Ауруханалардың жұмысы емханаларға жүктеледі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2910

Бұл шара науқасты асқынғанда емдеуден гөрі, аурудың алдын алу үшін қолға алынып отыр.

Ауруханалардың жұмысы емханаларға жүктеледі

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада мемлекет басшысы ширек ғасырда еліміздің жеткен жетістіктеріне жеке-жеке тоқталды.

Соның ішінде Елбасы медицина саласына баса назар аудара келіп, "Тәуелсіздіктің жиырма бес жылы ішінде біз азаматтардың өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай ұлғайттық. Қазір әр қазақстандықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жас. Яғни, 90 жылдардың басымен салыстырғанда он шақты жылға артық. Тәуелсіздік жылдарындағы біздің ең үлкен жетістігіміз ретінде осыны айтар едім", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі түрліше бағаланады. Мемлекеттік статистика мен әлемдік деңгейде жасалып жатқан оталарды ескерсек, Қазақстан Елбасының өзі айтқандай, әлемдегі ең дамыған елдердің қатарынан көрінеді. Ал мәселенің екінші жағы өңірлердегі денсаулық сақтау нысандары мен мамандардың біліктілігі кей сарапшылардың көкейіне күмән ұялатады.

Егемендіктің ширек ғасырында денсаулық сақтау жүйесіндегі ең үлкен жетістіктер – Астанадағы заманауи медицина мекемелері, атап айтар болсақ, нейрохирургия орталығы, республикалық кардиология орталығы секілді денсаулық сақтау нысандарының салынғаны. Ондағы заманауи құрылғылардың да соңғы жылдары Батыс Еуропа елдерінің бәрі қол жеткізе алған дүниелер еместігі анық.

Сонымен қатар, материалдық базаны игеріп жатқан мамандар да ел ішінде ғана емес, шетелде де қолдан қолға тұрмайтын дәрігерлер екені анық. Соның ішінде бүгін Елбасының өзі Серік Ақшолақов пен Юрий Пяны ерекше атап өтіп, отандық медицинаның дамуы осы екі кісінің атымен тікелей байланысты екенін айтты.

Әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті осы мекемелердегі әлгі дәрігерлердің емі үшін алыс-жақын шет елдерден науқастардың келе бастауы Қазақстанды медициналық туризмі дамыған елдердің қатарына қосады. Медицина туризмі дегенде бірден еске түсетін Израиль де біздің елмен осы салада ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екені айтылған. Кеше ғана Израильдің үкімет басшысы бастаған бір топ делегат екі елдің жоғары оқу орындарының денсаулық сақтау нысандарында бірлесе жұмыс істеу мәселесін көтерген еді.

Жалпы, медицина саласындағы білім беру жүйесі соңғы жылдары үлкен өзгерістерді бастан кешті. Қазіргі таңда құзіретті органдардың талабы бойынша, елдегі барлық медициналық оқу орындарының бір-бір шетелдік әріптес университеті бар. Бұл өзара тәжірибе алмасу мақсатында қолға алынған бастама болса, "Болашақ" бағдарламасымен жүздеген студент шетелде дәрігерлік білім алады. Дегенмен, "Болашақ" бағдарламасымен оқытылатын студенттер арасында дәрігерлерге қарағанда денсаулық сақтау саласының менеджерлері көп.

"Болашақ" бағдарламасымен Оңтүстік Калифорния университетінде магистратура дәрежесін игеріп жатқан Арыстан Молдажановтың айтуынша, бірнеше рет кейінге қалдырылып жатқан міндетті медициналық сақтандыру бағдарламасы – дамыған елдердің тәжірибесінен алынатын ең үлкен жаңалық болса керек. Дегенмен, ол халықты медициналық қамсыздандыру міндетті сақтандыру жүйесін енгізуімен бітпейтінін айтады.

"Денсаулық сақтау саласының қызметкері және шетелдік тәжірибенің шет жағасын зерттеп жатқан адам ретінде міндетті медициналық сақтандырудың қабылданатын уақыты келгенін айтар едім. Алайда, мұнымен іс бітпейді. Жаппай ортақ стандарт енгізу ешбір сала үшін теңдік болмайды. Мәселен, өзі білім алып жатқан АҚШ-та міндетті медициналық сақтандырумен қатар әлеуметтік аз қамсыздандырылған азаматтарға бөлек мемлекеттік бағдарлама бар", – дейді маман.

Арыстан Молдажановтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі күшейтіліп жатыр. Яғни, осы арқылы ауруханалар жұмысының бір парасы емханаларға жүктеледі. Бұл шара науқасты асқынғанда емдеуден гөрі, аурудың алдын алу үшін қолға алынып отыр.

Дәрігердің айтуынша, Қазақстандағы медицинаның дамуы ең бірінші кезекте материалдық базаның нығаюымен байланысты. Республикалық орталықтар мен ірі ауруханалардағы инновациялық құрылғылар саланың дамуына серпін берген. Дегенмен, бұл игілік өңірлердегі денсаулық сақтау нысандарында кездесе бермейді. Ал маман дайындау жағы шетелдік оқу орындары мен "Назарбаев университетінің" мойнында. Отандық жалғыз университеттің республикадағы денсаулық сақтау саласын өрге сүйреуге жетпейтіні анық. Осы орайда ғылыми базаның да жеткілікті деңгейге жете алмағаны жасырын емес.

Арыстан Молдажановтың пікірінше, отандық медицина ғылымының дамуы үшін барлық оқу орны "Назарбаев университетіне" салынғандай қаражатқа ие болуы керек.

Медицинаны қаржыландыру мәселесі – өз алдына бөлек тақырып. Астанадағы бірнеше республикалық орталықта жасалған операциялар арқылы дамыған елдердің қатарына кіреміз деу, әрине, үлкен қателік болар еді. Өңірлердегі мекемелердің материалдық базасы, ондағы қызметкерлер жалақысының мардымсыздығы мен жоғарыда айтылған жоғарғы оқу орындарындағы білімнің сапасы, айналып келгенде республикалық бюджеттің медицина саласына аз бөлінетінінен болса керек. Қазақстанда қазіргі таңда республикалық бюджеттің тек 4 пайыздан астамы ғана бөлінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу