Билік атақты суретшінің ауылына қиын "ультиматум" қойды

2189

Шенеуніктерге салса, демографиясы түзелмеген ауылдар мәдени деградация құрдымына құлай берсе болады ма?  

Билік атақты суретшінің ауылына қиын "ультиматум" қойды

Жасыратыны жоқ, кескіндеме өнері қазақ арасында аса танымал емес, сондықтан болса керек, алдыңғы ғасырларда өмір сүрген атақты, беткеұстар суретшілеріміз тым аз. Қазақтың заманауи бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің туғанына бірер жылдан соң 120 жыл толады екен. Дарынды қылқалам шебері, көрнекті график-суретші Ә. Қастеев 1904 жылғы 1 қаңтарда Алматы облысының Панфилов ауданындағы Шежін ауылында дүниеге келген.

Бірақ оның мерейтойын туған ауылы көңілсіз көрініспен қарсы алатынға ұқсайды. Аталған межеге абаттанған күйде жету үшін шежіндіктер Үкімет мүшелеріне қайырылып жатыр. Бірақ елордадағы заңғар һәм сән-салтанатты ғимараттарда отырған шенеуніктер оған құлақ аспайтын түрі бар.

Шежін ауылының тұрғыны Фарида Рамазанқызы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға өтінішпен жүгінді. Өз хатында ол жеке басындағы мәселені емес, ауылдықтардың ортақ тілегін жеткізді. 

"Ақтоты Рахметоллақызы, Алматы облысының Шежін ауылында қазақтың даңқты суретшісі Әбілхан Қастеев атамыз дүниеге келген. Келешек ұрпақтың спорт пен өнерге деген ынтасын арттыру мақсатында сізден алдағы уақытта Ә. Қастеев атамыздың туған жері – Шежін ауылына 50 орындық шағын Мәдениет үйінің және 50 орындық шағын Спорт кешенінің салынуына ықпал етуіңізді сұраймыз", – деп өтінді Шежін ауылының тұрғындары.

Билік сонда не деді?

Мәдениет министрі мәдениетті түрде меселін қайтарып тастады. Ұзақ сөзін қысқаша түйсек, ауылдарыңызда демография нашар, тұрғын саны тым аз, алдымен көбейіп алыңыздар дегенге саяды. Бұл ретте А. Райымқұлова Мәдениет және спорт министрі болып тұрған тұста, 2015 жылғы 31 наурызда Арыстанбек Мұхамедиұлы бекітіп кеткен №121 бұйрығына сілтеме жасады. Бұл құжат "облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, аудандық, облыстық маңызы бар қалалардың, ауылдық деңгейлердегі мәдениет ұйымдары желісінің ең төменгі мемлекеттік нормативтерін" бекітті.

Осы нормативтерге сәйкес, ауылда мәдени-демалыс ұйымдарын, яғни Мәдениет үйін салу үшін келесідей талаптар қойылады. Біріншіден, халық саны 1 000-2 000 адам болған кезде 1 000 адамға 230-300 орындық нысан, екіншіден, халық саны 2 000-5 000 адам болған кезде әрбір 1 000 адамға 190-230 орындық нысан, халық саны 5 000 адамнан асатын аймақтарда 1 000 адамға 140-190 орыннан келетін нысан. Ал халқының саны 1 000 адамнан кем ауылдар үшін аудан орталығында жылжымалы мәдени-демалыс кешені қарастырылуы керек. Шыны керек, қарастырылып жатқаны шамалы. Бұрынғыдай, әртістер ауыл-аймаққа гастролмен шықпайды.

"Шежін ауылында ресми тіркелген тұрғындар саны 553 адам. Осыған байланысты сіздердің елді мекендеріңізде Мәдениет үйін салу тек халық саны 1 000 адамнан асқан кезде ғана Алматы облысы әкімдігі тарапынан жоспарланатын болады", – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, шежіндіктерге әзірге ауылдық округтегі спорт нысанын қанағат тұтуға тура келетін сияқты.

Алматы облысы әкімдігінің ақпаратына сәйкес, Панфилов ауданының Бірлік ауылдық округінің құрамына Шежін, Алты үй, Нәдек деген 3 ауыл кіреді.

"Соның ішінде Шежін ауылы спутниктік және тірек ауылға жатпайды. Себебі аталған елді мекенде 98 үй бар. Олардағы тұрғындар саны – 553 адамды құрайды. Қазіргі таңда Шежін елді мекенінің Шежін орта мектебінде 81 оқушы білім алуда. Ол мектепте үстел теннисі, шахмат, дойбы үйірмелері жүргізіледі және сыртта шағын футбол алаңы бар. Ал Панфилов ауданының Бірлік ауылдық округінде спорттық нысандардан – 1 спорттық кешен, 5 спорт залы және 5 спорт алаңы жұмыс істеуде", – деп нұсқады А. Райымқұлова.

Жалпы мыңға жетпейтін ауылдарда мәдениет үйлерін, спорт кешендерін салмау – экономикалық тұрғыдан алғанда орынды. Бірақ бұл көреген саясатқа ұқсамайды. Себебі не мәдениет ошағы, не спортпен айналысуға қажетті орталығы болмаған соң ондай жерге жергілікті жастар да тұрақтамайды. Сырттан жас мамандар келмейді. Егер ең құрығанда, осындай шағын нысандар ашса, бәлкім, ауылға қалалардан адамдар тартылып, елді мекен тұрғындарының саны ұлғаяр ма еді?! Бұл ретте келмеске кеткен Кеңес өкіметінің әр ауылда клуб құрғаны еске түседі.

Бір өкініш, бір жұбаныш...

Негізі, Шежін ауылын қанатының астына алған, 6 559 адам тұрып жатқан Бірлік ауылдық округі – еліміздегі кедей елді мекендердің бірі саналады. "Панфилов ауданының 2021 жылға арналған бюджетінде" 3 ауыл қарайтын Бірлік ауылдық округіне бар-жоғы 14 млн 131 мың теңге ғана берілген. Яғни 4 ауылдық елді мекенге бір жылға осынша ғана қаражат бөлініп отыр. Салыстыру үшін айтсақ, елордадағы Министрліктер үйіндегі шенеуніктер мінетін 1 көліктің бағасы бұдан екі-үш есе қымбат тұрады.

Дегенмен Ә. Қастеевтің туған ауылының тұрғындары үшін жақсы жаңалық та бар.

Еске сала кетсек, 2020 жылғы шілдеде Шежін ауылына сапарлаған "Еуразия бірінші арнасындағы" әріптестеріміз ондағы жалғыз мектептердің қабырғалары жарылып, ағаш едендері шіріп жатқанын көрсеткен болатын. Әбден ескіріп, тозығы жеткен оқу ғимараты білім ордасына емес, әлдебір шағын жүк қоймасына көбірек келіңкірейді.

Оның бір қабырғасы қисайып тұрғандықтан, ішке опырылып түспес үшін тіреу қойып, уақытша ұстата салған, қаңылтырмен жауып қойған. Бала оқытпақ түгіл, ішіне кірудің өзі қорқынышты.

Жауапты жергілікті шенділер апатты мектеп мәселесін жапсарлас нысан салып, шешпекші болған. Алайда оған шежіндіктер наразы болды. Өйткені іргесі 1936 жылы қаланған білім ордасына 1983 және 2005 жылдары да осындай іргелес ғимарат салыныпты. Олардың жағдайы да мәз емес.

Енді белгілі болғандай, Мәдениет және спорт министрінің мәліметінше, биылғы жылы Шежін ауылында жаңа қосалқы 60 орындық мектеп құрылысы басталыпты. Аталған ғимаратта спорт залы мен акт залы болады. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

Шежін ауылында бүгінде спортпен айналысушылар саны 120 адамға жетіпті. Яғни ауылдықтардың ішіндегі спортшыларының үлесі 21,7%! Тиісті жағдай жасалып, инфрақұрылымы болса, спорт ауылдықтардың жақсы бір ермегіне, өмірлік серігіне айналғалы тұр.

Алайда А. Райымқұлова "халық санының өте төмен болуына байланысты аталған елді мекенге спорттық кешен салу әзірше жоспарланбағанын" хабарлады.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу