Міндетті медициналық сақтандыру: Заң жобасында не өзгерді?

6943

Қазір міндетті медициналық сақтандыру туралы көп айтылып жүр. Жоба аясында заңға нақты қандай өзгеріс енгізіледі, соны сараптап көрейік.

Міндетті медициналық сақтандыру: Заң жобасында не өзгерді?

Жарна төлемдері азаяды

Ең алдымен жарна төлемдері қайта қарастырылды. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" қолданыстағы заңға сәйкес мемлекеттік жарна 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап соңғы екі жылдағы орташа айлық жалақының 4%-ын құрайды, ал 2024 жылы 7%-ға дейін өседі. Жұмыс берушінің қол астындағы қызметкерге төлейтін жалақы шығынының мөлшері де сәйкесінше 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 2%, ал 2020 жылы 5% көбейеді.

"Өзін-өзі жұмыспен қамтитын халықтың жарналары 2017 жылдан бастап ең төмен деңгейдегі бір жалақы және санатқа байланысты барлық табыс түрлері мөлшерінің 2%-ын, 2020 жылы – 7%-ын құрайды. Жұмысшылардың жарналары 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайынғы жалақының 1%-ын, 2020 жылы 2%-ды құрайды", – дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ төрайымы Елена Бахмутова. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының жарна төлемдерін азайтуды қарастыратын заң жобасы жасалып жатыр.

Мәселен жаңа заң аясында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың әлеуметтік-қорғалмаған тобына мемлекет 3,75%, 2018 жылдан бастап 4%, 2023 жылдан бастап 6% қаржы бөледі. Жұмыс берушілердің жұмысшыларға бөлетін жарналарының көлемі 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 1%-ға теңелетін болса, 2022 жылдан бастап көрсеткіш 3% дейін көбейеді. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер, жекеменшік нотариустар, жеке меншік сот үкімін орындаушылар, адвокаттар, кәсіби медиаторлар, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім шарттар негізінде қорға төленуге тиіс ақша табатын жеке тұлғалардың жарнасы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап 5% болады.

Төлеушілер тізімі кеңеймек

Қазір "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" қолданыстағы заңға сәйкес жарна төлеушілердің қатарында мемлекет, жұмысшы, жеке кәсіпкер, жеке меншік нотариус, жеке меншік сот үкімін орындаушы, адвокат, кәсіби медиатор және азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім шарт негізінде қорға төленуге тиіс ақша табатын жеке тұлға бар.

Енді елімізде тіркеуден өткен шет мемлекеттің дипломатиялық және оларға теңелген өкілеттіліктерін де, шетелдік мекемелерде жұмыс істейтін тұлғаларды да қосу көзделіп отыр. Заң жобасында халықаралық және мемлекеттік ұйымдарда, шетелдік және үкіметтік емес ұйымдарда, қорларда жұмыс істейтін (халықаралық келісім шарттарға сәйкес салық агенттері саналмайтын) тұлғаларды міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлейтіндердің қатарына қосу қарастырылып отыр. Олар 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап есептелген кірістің 5%-ын төлейді.

Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар мен ел аумағынан шыққан азаматтар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1 айлық жалақының 5%-ын төлейді.

Мемлекет кімге төлейді?

Қоғам болған соң, көмекке мұқтаж топтардың болатыны заңдылық. Бұл ретте мемлекет қолданыстағы заңға сәйкес өз есебінен азаматтардың 12 санатына қаржы бөледі. Бірақ мұның да тізімін кеңейту қарастырылып отыр.

Қазіргі уақытта кішкентай бала; "Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған немесе оған дейін "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерін иеленген көп балалы ана; Ұлы Отан соғысына қатысушы және мүгедек; мүгедек; жұмыссыз ретінде тіркелген тұлға; интернатта оқып, тәрбиеленетін тұлға; орта, техникалық және кәсіптік білім, орта білімнен кейінгі, жоғары білім, сонымен бірге резидентура түріндегі ЖОО кейінгі білім беру ұйымдарында күндіз оқитын тұлға; бала туған, жаңа туған нәрестені асырап алған, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыстағы тұлға; жұмыс істемейтін жүкті әйел, сонымен бірге 3 жасқа дейінгі бала тәрбиелеу ісімен айналысатын жұмыссыз тұлға; зейнеткер; жазасын өтеуші; уақытша оқшаулау орындарында және тергеу изоляторларында отырған тұлғаға мемлекет төлейді. Сонымен қатар әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік орган, құқық қорғау органдарының қызметкері жарна төлеуден босатылады. Бірақ оларға ведомстволық желі мекемелерінде медициналық қызмет көрсетіле береді.

"Қазіргі кезде орнына мемлекет төлем жасайтын тұлғалар санатының тізімін кеңейтуді қарастыратын заң жобасы жасалды. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыссыз тұлға; ЖОО, ТжКББ, ОББ мекемелерінің күндізгі бөлімін бітірген, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі мекемені тәмамдаған тұлға оқу мерзімі аяқталған айдан кейінгі 3 күнтізбелік айда жарна төлемінен босатылады. Жұмыссыз оралман да тіркелген күннен кейін 1 жыл бойы төлемейді. Шет мемлекеттің азаматын және ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғаны да босату қарастырылған", – дейді денасаулық сақтау министрлігі жанындағы ҰОС ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпитальдің директоры Әділхан Абдулин.

Мамандар әскери қызметкерге, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкеріне, осы санаттағы зейнетақы төлемдерін алатын тұлғаға және олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету мәселесі реттеуді қажет ететінін айтады. Сала өкілдері оларға мемлекет есебінен медициналық көмек көрсетудің қолданыстағы механизмін сақтап қалуды ұсынады.

"Қазіргі кезде қолданыстағы заңға сәйкес әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелері мемлекет жарна төлейтін тұлғалар тізіміне жатпайды. ҚР Заң жобасына сәйкес мемлекет жарна төлеуі үшін әскери қызметкер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органы қызметкерінің отбасы мүшелерін жұмыссыздар есебінде тіркеудің жеңілдетілген тәртібін енгізу қарастырылған. Бұл тұлғалар санатына медициналық көмекті әскери-медициналық бөлімшелер мен денсаулық сақтау субъектілері көрсетеді. Санаториялық-шипажай қызметі қолданыстағы заңдағы тәртіппен мемлекет есебінен көрсетіледі", – дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" АҚ төрайымы Елена Бахмутова.

Қор жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінетінін айтады. Бұл денсаулық сақтау ресурстарын тиімді пайдалануды, белгіленген баға мөлшерін шығаруды, қызмет төлеуде бірыңғай ұстаным мен денсаулық сақтау жүйесінде қаржы тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді. Осыған байланысты заң акітілеріне өзгеріс енгізілген. Яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бірыңғай төлеуші ретінде айқындалады. Соныман қатар қордың қаржыландыру түрлері мен көздерін нақтылауға және қаржы тұрақтылығын күшейтіп, активтердің қауіпсіздігіне назар аударылады.

Тағы бір мәселе – дәрі-дәрмекпен қаматамасыз ету жағы да күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

"Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылдың 14 қазанындағы заңмен ратификацияланған келісімшарттың 31-бабын орындау мақсатында халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, дәрілік зат пен медициналық өнімді қолдану саласындағы қызметті, сонымен бірге дәрілік зат пен медициналық өнімді жеткізудің этикалық нормаларын енгізуді, дәрілік затты шығару кезінде тиісті өндірістік тәжірибе талаптарын сақтамайтын жеке және заңды тұлғаларға фармацевтикалық қызметпен айналысуға рұқсат қағаз беруге тыйым салуды реттейтін тұжырымдамалық ережелерді қабылдау керек", – дейді Елжан Біртанов.

Себебі ендігі кезекте сатып алу мен төлеудің бірыңғай тиімді ұстанымын және сапалы дәрілік затпен және медициналық өніммен қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап дәрілік зат пен фармацевтикалық қызметті алудың шығынын сатып алу мен төлеудің өкілеттіктерін айқындау көзделген. Бұл ретте "СК-Фармация" ЖШС әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры үшін фармацевтикалық қызмет көрсетудің бірыңғай жабдықтаушысы болмақ.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу