Үкіметтік комиссия түнде жанжал болған ауылдарды аралады

2878

Жанжалдың негізгі ошағы болған Масаншы ауылында 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 606 адам тұрады.  

Үкіметтік комиссия түнде жанжал болған ауылдарды аралады

Бұл топ кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою туралы тапсырмасын орындау мақсатында Премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен құрылған. 

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Шакир Хахазов, "Дүнген қазақстандық қоғамы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абубакир Воинце және Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрлері, Ақпарат және қоғамдық даму, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Білім және ғылым вице-министрлері, Ішкі істер, Қорғаныс министрлерінің орынбасарлары, Бас прокурор мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасарлары кірген.

Кеше, яғни 8 ақпан күні Үкіметтік комиссияның төрағасы Бердібек Сапарбаев Қордайдағы төбелестен бас сүйек-ми жарақаттарын алған және тапанша оғынан зардап шеккен бірнеше ауыр науқастың Алматы қаласындағы екі емханаға жеткізілгенін мәлімдеді.

"Жаппай төбелестен соң 38 азамат Қордай аудандық ауруханасына түскен еді. Негізі басым көпшілігі оқ жарақаттарын алған. 8 науқастың халі ауыр жағдайда. Жетеуіне ота жасалған, бесеуі бүгін Алматыға жіберілді. Үш адам әрі-бері тасымалдауға жарамсыз. Бір адам қайтыс болды. Қазіргі уақытта Кордай ауруханасында 32 науқас жатыр", – деді Бердібек Сапарбаев.

Ал кеше түнгі уақытта Үкіметтік комиссия мүшелері жанжал болған Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу елді мекендерін аралады. Вице-премьер бастаған топ Қарасу және Сортөбе шекара пункттерінің, оның ішінде сантариялық-эпидемиологиялық қызметтердің жұмыс барысымен танысқан.

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы қауіпсіздікті бақылауға алған құқық қорғау органдарының жеке құрамымен де әңгімелесті. Елді мекендердегі жағдай әзірге бірқалыпты. Күндіз жергілікті тұрғындарға енді тәртіпсіздік орын алмайтыны, ахуал барынша жіті бақылауда болатыны айтылған.

Кеше түнгі мезгілде біз де аталған төрт ауылдың көшелерін аралап, көріп шықтық. Қарасу, Қаракемер ауылдарының арасында бірнеше нүктеге бақылау бекеттері қойылған. Кірген-шыққан көліктер жіті тексеріліп жатыр. Әскерилер, төтенше жағдай саласының қызметкерлері, өрт сөндірушілер, полицейлер түні бойы жұмыс істеп, тыныштықты күзетуде.

Масаншы ауылындағы көптеген үйлер мен сауда орындары, базарлар өртенген. Кейбір тұрғын үйлердің терезелері сындырылған. Көшелерде адамдар да, көліктер де жоқ, еш қозғалыс байқалмайды. Ресми ақпаратқа сүйенсек, от қоюдың салдарынан 30 жекеменшік үй, 15 сауда нысаны және 23 көлік өрт құшағында қалған.

Нұр-Сұлтан қаласынан келген Үкіметтік комиссия мүшелері келесі күндері жергілікті жердегі жағдайды бақылау үшін Қордай ауданына кеткен.

 Айта кетейік, жанжалдың негізгі ошағы болған Масаншы ауылында 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 606 адам тұрады. Соның ішінде 90 %-ы – дүнген ұлтының өкілдері болса, 5 %-ы – қазақтар, тағы 5 %-ы  – орыс диаспорасы екен.

Әсел Мұратбекқызы,

Жамбыл облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу