Кәсіпкердің мәселесіне салғырт қараған шенеунік жазаланды

"Атамекенге" шағымданған кәсіпкердің жер дауы оң шешімін тапты.

Кәсіпкердің мәселесіне салғырт қараған шенеунік жазаланды

Біз бұған дейін Алматы облысы Көксу ауданындағы "Ая" шаруа қожалығының жетекшісі Нұртас Жақыпбековтің жергілікті шенеуніктердің өз қызметін салғырт атқаруы салдарынан зардап шегіп жүргенін жазған едік.

4 жыл бойына жалға алған жер телімін мақсатты пайдалана алмай отырғанын айтып шағымданған кәсіпкер ақыры "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалына жүгінген болатын. Шаруа қожалығы басшысының арызы бойынша арнайы жиын өткізген палата өкілдері іске Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерін тартқан болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткесін жан-жақты зерделенген мәселе кәсіпкердің пайдасына шешілді. Осылайша 2015 жылдан бері Көксу ауданынына қарасты Еңбекшіқазақ ауылдық округі аумағындағы 15 гектар алқапты игілікке жарата алмай келген  кәсіпкер Нұртас Жақыпбековке сәйкесінше басқа аумақтан тиісті жер телімі беріліпті.

Кәсіпкердің өтінші қанағаттандырылғанын Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында Көксу ауданы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Кененбаев мәлімдеді.

"Бұған дейін кеңесте қаралған кәсіпкердің жер дауына қатысты мәселесі оң шешілді. Қазіргі таңда "Ая" шаруа қожалығына жаңадан жер учаскесі берілді",- деді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, кәсіпкердің өтінішіне дер кезінде жауап бермеген әкімдік қызметкерлері жазаланған көрінеді. Істі мұқият талдаған Алматы облысының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары аудан шенеуніктері тарапынан жер қатынастарына қатысты заңдық ережелердің сақталмағанын анықтаған.

Жалпы,"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының Алматы облыстық филиалы өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша атқарылған істерді зерделей келе, шағын және орта бизнес нысандарына қатысты орын алған 35 әкімшілік кедергіні анықтаған. Оның он алтысы республикалық мекемелерге қатысты болса, 19 кедергі жергілікті өңірдегі шенеуніктердің кесірінен болған екен.

"Алматы облысында жер мәселесі, соның ішінде учаскелерді беру, рәсімдеу өзекті мәселе болып тұр. Ал оны болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы орган үшін де, кәсіпкер үшін де қолжетімді болатын жер учаскелерінің онлайн геокартасын жасау қажет. Біз учаскелерді бөлу кезінде жариялылық пен ашықтықты орнатып, түрлі жер конкурстары мен аукциондардың барынша көп ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз",- дейді Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Баниямин Файзулин.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу