Көбінесе отандастарымыз Израиль, Қытай, Түркия, Сингапур мен Оңтүстік Корея елдерін таңдайды екен.
"Соңғы он жылдықта шетелдерде емделуші қазақстандықтардың қатары көбеюде.Әсіресе, жүрек пен қатерлі ісік аурулары, ортопедия, қолдан ұрықтандыру мен дене мүшелерін ауыстыру қызметін пайдаланады"
Отандық медицинаның дәл мұндай салаларына жүгінетіндердің саны кеміген. Халықаралық туризм қауымдастығы мен мемлекеттік органдардың мәліметінше, бұл үрдіс әлі де жалғасуда. Алматыда өткен баспасөз-конференциясында "Седжон Евразия" халықаралық медицина орталығының өкілі Айнұр Жоламанованың айтуынша, 2015-2016 жылдары Қазақстан азаматтары шетелдік клиникаларға емделу үшін 280 миллион доллар қаржы жұмсаған.
Болжамдар бойынша келесі жылы медициналық туризм Азия-Тынық мұхиты аймағына қарай ойысады. Дегенмен, Оңтүстік Кореяны қалайтындар бұрынғыша басымырақ болады.
"Қазақстандықтардың денсаулық мәселесінде өзге мемлекеттің медицинасына құмартатыны неліктен? Біріншіден, Оңтүстік Кореяға барып қайту визаны қажет етпейді. Онымен қоса болмысымыз да ұқсайды. Пациенттердің айтуынша, сападан бөлек, науқастарды жылы қабылдайды. Қызмет көрсету деңгейі де жоғары. Әлемдік медициналық туризм индустриясында оңтүстік кореялықтардың ерекшеленетіндігі де сондықтан",- дейді Айнұр Жоламанова.
Ресми ақпаратта 2011-2015 жылдар аралығында қазақстандық мемлекеттік емханалардан 95 дәрігер Оңтүстік Корея елінде кардиология,трансплантация,нефрология салаларынан тағылымдамадан өткен.
"Седжон Евразия" өкілінің сөзінше, оңтүстіккореялықтармен ынтымақтастығымыз соңғы технологияларды меңгеріп, халықаралық стандарттарға сай мамандануымызға септігін тигізді. Ол жаққа республикалық дәрежедегі ауруханалардың дәрігерлері емес, аудандық ауруханалардың дәрігерлерін жібердік. Қазір алған тәжірбиелерін іс жүзінде қолдана алады.
Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы бас консулы Джон Сын Миннің мәлімдеуінше, Алматы мен офтальмологиялық Hangi клиникасы, арқа-омыртқа ауруларын емдейтін Wooridul мен кардиоваскулярлы Sejong Hospital және Seoul women's clinic медицина орталықтарымен арада меморандумға қол қойылған.
"Седжон Евразия" халықаралық клиникасының бас директоры Вячеслав Шигай келісімде көрсетілгендей қазақстандық дәрігерлердің емдеудің жаңа технологияларын игерумен бірге, тұрмысы төмен отбасы балаларының ем-дом алатындығын уәде етті.
Оңтүстік Корея елінің медицина туризмі жылдан-жылға жылдам дамуда. Өткен жылы көрсеткіш 400 мың адамға жеткен.
Руслан Алманов, Алматы