Үш тәулік тоқтамай жауған жаңбырдың соңы тасқынға ұласып, бірнеше аудан мен қала қарғын судан жапа шекті. Мамандардың мәлімдеуінше, Аягөз ауданы мен Өскемен қаласы, Глубокое және Ұлан аудандары апаттың зардабын қатты сезінді.
Аягөз ауданы
11 наурыз күні Аягөз ауданында жолдардың қарғын судың астында қалуына байланысты "Қарағанды-Аягөз-Бұғаз", "Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар" бағытындағы жолдар жабылды.
"Өткен тәулікте облыста бір айдың мөлшеріндегі жауын-шашын түсті. Дағдарыс орталығы жанынан құрылған арнайы топқа 1000 адам, 300 техника, 56 жүзу құралы, 58 моторлы сорғы бөлінді", – деген ақпарат таратты төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
12 наурызда төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб 4 топқа бөлініп, апат шығындарын алдын ала есептей бастады. Су арнасына келгенімен, көшелер мұз кесектерге толып, ми батпаққа айналып кетті. Жергілікті штаб үй-үйді аралап, зардап шеккен отбасыларды тіркеуге алды.
"Штаб мүшелері төрт топқа бөлініп, үйлерді аралап жүрміз. Алдын-ала түскен мәлімет бойынша, 100 үйге су кірген, 8 үй тұруға жарамсыз болып қалған. Әлі аралайтын үйлер көп, қорытынды шығаруға ерте, – деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Жанат Қалиев.
Оның айтуынша, бір күн бұрын бір адам дәрігердің көмегіне жүгінген. Интернатқа орналастырылған ересектер мен 28 балаға аудандық білім беру бөлімі ыстық тамақ әзірлеп әкеліп жатыр. Ал Өскеменнен жеткен көмек жасағының психологы тұрғындарға моральдық қолдау көрсетуде. Қала жастары ерікті топ құрып, апаттан зардап шеккен адамдарға жедел көмек ұйымдастыруда.
"Еріктілердің саны 100-ден асады. Менің қасымда 30 шақты ерікті жүр. Жергілікті кәсіпкер Мұрат Ешенғазиев түскі ас уақытында 60 адамға палау, 30 литр ыстық шай, 100 дана бәліш әкелді. Бұл кісі кешеден бері елге қызмет етіп жүр. Көшеде жол талғамайтын көліктер ғана жүре алады. Мұрат Ешенғазиев тұрғындарды баратын жеріне өз көлігімен тасып жүр, – деді еріктілер тобының басшысы Шынар Сыдықова.
Ауданның 260 тұрғыны өз үйлеріне кірсе, Өскеменде 15 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Қазір олардың барлығы туысқандарын паналап отыр.
Ұлан ауданы
Ұлан ауданының Мамай батыр ауылынан бөлек Асубұлақ кентіне де су жайылды. Салдарынан бір отбасы мен 10 бас жылқы қауіпсіз жерге көшірілді.
"Өзге ауылдарда жағдай қалыпты. Жалпы, аудан бойынша 13 техника жайылған судың бетін қайтару үшін жұмысқа шықты. Қауіп болуы мүмкін деген елдімекеннің бәрінде кезекшілік қойылған, – дейді аудан əкімінің міндетін атқарушы Дулат Қажанов.
Ұлан ауданы аумағында қарғын судың жолға жайылуы жиілеген. Дегенмен қазір Бесқарағай, Шымқора ауылдары мен Қасым Қайсенов кентінің негізгі жолдарында көлік қатынасы қалыпты жағдайда.
Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Мамай батыр ауылының тұрғындарымен кездесіп, жаңа көпір салынатынын айтты. Ол үшін аудандық әкімдік қажетті сметалық құжаттарды кешіктірмей дайындауы керек.
Үржар ауданы
Аудан әкімінің орынбасары Дидар Хамитовтың айтуынша, Үржар ауылының Морозов көшесінде төрт аулаға су жайылған. Абырой болғанда төтенше жағдай қызметінің мамандары жедел қимылдап, апаттың алдын алған.
"Ауа температурасы біртіндеп түсіп келеді. Қазір минусты көрсете бастады. Жаңбыр басылған. Қарғын су арық арқылы ағып кетіп жатыр", – деді аудан әкімінің орынбасары.
Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серік Тілемісовтің айтуынша, Таскескен-Бақты бағытындағы республикалық жолдың 0-75 шақырымында көлік қатынасы біртіндеп қалпына келген. Бұған дейін бұл жолдағы қозғалысқа шектеу қойылған болатын.
"Бұл жол күрделі жөндеуден өтіп жатқан. Жаңбыр суы беті асфальтталып үлгермеген тағанды бүлдірді. Мердігер компания "Зайсан құрылыс" батқан көліктерді сүйреп шығарып, ойылған жерлерді тегістеп жүр. Оның сыртында 3 трактор, 3 Камаз, 2 эксковатор, 2 грейдер жұмыс істеп жатыр", – деді бөлім басшысы.
Күршім ауданы
Күршім ауданында Топтерек ауылының көпірін су шайып кеткен. Толассыз жауын өзен деңгейін көтеріп, Топтерек ауылын аудан орталығымен байланыстырып тұрған көпірді қиратқан. Тіпті көпірден асқан су елдімекенге қауіп төндірген. Дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде қауіптің беті қайтты. Алайда Топтерек ауылының сыртпен байланысы қиындады. Көпірдің бүлінген жерінде жасанды өткел жасалды. Қазір жергілікті әкімдік өкілдері, Шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағы мен төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарды өзеннен қайық арқылы өткізіп жатыр. Негізгі жол ауылдан төрт шақырым жерде жатыр.
"Қайық арқылы тек қатты қажеттілік туындаған адамдар ғана тасымалдануда. Қазірге дейін жасанды өткелдің көмегіне 7 ересек адам мен 3 бала жүгінді. Аудан бойынша кезекшілік пен мониторинг тәулік бойы жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ТЖД.
Көкпекті ауданы
Самар ауылында бір үйді су басқан. Бүгінгі таңда су сорылып, иелері үйлеріне қайта кірді.
"Су еденнің астымен жүрген. Біз барлығын құрғаттық. Аудан бойынша 48 техника, 6 моторлы сорғы, 10 мың құм салынған қап дайын тұр. Самар, Лайлы, Ешкібас су қоймаларына күзет қойылған, ондағы жағдай қалыпты", – деді аудандық төтенше жағдайлар және жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Қуаныш Анкебаев.
Зырян ауданы
11 наурызда Зырян қаласының көшелері де Венецияны еске салды. Жаңбыр суына шыланған қар жүріс-тұрысты қиындатып жіберді.
"Қазір барлық жолдар тазартылып жатыр. 15 техника жұмылдырдық. Мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысанның барлығына жол ашық. Бүгін Зубовск кенті мен теміржол арасын тазарттық", – деді аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов.
Глубокое ауданы
Бұл ауданда мезгілсіз жаңбырдың әсерін Ушаново, Предгорное және Тарханка ауылдары көбірек сезді.
"Таудан аққан су Ушаново ауылында бірнеше үйдің ауласына еніп, жертөлесінен бір-ақ шыққан. Үй иелері жер кебірсігенше жертөлені құрғатудан пайда жоқ деп отыр.
"Предгорное ауылында қыс бойы мұзбен алысқанбыз. Су асфальтты жолға жайылып, бір үйге кірген. Бұл үйдің жертөлесін судан сорғытып, маңайын құрғаттық. Глубокое кентінің Калинин көшесінде бірнеше көпқабатты үйге кіріп-шығу қиындық туғызуда. Тек 26 үйдің тұрғындары жатақханаға көшуге келісті. Қалғандары судың қайтқанын ескеріп, пәтерлерінде қалды. Белоусовка ауылында да аулаға су жайылған. Басқа ауылдарда да көшеге су қаптаған. Қазір жағдай бақылауда, – деді аудан әкімі Қалихан Байғонысов.
Айта кетейік, бұлардан бөлек Риддер қаласы мен Зайсан ауданында көшелер суға толып, аулаларға қарғын су кіргені анықталған.
Апаттың алғашқы себептері
Кеше Өскемен мен Риддер қаласында мектеп оқушылары мен 1-2 курс студенттері сабақтан босатылды. Ал төтенше жағдайлар комитеті облыста орын алған тасқынның себептерін атады.
"Елдімекендерде арық жүйесінің жоқтығы, бар болған күннің өзінде тозып, істен шығуы жаңбыр суының жайылуына себеп болған", – делінген комитеттің мәлімдемесінде.
Комитеттің баспасөз қызметі елдімекендердің аумағы ретсіз кеңейіп, қосымша құрылыстардың бөгет-арықтар шеңберінен сыртқа түсуі, жаңадан бой көтерген аудандарға арық жүйесінің тартылмауы судың дендеп жайылуына қосымша себеп болғанын айтады.
"Қазгидромет" мекемесінің мәліметі бойынша 1-11 наурыз аралығында Шығыс Қазақстан бойынша 53,2 мм жауын-шашын түскен. Бұл қалыпты мөлшерден 2 есе артық көрсеткіш. Тек 10 наурыздың өзінде 11 мм, 11 наурызда 20,7 мм жауын-шашын жауып, бір айдың мөлшерінен асып кеткен.
"Төтенше жағдайлар комитеті мен облыстық департамент жедел штаб құрып, 1032 адам, 286 техника, 56 жүзу құралы мен 58 моторлы сорғыдан жасақталған апаттық құтқару тобын күреске жұмылдырды. Табиғи апаттың салдарынан 70 үйді, 150 аула мен 11 саяжайды су алды", – деп жазылған комитет таратқан ақпаратта.
Су кірген үйлерден жергілікті атқарушы органдардың көмегімен 400 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олардың бір бөлігі Аягөз қаласындағы №6 мектеп-интернатқа орналастырылса, қалғандары туысқандарының үйлеріне жайғасты. Ал Өскеменде "Үлбі" халыққа қызмет көрсету әлеуметтік орталығы апаттан зардап шеккендерді қабылдауға дайын тұр. Қызметтердің бірлескен әрекеті арқасында су алған жерлерге 1440 құм салынған қап төселді. Инертті материалдар Өскемендегі 3 үйді су басудан сақтап қалды. Осыған дейін 13 мың текше метр су сорылған. Апаттың салдарымен күрес жалғасып жатыр. Соңғы дерек бойынша, облыс бойынша 136 үйден су сорғытылған, 6 үй әлі суға малынып тұр.
Есімжан Нақтыбайұлы