Жетісудің ақылы жолдарының экономикаға үлесі қандай болмақ

Көлік жүргізушілері Қапшағайға дейін – 100 теңге, Қорғасқа дейін 300 теңге ақы төлей бастады.

Жетісудің ақылы жолдарының экономикаға үлесі қандай болмақ

Қазақстанның транзиттік әлеуетінің артуына Жетісу өлкесіндегі теміржол қатынасынан бөлек, автокөлік жолы да үлес қосып отыр. Қазір "Қорғас – Шығыс қақпа" арнайы экономикалық аумағынан басталатын автокөлік жолы еліміздің батысына қарай жалғасып, күн шығыс пен батыс Еуропаны жақындата түсті.

Ал Алматы – Өскемен автобанының облыс аумағындағы бөлігінің пайдалануға берілуі экономикалық табыс көзінен бөлек, отандық туризмді дамытуға жол ашты. Бүгінде Алматы қаласы мен Талдықорған қаласына дейінгі 270 шақырымға жуық күрежол әлемдік стандартқа сай салынып, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Осы жол енді облыстың шығыс аудандарын көктей өтіп, Алакөл жағалауына дейін жетпекші. Яғни, облыс аумағынан өтетін 312 шақырымдық "Талдықорған – Өскемен" және ұзындығы 184 шақырым болатын "Үшарал – Достық" автожолдары алдағы үш жылдың ішінде аяқталмақ. Одан әрі автобанның құрылысы Шығыс Қазақстан облысының аумағында жүргізіледі.

Күрежолдың экономикалық кіріс көзі ретінде қалыптасуының дәлелін облыс аумағында екі бағыт бойынша ақылы трассаның іске қосылуын айтуға болады. Жыл басында Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас тасжолы ақылы қызмет көрсетуге көшті. Қазір көлік иелері Алматы қаласынан Қапшағай қаласына дейінгі 42 шақырым жолды жүріп өткені үшін 200 теңге көлемінде ақы төлеп жатыр. Бұл сома ақшаны төлемақы қабылдау жүйесіне қолма-қол төлеген кездегі баға, ал төлемақыны алдын ала төлеу арқылы жүзеге асырған жағдайда жол құны – 100 теңге болады. Дәл осындай әдіс Алматы қаласы мен "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастық орталығы аумағына дейінгі көлік дәлізіне де қолданылуда. Бұл бағыт бойынша Қорғасқа дейінгі 295 шақырым жолды жүріп өткені үшін көліктер 600 теңгені қолма-қол төлесе, алдын ала төлем арқылы 300 теңге төлеуде.

"Ақылы жолдың іске қосылуы ел экономикасына кіріс әкеледі. Қазір Алматы облысы бойынша 2 бағытта төлем алуды бастадық. Алдын ала төлем жасаған жүргізушілерге жеңілдік жасалуда. Ол үшін кез келген төлем терминалдарынан "Қазавтожол" мекемесінің шотына көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін көрсету арқылы белгілі мөлшерде ақша аударып қою керек. Сонда төлем қабылдау бекетіне тоқтап, тексеруден өтудің де қажеті болмайды. Бейнебақылау құрылғысы көлік нөмірін автоматты түрде танып, машинаны кедергісіз өткізеді", – дейді "Қазавтожол" ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Мәулен Әліпов.

Үлкен Алматы айналма көлік жолы құрылысының басталуы да Алматы облысының аумағындағы жолдардың дамуына қосылған сүбелі үлес болмақ. Биылғы көктемде толық қуатында іске қосылатын БАКАД құрылысының алғашқы нәтижесі төрт жыл ішінде белгілі болмақ. Осы уақыт аралығында жекелеген аумақтарды ішкі жоддар кезеңімен іске қосыла бастайды. Ал жолдың жұмысы 2036 жылға дейін толық тиянақталады. Жалпы бұл құрылысқа қажетті қаржының қомақты бөлігін жеке инвесторлар әкеледі. Жоба құны 180 млрд теңге шамасында болжанған.

Жалпы, Алматы қаласының маңындағы көлік жолдарын жөндеу мен қайта салу облыс үшін бірнеше стратегиялық міндет жүктеп отыр. Соның бірі Қарасай ауданы аумағына орналасқан "Алтын Орда" әмбебап базарының тасжолы болатын. Жолдағы кеңейту жұмыстары 2017 жылы басталған. Жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуға тиіс. Бірақ, облыс аумағына тиесілі жол құрылыс биыл аяқталуы мүмкін.

"Оңтүстіктен келетін автокөлік жолының біздің облыс аумағынан өтетін ұзындығы 4 шақырымға жуық. Біз жолды қайта салу үшін 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлдік. Трасса екі бағытта 3 жолақ бойынша тоқтаусыз көлік өткізе алады. Қосымша 2 жолақ тағы бар. Мұнымен қоғамдық көлік пен арнайы техника жүре алады. Облыс өз міндеттемесін биыл орындап, жолды іске қосуға ниетті", – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, аймақтағы 17 аудан мен 2 қаланың тіршілігіне жан бітіріп тұрған қозғалыс өзегі іспетті ішкі жолдың ұзындығы 6138,6 шақырымды құрайды екен. Өткен жылы осы ішкі қатынас жолының сапасын сараптаған мамандар, жол сапасы 78,1 пайызға жақсарды деген шешім шығарыпты. Жалпы, Алматы облысында жергілікті маңыздағы жолдарды салу мен жөндеуге жыл сайын 30 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді. Ал осы жылы ішкі жолдардағы қауіпсіз және үзіліссіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатына 17 359,815 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 374,117 млн теңге республикалық бюджеттен, ал 10 985,698 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлініпті. Енді осы қаржыға аймақтағы 23 шақырым жолды қайта салу мен жаңғырту жұмыстары басталады.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу