Мектеп жетіспейтін өңірлер "мен мұндалаған" ғимарат салуға құмар

Алматы облысында апатты жағдай тұрған және 3 ауысымда оқытатын мектептерді алмастыруға республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлінген. Ал жағдайды толықтай оңалту үшін тағы  29 млрд теңге қаржы қажет.

Мектеп жетіспейтін өңірлер "мен мұндалаған" ғимарат салуға құмар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Алматы облысына келген жұмыс сапарында жергілікті атқарушы биліктің бюджет қаржысын мақсатты пайдаланбауын сынаған болатын. Президент өңірлерде баспана, мектеп, басқа да әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі бола тұра, жергілікті биліктің облыс орталықтарына зәулім ғимараттар салуға құмар болып алғанын айтты. Мәселен, шағын қаланың бас жоспарына сай көріктендіру мен безендіруге бөлінген қазына қаржысының қисапсыз көп болуы әкімдердің әр ғимаратта өз қолтаңбасын қалдырып, атағын шығаруға себеп болуда. Өйткені, тұрғын саны 300 мың адамнан аспайтын қалалар үшін бірнеше қабаттан тұратын мәдени орталық пен жеке кеңсе ғимаратын салу тиімсіз екені анық. Ал бұл кезде өңірде мектеп жетіспеушілігінің салдарынан мыңдаған бала 3 ауысыммен біліп алуға мәжбүр болып отыр.

Дәл осыған ұқсас жағдай Алматы облысына да тән. Әсіресе, 3 ауысымды мектеп мәселесі өткір тұр. Мәселен, Жетісуда жақын жылдары  14 жаңа мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлініпті. Алайда, өңірдегі жағдай бойынша қосымша тағы 20 мектеп салу қажет екен. Бұған 29 млрд теңге қаржы кетеді.

"Облыс мектеп жетіспеушілігін шешу үшін жұмыс істеуде. Бірақ, аймақтағы демография қарқыны біз ойлағаннан асып түсіп, өңірдегі әлеуметтік нысандарға сұранысты арттырып отыр. Мысалы, облыс аумағында жыл сайын 50 мыңға жуық бала туса, әр оқу жылында 40 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Демек, апатты жағдайда тұрған және 3 ауысыммен оқытып жатқан мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мен жаңадан салуға бөлінген қаржымыз аздық етіп отыр. Алдағы бір-екі жылда облыста 14 мектеп жаңадан салынады. Бірақ, сұраныс бойынша тағы 20 мектеп салуымыз керек", – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Әлеуметтік нысандар туралы айтқанда, баспана мәселесінен айналып өтуге болмайды. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы әулеттерді тұрғын үймен қамту жағдайы ешбір өңірде сын көтермейді. Бұл жағдай Алматы облысында да күрделі. Бұған Президент Тоқаев та мән беріп, Баталовқа жұмысты ширатуға тасырма берген.

"Алматы облысында үй кезегінде 41 мыңнан астам адам тұр екен. Олардың ішіндегі 11 мыңы – аз қамтылған көп балалы отбасылардың өкілдері. Бірінші кезекте осындай отбасылардың мәселесін реттеу керек. Жас отбасылар мен жұмыс істеп жүрген жастарға арналған тұрғын үйлерді салуды жеделдеткен жөн. Басқа өңірлердегі сияқты жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында "7-20-25" бағдарламасының алғашқы жарнасының бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары тетігін енгізген дұрыс", – деген еді президент.

Атқарушы билік тарапынан тұрғын үй құрылысын өркендетуге ынта болғанымен, баспанаға мұқтаж адамдар саны жыл сайын артып келеді. Бұл жерде әлеуметтік бағыттағы жеңілдетілген бағдарламамен үй алғысы келетіндердің қарасы мол. Басқаша айтқанда, тұрғындардың баспананы тікелей сатып алуға қаржысы жеткіліксіз. Тіпті, ең төменгі пайызбен берілетін ипотека рәсімдеуге аймақ тұрғындарының табысы жетпейді. Демек, тұрғын үй кезегі жыл сайын көбеймесе, азаймайтыны да анық.

Аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайының төмендігін адамдардың "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалының Қоғамдық қабылдауына көптеп келуінен байқауға болады. "Халыққа көмек"  бірыңғай әлеуметтік терезе" партиялық жобасы аясында жыл басынан бері облыста партияның барлық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 376 өтініш тіркеліпті. Сараптама әрбір үшінші өтініш баспана мәселесіне қатысты екенін көрсеткен.

"Жетісу өңірінде 40 мың көпбалалы отбасында 165 мың бала тәрбиеленеді. Олардың 11 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар. "Бақытты отбасы"  жобасы аясында Алматы облысында әлеуметтік жол картасы іске қосылды. Ағымдағы жылы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге, Әлеуметтік жол картасына қосымша 3,4 млрд теңге қаражат қарастырылды" дейді "Nur Otan" партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу