Қордай оқиғасынан қандай сабақ алу керек?

Оқиғаға қатысты саясаттанушы Асылбек Ізбайыров пікір білдірді.  

Қордай оқиғасынан қандай сабақ алу керек?

7 ақпан күні Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданында дүнген диаспорасы тығыз орналасқан Масаншы ауылының маңайында жаппай төбелес болған еді. Облыс әкімінің айтуынша, тәртіпсіздікке 1000-ға жуық адам қатысқан. Қақтығыс кезінде көршілес ауыл тұрғындары бір-біріне тас лақтырып, арматурамен ұрып, тіпті оқ атуға дейін барған. Нәтижесінде, 165 адам зардап шегіп, 10 адам қаза тапты. Қордай ауданында төтенше жағдай режимі жарияланды.

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди оқиға тұрмыстық кикілжіңнен басталды деп отыр. Оның айтуынша, 5 ақпан күні ауыл көшесінде келе жатқан жеңіл көліктің  алдын үйінен шығып келе жатқан жүк көлігі жауып қалған. Көліктегілер алдымен дауласып, соңы төбелеске ұласқан. Артынша әлеуметтік желілер арқылы арандатушылыққа шақырған әртүрлі бейнероликтер тарайды. 7 ақпан күні кешкі сағат жетіге қарай қақтығыс басталады.

Бұл шиеленісті жағдай тек тұрмыстық сипатқа ие ме әлде басқа да себептері бар ма? ATAMEKEN BUSINESS арнасындағы "Түскі формат" бағдарламасының кезекті саны осы мәселеге арналды.  Геосаяси зерттеу институтының директоры, саясаттанушы Асылбек Ізбайыров Қордайдағы қанды оқиғаға сарапшы ретінде пікір білдірді.

– Ресми мәліметтерде кикілжіңнің шығуына тұрмыстық ахуал түрткі болды делінгенімен, әлеуметтік желі қолданушылары жанжал ұлтаралық араздықтан тұтанғанын айтып жатыр. Масаншы тұрғындарының 90%-ын дүнгендер, тек 10 пайызын ғана қазақтар құрайды екен. Араздыққа осы жайт себеп болуы мүмкін бе, қалай ойлайсыз?

– Тұрмыстық кикілжіңнен басталған бұл оқиға жылдар бойы қордаланған мәселелердің бетін ашқандай болды. Шынымен де қақтығыс неден басталды? Біріншіден, ақсақалға қол көтеруден басталды деп айтылды. Екіншіден, көзге ең өрескел көрінгені – тәртіп сақшыларына жергілікті адамдардың бағынбауы. Желіде тараған бейнематериалдан азаматтардың полиция қызметкерлеріне бағынбай жатқанын көруге болады. Осыдан барып ол адамдар жалпыға ортақ мемлекеттік жүйеге қаншалықты бағынады деген сұрақ туындайды.

– Не себепті қазақстандықтардың дені ресми ақпараттан көрі, әлеуметтік желілер арқылы таралатын мәліметтерге сенеді?

– Азаматтар көп жағдайда ресми мәлімдемелерге сенімсіздік танытып жатады. Сенімсіздіктің себебі – халық әділдік іздейді. Мысалы, Қарағанды оқиғасында әділдік орнады. Армян ұлты шынымен де кешірім сұрап, адам өлтірген азаматты тауып берді. Олар әділдіктің үлгісін көрсете білді. Бұл оқиғадан да халықтың әділдік күткенін байқауға болады.

– Әл-Жазира телеарнасы Масаншыда болған жағдайды мүлде басқа мазмұнда берді. Халықаралық арна "Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан қытайларды тұрғындар өртеп жатыр" деген жалған жаңалық таратты. Журналистердің шалағайлығы десек те, ресми органдар неге шұғыл әрекет етпеді?

 – Тәртіп сақшылары бірден әрекет етпегенін әртүрлі түсіндіруде. Масаншы ауылы орталықтан алыста орналасқанын, құқық қорғау қызметкерлерінің келіп, жиналуына біршама уақыт кеткенін, адамдардың бағынбауын айтып жатыр. Шынымен де, басынан бастап дұрыс мәлімдеме жасай алмай жатырмыз. Мысалы, 2016 жылы Алматыда болған оқиғаны алып қарайық. Ол кезде "бір лаңкес Алматының шетінен бастап елдің бәрін қырып келе жатыр" деген сөз шыққан еді. Біздің осал жеріміз "Әл-Жазираға" болсын, басқаға болсын ақпаратты дұрыс жеткізе алмауымыз. "Вашингтон постың" өзі сараптай келе бұл мәселені этникалық кикілжің ретінде көрсетіп отыр. Алдағы уақытта осындай олқылықтар жібермей, ақпарат ағынын қадағалауды үйренуіміз қажет.

– Үкімет осындай жағдайдың алдағы уақытта қайталанбауы үшін не істеу керек? Нақты қандай шаралар қабылдауға тиіс?

– Қазіргі кезде қазақ елі, қазақ жері деп мақтанышпен көп айтамыз. Алайда олқылықтарымыз да бар. Соның орнын толтыра білуіміз керек. Қазақ қазақпен ана тілінде сөйлесе алмай тұрып, басқадан талап ету қиындау. Дінімізді, салт-дәстүрімізді де сақтағанымыз абзал. Басқаша айтқанда, өзімізді сыйлатуымыз қажет. Ал қандайда бір этникалық топтың бір жерде тығыз орналасуы дұрыс емес. Меніңше, шоғырланған топтарды жан-жаққа тарату керек. Өйткені, олардың бір жерде шоғырлануы қауіпті болып тұр. Ұзақ мерзімді келешекте осы мәселені қарастыру қажет. Мысалы солтүстік өңірлерде адам күші жетіспейді. Сол жаққа бару керек. Осындай бағдарламаларда мемлекет оралмандарға басымдық береді. Неге басқаларды да жібермеске?

– Қазіргі кезде еліміздегі этникалық топтарға зерттеу жүргізіле ме? Білуімше, 2010-2012 жылдар аралығында зерттелген.

– Зерттеулер көбінесе оқиға болғаннан кейін, постфактум жүргізіледі. Осындай оқиғалар тренд ретінде қалыптасып келеді. Жақында басқа ұлт өкілі арандатушылық видео таратты. Мүмкін, жағдайды одан ары ушықтырғысы келген болар. Ондайларды құқық қорғау органдары дереу жазалауы керек.

– Масаншы ауылы қашан қалпына келтіріледі? Оған қанша уақыт қажет?

– Өңір тұрғындары Қырғызстаннан қайтып жатыр деген мәлімет бар. Адамдар бір-бірінен кешірім сұрасып жатыр. Егер ары қарай бірге тұрғысы келсе, түсінісуі керек.  Алайда  алдағы уақытта осындай жағдайлар қайталанбауы маңызды. Еліміздегі қоғамдық институттардың жұмыс жасамауы, ақсақалдар алқасының жоқтығы осындай түсінбестіктерге әкеледі. Қоғамдық институттарды қалыптастыру қажет. Қақтығысқа қатысқан екі тарап та мұсылмандар. Бұл жерде мұсылмандық мәмілеге де келуге болады. Ақсақалдар, беделді дін өкілдері барып, Құраннан, хадистерден мысалдар келтіріп екі жақты келістіруге болады. Тарихта осыған ұқсас көп жағдай болды ғой. Бүгінгі күні осының бәрін ұйымдастыру керек.

Пікіріңізге көп рахмет!

Сұхбатты жазып алған Нұржан Көшкін

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу