Қызыл су толарсақтан саз кешкізді

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3935

Су тасқынының салдарынан бірнеше үй құлап, 1 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Қызыл су толарсақтан саз кешкізді

Алматы облысының халқы тағы да әбігерге түсті. Бұл жолы Ұзынағаш ауылы тұрғындарынан маза кетті. Өзен боп аққан қар мен жаңбыр суы көшелерді басып, жұрт табалдырықтан аттап шыға алмай қалды. Қазір жұрт су тасқыны үйлерін ағызып жібере ме деп жандарын шүберекке түйіп отыр. Тұрғындар су тартылғанша оқушыларды сабақтан босатуды талап етуде.

Алматы облыстық төтенше жағдай департаментінің хабарлауынша, Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ,  Талғар  аудандары мен Талдықорған қаласында барлығы 130-дан астам тұрғын үйді су басқан. Арнайы құтқару қызметі іске кіріссе де, тасқын судан мезі болған тұрғындар әкімшіліктен де, төтенше жағдай қызметкерлерінен де көмек болмағанын айтады. Ұзынағаш елді мекенінің су астында қалған жұрты: "Құтқарушылардың біресе құмы, біресе қабы бітіп қалады. Өз қаражатымызға құм түсіріп, бөгет салып жатырмыз", –  деп шулап қоя берді.   

Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 27 ақпан күні су басу қаупіне байланысты Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 250 үйден 1 мың адам эвакуацияланды. Халықты қауіпсіз жерге көшірумен жергілікті атқарушы орган (25 жұмысшы, 7 техника), Төтенше жағдайлар департаменті (17 қызметкер, 3 техника), "Қазселқорғаныс" мемлекеттік басқармасы (4 қызметкер, 1 техника) және аудандық ішкі істер бөлімі (18 қызметкер, 6 техника) айналысты.

"7 автобус жұмылдырылды, Талғар қаласында эвакуациялық пункттер дайындалды (№13 және 31 мектептер, экономикалық колледж, медициналық колледж). 28 ақпан күні сағат 00.45-те эвакуациялық шаралар аяқталды", –  делінген ТЖД ақпаратында.  

ТЖД таратқан  мәліметке сәйкес, 27 ақпан күні республикалық маңызы бар 6 күре жол арқылы су тасыған. Қозғалыс шектелмеген. Қазіргі уақытта "Қазақавтожол" РМК суды бұру және құбырлы өткелдерді тазалау жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, су тасқынының салдарын жою жұмыстары Жамбыл ауданы, "Алматы-Ташкент" республикалық маңызы бар тасжолының 134-шақырымында, Еңбекшіқазақ ауданы, "Алматы-Көкпек-Көктал" республикалық автожолының 30-шақырымында, Талғар ауданы, "Алматы-Талғар" республикалық автомобиль жолының 64-шақырымында, Қарасай ауданы, "Алматы-Жандосов" республикалық тасжолының 22, 25 және 43-ші шақырым аралықтарында жүргізілуде.  

Алматы облыстық ТЖД мәлім еткендей, ауданның Қайназар ауылында төрт көшедегі 50 үйді су алды. Сондай-ақ 27 ақпан күні кешкі сағат 18:15-тегі жағдай бойынша Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы Баспана көшесінде 100 ауланы су басты. Бұдан бөлек сағат 19:32-дегі жағдай бойынша Талғар ауданы Талғар қаласының Қонаев көшесінде орналасқан жер үй толығымен қирады. Зардап шеккендер жоқ. Тұрғындар туыстарына жеткізілді. Тіпті кеше Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері Алматы облысының Ұзынағаш ауылындағы су басқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге жәрдемдескен. Олар арықтарды тазалап, құм салынған қаптардан бөгет жасап, ауыл тұрғындарына үйдің ауласынан еріген қар суын шығаруға көмектесті.

Қызыл су Алматы қаласын да айналып өтпеді. Өжет шағын ауданының он шақты үйінің ауласына жайылған су 2 үйді құлатқан. Ал қазір шаңырағы шайқалған көпбалалы отбасы далада жүр. ТЖД құрылымдық және ведомстволық бағынышты бөлімшелерінен 17 адамнан тұратын 3 шұғыл топтар облыстың жоғары­да аталған аудандарында табиғи апаттың зардап­тарын жою жұмыстарын ұйымдас­тыру және жүргізу үшін жіберілді.

"Су бас­қан жерлерден 407,5 текше метр су соры­лып алынды. Мұндай жағдай әсіресе Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жам­был аудандары мен Талдықорған қала­сында байқалады. Жергілікті атқару­шы органдардан – 213 адам, облыс­тық төтенше жағдайлар департа­мен­тінен – 71 адам, 93 бірлік өртке қарсы және инженерлік техника жергілікті жерде күн-түн демей жұмыс істеп жатыр", – деді Алматы облыстық төтен­ше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Серікхан Тұраров.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға Алматы әкімдігі 7,5 млрд теңге дайын­дап отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 1,4 есе көп. Көктемгі су тасқыны қауіпсіз­ді­гін қамтамасыз ететін 5,5 мың жеке құрамның адамдары және 1716 әртүрлі техникалар сақадай-сай тұр.

Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, су тасқынына қатысты өзендер­дің су деңгейінің негізгі болжамын Қазгидромет әзірлейді. Бұл сұрақ  1 наурыз­дан бастап апта сайын,  әр үш күн сайын нақ­тыланып отырады. Қыс қарса­ңын­да көк­тем­гі тасқынсудың алдын алуға қатысты 204 шара іске асырылыпты. Инженерлік қорғау нысандарына – 12,56 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 6,16 млрд теңге жұмсалған. Республика бойынша 108 қорған бөгеті салынып, бекітілген 71 гидротехникалық құрылыс, 8 көпір, 12 авто­көлік жолы жөндеуден өткізілген.

Дәл қазіргі жағдай тіптен күрделі. Талғар ауданында 62 аула (Тұздыбастау – 27, Бесағаш – 2, Қызылту – 10, Панфилов – 14), Қарасай ауданында 82 аула   (Қаскелең – 28, Батан – 34, Қырғауылды – 5, Абай – 15) қауіпті аймаққа жатқызылды. 

Қалай десек те, бұл жыл сайын көктем алдында төнетін қауіпке басшылардың немкетті қарайтынын көрсетеді. Кейбір облыстық әкімдіктер табиғи апаттың зардаптарын жоя алмайтындықтан Үкімет қорынан 5,8 млрд теңге бөлінді.   

Қайбір жылы "су тасқыны келе жатыр" деген ақпарат тарағанда жұрт шырт ұйқысынан тұра сала, үй-жайын тастап, қаланың жоғары жағына ағылып еді. Тіпті камаз, газель көлігі тола тұрғындарды көргенде бойдағы үрей еселене түскен. "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" демекші, сол кезде Наурызбай ауданына қарасты Алғабас, Таусамалы елді мекендерінің біраз үйлерін су шайып кетті. Тұрғындар өз күштерімен суды бөгеуге тырысса да, тілсіз жаудың келтірген шығыны көп болды. Бұдан да сабақ алмағанымыз ба, қалай?

Бұлбұл Болат 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу