес келсе, екі тарапқа да трансплантация туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, кейін ота жасаймыз. Біз үшін дені сау келген донордың дені сау күйі үйіне қайтқаны маңызды. Сондықтан туысқандық әдіс өте қиын және донор үшін де белгілі бір қауіп бар.

– Ал тура ота алдында донордың бас тартатын кездері бола ма?

– Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, донор келіскенімен әйелі немесе балалары денсаулығына қатер төнгенін қаламауы мүмкін. Ол кезде біз медициналық этика бойынша  науқасқа "донордың бауыры келмей қалды" деп айтамыз. Өйткені туысқандар арасында кикілжің туғызбау керек.

 – Қазіргі кезде донорларды күтіп, кезекте тұрған 4 мың адам бар. Олардың 1200-і жүрек, 1300-і бауыр және 2000-ы бүйрек трансплантациясын қажет етеді деген ақпарат бар? Бұл қаншалықты рас?

Бұл толығымен рас дерек. Статистика бойынша жылына донор күтіп отырған науқастардың 30%-ы қайтыс болады. Кейін тағы 30% трансплантацияны қажет ететін өзге реципентпен толығады. Бауыр бойынша айтатын болсам донор табылмаған 390 адам өмірден өтіп жатса, тағы 390 адам сырқаттануда.

 – Ал бұл статистиканы төмендету үшін мәйіттік донорлыққа қоғамның көзқарасын қалай өзгертуге болады?

– Біріншіден, халықтың ойын өзгерту керек. Екіншіден, трансплантацияға байланысты жағымсыз ақпараттар көп таралып кетті. Сондықтан жедел жәрдеммен ауруханаға түскен мәйіттік донорлар болса, трансплантация бойынша координациялық орталыққа хабар беретіндер өте аз. Себебі дәрігерлердің өзі дау тууы мүмкін деп қорқады. Қазіргі кезде осындай жағдайға дейін жеттік.

– Елімізде заң бойынша науқас тірі кезінде мүшелерін өзге адамға алмастыруға келісім берсе, қайтыс болған соң туыстарының пікіріне қарамастан, аталған отаны жасауға болады емес пе?

– Заң бойынша болады. Алайда қарсылық, дау туған жерде дәрігерлерге жұмыс істеу қиын. Сондықтан жақындарының келісімінсіз ондай ота жасамаймыз. 

– Елімізде адам мүшесін саудалау заңмен тиым салынған. Ал қазіргі кезде әріптестеріңізге қатысты дау туғаны белгілі. Адам ағзасын сату көлеңкелі бизнеске айналып бара жатқанына дәрігерлердің де көз жұма қарауы себеп емес пе?

– Менің ойымша, дәрігерлердің мәйіттік донорлардың мүшесін саудалау мүмкін емес. Бұл жағынан мүлде күдік жоқ. Себебі оның барлығы кестеде тұрады. Оны біз көріп отырамыз. Сәйкес келсе бірден ота жасаймыз. Туыстық донорлықтан да күдік жоқ. Өйткені оның барлығы жіті тексеріледі. Тек бір ғана жағдайда күдік басым. Ол бір-бірімен келісіп алып заңсыз мүше  саудалау мәселесі. Бұл өте қиын жағдай. Оны жоққа шығара алмаймын. Сондықтан мен осы бауыр алмастыру бөлімінің меңгерушісі ретінде тек туыстық донорлармен жұмыс істеймін. Науқасқа туыстық жақындығы болмаса біз донорды отаға алмаймыз. Себебі реципент пен донордың арасында ақшалай келісім болмауы керек. Бізде бұрын да солай  болған, қазір де солай.

– Ал сізге келген донор мен реципиенттің туыстығын қалай анықтайсыздар?

– Ол үшін екі тараптың ата-анасын шақыртудан бастап, туу туралы куәліктерін алдырып, тіпті бала күнгі бірге түскен суреттеріне дейін көрсетуді талап етеміз. Яғни, толық бір-біріне туыс екеніне көзіміз жеткен соң барып, донор денсаулығын тексеруге кірісеміз. Сондықтан дайындық кезеңінің өзі екі аптадан бір жарым айға дейін созылады.

 – Ал науқасқа донор болам деуші жақындарына қандай талап қойылады?

– Жасы 18-ден асқан болуы шарт. Ешбір жұқпалы, вирустық, инфекциялық аурумен ауырмауы керек. Науқасқа беретін мүшесінен бөлек жүрек, бауыр, өкпе, бүйрек сынды барлық мүшелері сау болуы маңызды. Барлық сараптамалары дұрыс шығып, жалпы денсаулығы өте жақсы болуға тиіс.

– Бүгінде трансплантациялық оталар балаларға да жасалады екен. Ең кішкентай науқастың жасы нешеде?

– Өкініштісі, 5 айлық сәбилердің өзіне ота жасайтын кездер болады. Кішкентай науқастарымыздың бауыр жетіспеушілігімен дүниеге келетін кездері болады. Оларды аман алып қалу үшін алмастыру отасы жасалынады. Мысалы, қазіргі кезде біздің гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімінда 8 айлық нәресте мен оның әкесі жатыр. Жаңа туған баласына әкесі донор болып, өзінің бауырының бөлігін берді. 

– Келесі жылдан бастап енгізілетін міндетті медициналық сақтандыруға қалай қарайсыз? Трансплантация саласына қандай өзгеріс алып келуі мүмкін?

– Мен қолдаймын. Ең бастысы, халық сырқаттанудың қымбат, шығыны көп екенін түсінеді. Сондықтан кез келген адам ауырмаудың жолдарын іздей бастайды. Біз үшін маңыздысы осы. Ал донорлар туралы айтар болсам, медициналық жаңалықтармен қатар, халықта трансплантация мәселесіне жағымды көзқарас қалыптасады деп үміттенеміз. Сонымен қатар қазір қайтыс болғаннан кейінгі донорлық туралы ақпаратты жергілікті емханада тіркейтін болса, енді оны электрондық үкімет порталындағы  жеке кабинетке жазып қоюға болады. Аталған өзгеріс көп жұмысты жеңілдетеді.

– Бұл салада тәжірибе алмасудың маңызы зор. Қандай мемлекеттермен кәсіби байланыс жасайсыздар?

– Жылына бірнеше рет Еуропа елдеріне кәсіби біліктілігімізді арттыруға барамыз. Сонымен қатар Жапония, Оңтүстік Кореямен де қызметтік байланыстамыз. Осы елдердің озық әдістерін меңгеріп, күрделі оталарды бірлесіп жасайтын кездеріміз болады. Нәтижелеріміз жаман емес. Отадан кейінгі көрсеткіштеріміз осы мемлекеттермен бірдей деуге болады.

– Әңгімелескеніңізге рақмет!

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын мүше трансплантациясының саны артып келеді. Мәселен, 2013 жылы елімізде 164 ота жасалса, 2017 жылы оның саны 300-ден асты. Ал донорлар кезегінде тұрғандардың басым бөлігі – Алматы, Нұр-Сұлтан мен Оңтүстік Қазақстан облысы тұрғындары. Айта кетерлігі, қайтыс болған адамның жүрегі, бауыры, екі бүйрегі, өкпесі мен көзінің қарашығы алты адамға өмір сыйлауы мүмкін.

Сұхбаттасқан Құралай Құдайберген

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу