Щучинск-Зеренді автожолының құрылысы биыл аяқталады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4771

2 жолақты асфальт-бетонды автожол ел игілігіне беріледі. 

Щучинск-Зеренді автожолының құрылысы биыл аяқталады

Келесі жылдан бастап елімізде 6 мың, 2022 жылдан ары қарай 10 мың шақырым жол ақылы болады. Жоба ел аумағында I санатты жолдардың, яғни ақылы автобандардың санын көбейту жоспары аясында кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр.

Ұмытпасаңыздар, 2018 жылы бұрынғы инвестициялар және даму министрлігі Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар, Алматы-Қарағанды, Алматы-Қорғас автожолдары мен "Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай" транзиттік көлік дәлізін ақылы қылу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде 2019 жылдың алғашқы айынан бастап Астана-Теміртау (134 шақырым), Алматы-Қапшағай (42 шақырым), Алматы-Қорғас (295 шақырым) автожолдарында көлік жүргізушілерінен ақы алу жүйесі іске қосылды. Астана-Теміртау автожолында алдын-ала - 200, қолма-қол - 400, Алматы - Қапшағай бағытындағы сапарда алдын-ала - 100, қолма-қол - 200, Алматы-Қорғас автожолында алдын-ала - 300, қолма-қол - 600 теңге төлеу тәртібі бекітілді.

Астана-Теміртау автожолында 16 орындығы бар автобус немесе 2,5 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 700, 32 орындығы бар автобус немесе 5,5 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 1350, 32 орындығы бар автобус немесе 10 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 2000, 10-15 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі  үшін - 2700, 15 тоннадан артық көтеретін жүк көлігі мен тіркемелері үшін - 3350 теңге талап етілді. Алматы-Қапшағай автожолында бір бағытқа арналған жоғарыдағы талапқа сай маршруттар үшін – 200, 400, 600, 800, 1000  төлеу қажет. Ал Алматы-Қорғас бағытындағы 295 шақырымның бір бағытын басып өткен жүргізушілер – 1500, 2950, 4400, 5900, 7350 теңге жұмсауға тиіс.

Қазір 2009 жылы қолданысқа берілген Астана-Бурабай тасжолы міндетін мінсіз атқарып тұр. Бұл жол Қазақстандағы ең қауіпсіз жол саналады.

Естеріңізде болса, былтыр еліміздің шығысы мен батысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі маңызды 5 автожолдың белгілі бір бөліктері қолданысқа берілді. Бүгінгі таңда Қостанай-Денисовка, Щучинск-Зеренді, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Осиновский асуы, Қалбатау-Майқапшағай және Астананың Оңтүстік-Батыс айналма тасжолдарының құрылысы жүріп жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, осылардың ішінде екі курорттық аймақты, сондай-ақ халық тығыз шоғырланған Златополье, Савинка, Веденовка, Мәлік Ғабдуллин, Серафимовка ауылдарын байланыстыратын Щучинск-Зеренді автожолының құрылысы биыл аяқталады. Жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын көлік жолын қайта жөндеу жұмыстарын "Казахдорстрой"ЖШС атқарып жатыр. Бас мердігер жобаға сәйкес жол бойына 63 су өткізу құбырын, 2 демалыс алаңын, 4 автобус павильонын, 15 шақырым қар ұстайтын қоршау мен 14 шақырым тосқауыл қоршауларын орнатады. Бұған қоса Зеренді кентіндегі бағдаршам қиылыстарын және Мәлік Ғабдуллин, Серафимовка ауылдарының жанынан өтетін автожолдың бойын жарықпен қамтамасыз етеді.

Жоба аясында Зеренді кентіндегі ДЭУ-73 (жолға қызмет көрсету кешені) және Щучинск қаласындағы ДЭУ-5 қайта құрылады.

"Жаңғырту жұмысының нәтижесінде Щучинск-Зеренді бағытындағы жол II-ші және III-ші техникалық санаттағы асфальт-бетонды 2 жолақты автожолға айналады. Қазір жол жөндеушілер автожолдың 16 шақырымының төменгі қабатына асфальт-бетон, 32,4 шақырымының жоғар қабатына ұсақ түйіршікті асфальт-бетон төсеп жатыр. Жобаны 2019 жылы толық аяқталады", – деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу