Кәсіпорындардың басым бөлігі мемлекеттік қолдаудан тыс қалды

8006

Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені сараланған тариф арқылы жеңілдетуге болады. 

Кәсіпорындардың басым бөлігі мемлекеттік қолдаудан тыс қалды

Коронавирус пандемиясы еліміздегі ірі және орта кәсіпорындардың денін тығырыққа тіреді. Ал төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның соңғы отырысында дағдарыс кезінде 361 кәсіпорынға ғана қолдау көрсетілетіні нақтыланды. Бұл – бизнестің наразылығы мен ренішін туғызды. 

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің сөзінше, салық төлеп отырған 1 млн 300 мың бизнес субъектісінің 2 мыңға жетер жетпесі ғана ірі және орта бизнес өкілі. Олардың арасынан 361 кәсіпорынды бөліп алып, қалғанын назардан тыс қалдыру дұрыс емес.

"Төтенше жағдай кезінде шағын және орта бизнеске жеңілдік жасауға қатысты үкіметке жолдаған 100 ұсынысымыздың 29-ы қабылданды. Ірі және орта кәсіпорындарға келетін болсақ, оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау мәселесі ашық талқыланған жоқ. Төтенше жағдайдан зардап шеккен кәсіпорындардың нақты тізімі де түзілмеді. Салдарынан ірі және орта кәсіпорындардың басым бөлігі мемлекеттік қолдаудан тыс қалды", – деді Рустам Жүрсінов.

Оның сөзінше, көпшілік 361 кәсіпорынның қалай таңдалғанынан бейхабар.

"Ірі және орта кәсіпорындар дағдарыстың алғашқы толқынын артта қалдырып, екінші толқынын бастан кешіріп жатыр. Алда басқа толқын болуы мүмкін. Бұлардың барлығын еңсеру үшін мемлекеттік қолдау қажет және ол барлығына бірдей ұсынылуға тиіс. Бұл ретте бизнес те өзінің әлеуметтік жауапкершілігінен бас тартпауы керек", – деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсіновтің айтуынша, бизнес-қауымдастық арасында жүргізілген сауалнама 46 300 қызметкердің ақысыз еңбек демалысына жіберілгенін, кәсіпорындардың 45% қызметін тоқтатуға мәжбүр болғанын, 30%-ы қысқартылған жұмыс күніне көшкенін көрсеткен.  

Тап қазір ірі бизнес аванстық төлем мәселесімен бетпе-бет келіп тұр. Бұл туралы бизнес-омбудсмен: "Салық төлеушілер тоқсан сайын корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлем төлеуге тиіс. Дәл қазір осы іс жүзеге асырылатын болса, бизнес қаражатсыз қалады. Ірі кәсіпорындарға жұмыс орнын сақтау және еңбекақы төлеу мәселесін туғызбау үшін төлем мерзімін келесі жылға дейін я болмаса мүмкіндігінше кейінге шегеру қажет. Тап қазір кәсіпорындар салық төлеумен қатар жұмыс орнын сақтап қалуды қатар атқара алмайды", – деді.

Рустам Жүрсіновтің пікірінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені азайту арқылы ірі кәсіпорындарға жеңілдік жасау керек.

"Табыс 90%-ға төмендесе, онда жеңілдік еңбекақы төлеу қорының 50%-ын құрауы мүмкін. Кіріс көрсеткіші 30% төмендесе, жеңілдік 15% болуға тиіс.

Мәселені сараланған тариф арқылы шешсе, тиімді болады", – деді бизнес-омбудсмен.

Абылай Бейбарыс

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу