Текес – Алматы облысының Райымбек ауданындағы алақандай ауыл. Қаладан, қала берді аудан орталығынан да шалғайда жатыр. Қол созымда Қытаймен шекара. Қазір осы өңірде мал басын көбейтіп, картоп шаруашылығын өркендетіп отырған еңбекшіл қауым бар. Ауылда шағын өндіріс те жұмыс істеп тұр екен.
Текестік Сейітжан Жұмағұлов былтыр "Бизнес-Бастау" жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып үйренген болатын. Бизнес жоспарын жасап, оны "Даму" қорына ұсынып еді, қор өз ісін бастауға 1,5 миллион теңге қаражат берді. Кәсіпкер бұл қаржыға пластик материалдан есік-терезе жасайтын цех ашты. Қажетті құрал-жабдық сатып алды.
"Қазір ауылдағы ағайынның жағдайы жақсарды. Көбісі ескі үйлерін толықтай күрделі жөндеуден өткізіп, қаладағыдай "еурожөндеу" жасап жатыр. Әсіресе, есік-терезе ауыстыру дәстүрге айналды. Біздің ауыл орталықтан шеткері болғандықтан қажетті құрылыс материалдарын тасымалдау қиын. Осыны ескеріп ауылдан пластик терезе, есік жасайтын цех ашуға бел будым. Тәуекел ақталды, енді жұмыс жүріп жатыр", – дейді кәсіпкер Сейітжан Жұмағұлов.
Қазір ауылдың әр үйінде Сейітжанның цехында жасалған терезе тұр десе болғандай. Өндіріске заттар шикізат пен құрылыс материалдарын Алматы қаласынан тасымалдайды. Дайын өнім бағасына тасымал құны қосылғанымен, Текесте жасалған терезенің бәсі Алматының құрылыс базарынан арзандау. Есесіне сапасы қаладағылардан еш кем емес. Өзі 3 адамға жұмыс беріп отыр.
Сейітжан бұрынғы кеңшардың мақтаулы дәнекерлеушісі болған екен. Темірден түйін түйген деп осындай ұстаны айтпай ма, қазір сол өнері аяқсыз қалмасын деп қосымша дәнекерлеу цехын да ашып жатыр. Ауылдағы техниканың сынбайтын күні жоқ қой, темірді пісіріп, дәнекерлеуге алысқа шабатын ағайынға бұл жақсы болды. Қазір жеке кәсіпкердің дәнкерлеу цехындағы жұмыс Ғабит Жанқожаевтан артылмайды. Ауылда үй мен моншаны жылытуға арналған темір пешке сұраныс бар. Сұраныс болған жерде табыс болатыны түсінікті. Осылайша, ауылдағы кәсіпкер шаруасын дөңгелетіп отыр.
Жоғарыда Текес ауылының қазіргі Райымбек ауданына қарайтынын айттық. Өткен жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Райымбек ауданы қайта құрылған болатын.
Райымбек ауданында өткен жылдан бері өнеркәсіптік картоп өндірісі дамытыла бастады. Бұл туралы бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың есеп беру жиынында белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Картоп өндірісін дамыту үшін 26 бірлік техника мен картоптың элиталық тұқымдары сатып алынып, екі сервистік-дайындау орталығы құрылды. Алғашқы 100 гектарда өнімділік 300 центнерді құрады, бұл бұрынғыдан 2 есе жоғары (187 ц/га).
Бүгінде жаңа аудандағы тіршілік қайта жанданып, өз арнасына түскен. Нарықолдағы әкімшілік ғимараттары мен әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, ауданда құрылыс қызып-ақ тұр. Аудан орталығыда жас мамандарға арналған 109 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басында 20 үй пайдалануға берілді. Қалған 89 үй жыл соңына қолданысқа қосылмақ. Мұнан бөлек аудандадағы жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Нарынқолдағы балалардың ойын алаңдары мен спорттық алаңдары жаңадан салынды. Ал өңірдегі құрылыстың жандануы қолынан іс келетін адамға жұмыс орны болмай ма? Арасында Текесте жасалған терезеге де сұраныс арттырады. Жалпы, шекарадағы ауданның қайтадан ашылуы аймақтағы ішкі миграцияның құлдырауын күрт тоқтатып, керісінше ауылға көшіп келушілердің қатарын көбейткен.
"Райымбек пен Кеген аудандарын бөлу туралы елбасының жарлығы шыққаннан бергі уақытта Нарынқолға 700 адам қоныс аударған. Оның дені жастар. Бұл керемет емес пе. Енді оларға баспана керек. Былтыр облыстық бюджеттен 395,3 млн теңге бөліп, жалға берілетін үй салуды бастағанбыз. Оның 20 үйіне жастар қоныстанып үлгерді. Қалған баспананы жыл соңына дейін аяқтаймыз. Бастысы, құрылыс жүрген жерде жұмыс болады. Қажетті өнімді сырттан тасымай, осы өңірдің өзінен шығаруға күш салудамыз", дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы.