Екі күннен кейін, яғни 26 қаңтардан бастап Астана-Теміртау (134 шақырым), Алматы-Қапшағай (42 шақырым), Алматы-Қорғас (295 шақырым) автожолдарында көлік жүргізушілерінен ақы алу жүйесі іске қосылады.
Темір тұлпар тізгіндеген азаматтарға жол ақысын жол бойындағы бекетке орналастырылған терминал арқылы қағаз ақшамен, монетамен төлеуге болады. Бұған қоса олар есеп айырысу үшін PayWay.kz сервисін, KazDriver мобильді қосымшасын, QIWI терминалын, Wooppay төлем төлеудің экожүйесі мен Salempay электронды әмиянын қолдана алады. Kaspi.kz, Сбербанк, АТФ Банк, Halyk Bank, Евразиялық банк, Capital Bank сынды қаржы ұйымдарының интернет-банкингтері де көлік жүргізушілеріне көмек болмақ.
"ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңіл көлік иелері Астана-Теміртау автожолында алдын-ала - 200, қолма-қол - 400, Алматы - Қапшағай бағытындағы сапарда алдын-ала - 100, қолма-қол - 200, Алматы-Қорғас автожолымен жүрсе алдын-ала - 300, қолма-қол - 600 теңге төлейді.
"Тасжолмен жүру ақысын алдын-ала төлеу жол бойындағы кезекті қысқартуға тікелей әсер етеді және көлік жүргізушілерінің ақшасын үнемдейді", – деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.
Астана-Теміртау автожолында 16 орындығы бар автобус немесе 2,5 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 700, 32 орындығы бар автобус немесе
5,5 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 1350, 32 орындығы бар автобус немесе 10 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 2000, 10-15 тоннаға дейін көтеретін жүк көлігі үшін - 2700, 15 тоннадан артық көтеретін жүк көлігі мен тіркемелері үшін - 3350 теңге талап етіледі. Алматы-Қапшағай автожолында бір бағытқа арналған жоғарыдағы талапқа сай маршруттар үшін – 200, 400, 600, 800, 1000 төлеу қажет. Ал Алматы-Қорғас бағытындағы 295 шақырымның бір бағытын басып өткен жүргізушілер – 1500, 2950, 4400, 5900, 7350 теңге жұмсайды.
Өздеріңіз түсінгендей, жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілері жолаушылардың саны мен көлігіне тиеген жүгінің салмағына қарай ақша төлейді.
Айта кетейік, ақылы автобанда тегін жүруге де болады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол ҰК" АҚ баспасөз қызметі былай деп жазады: "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы заңының 5-2 бабына сәйкес, ақылы автомобиль жолдарын (учаскелерін) пайдаланғаны үшін ақы төлеуден қызметтік міндеттерін орындаған кезде: жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілер мен полицияның, құтқару қызметі мен әскери қызметкерлердің көліктері сонымен қатар ақылы жол арқылы жақын маңайдағы ауылдардың арасын жалғайтын жолаушы тасымалдау автобустары және ақылы автомобиль жолына іргелес аудандардың жеке және заңды тұлғаларының аталған әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында белгіленген тәртіппен тіркелген жеңіл автомобильдері бір аудан шегінде жүріп-тұру үшін босатылады".
Естеріңізге салайық, былтыр бұрынғы инвестициялар және даму министрлігі ел аумағында I санатты жолдардың, яғни ақылы автобандардың санын көбейту жоспарын құрды. Соған сәйкес Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар, Алматы-Қарағанды, Алматы-Қорғас автожолдары мен "Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай" транзиттік көлік дәлізін ақылы қылу туралы шешім қабылдады. Сол кезде министр Жеңіс Қасымбек елімізде 2020 жылы 6 мың, 2022 жылы 10 мың шақырым жол ақылы болатынын айтты.
Абылай Бейбарыс