"Біздің еш кінәміз жоқ"

12264

Қордай ауданындағы жаппай төбелестен зардап шеккендер осылай деп отыр. 

"Біздің еш кінәміз жоқ"

Аймақтағы қырғынның ошағы саналатын Масаншы, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарына сапарымыз барысында жергілікті тұрғындармен пікірлескен едік. Өзін Рамазан деп таныстырған 35 жастағы дүнген ұлтының азаматы 7 күнгі төбелес кезінде жиеніне оқ тиіп, кеше қаза тапқанын жеткізді.

"Масаншы ауылында туып, өсіп, жетілдім. Оқиға орын алған күннің ертеңіне-ақ іргедегі Қырғыз елінің шекарасына жақын Тоқмақ қаласына кетіп қалмақ болды. Бірақ бізді қайтып алып келді. Отбасым осындағы мешітте уақытша тұрып жатыр. Қауіпсіздіктерін ойлап, сонда апарып тастадым", – деді Рамазан.

Ол оқиға болған күні екі бірдей дүкенінің өртке оранғанын айтып, енді мемлекеттен қолдау, көмек болса деген тілегін айтты.

"Біз, дүнген ұлтының өкілдері бұл жанжалдан көп зардап шектік. Біздің не кінәміз бар еді?", – деді ол.

Ал Масаншы ауылының тағы бір тұрғыны Абдумалик Умаров болса, қазіргі таңда ас-сусыз отырғандарын айтты. Бұл азамат та отбасын осындағы мешіттердің біріне жайғастырғанын, кешегі күнге дейін ешқандай гуманитарлық көмек келмегенін, ауылда азық-түлік сатып алатын дүкен жоқтығын жеткізді.

 

"Масаншыда 7 ақпан күні болған қақтығыстан зардап шеккен дүнгендер отбасыларын, бала-шағаларын ауылдағы мешіт үйлеріне, балабақшаларға, таудағы малшылардың шаңырақтарына орналастырды. Ерлер, жастар жағы ауыл шетіне, тау жаққа көліктерімізді апарып, сонда түнеп жүрміз. Түнгі ызғардан жаурап жүрміз, асқазанымыз да бос. Бізге гуманитарлық көмек керек. Ауылда жұмыс істейтін сауда орны жоқ, ас-ауқат та таусылды", – деді ол.

Абдумаликтің сөзіне қарағанда, 7 ақпан күнгі оқиға, билік өкілдері айтып жүргендей, жаппай төбелес емес. Бұл дүнгендерді басып-жаншу үшін әдейі ұйымдастырылған.

"Мен Семей, Алматы, Тараз сияқты басқа жақтардан қазақтардың Масаншыға арнайы келгенін көрдім. Олар тапаншалармен, мылтықтармен қаруланып алған. Олар мұндай суық қаруларды қайдан алады, кім береді? Олар ауылды бүлдіріп, сауда орындарын қиратып, адамдарға оқ жаудырып жатқанда, полицейлер неге бізді қорғамады?", – деп көзіне жас алды Адумалик.

Біз әңгімеге тартқан жергілікті дүнген ұлтының өкілдерінің сөздері осындай мағынада өрбиді. Олардың сөзінше, қазақтар дүнгендерді әдейі басып-жаншуға, тұқыртуға әрекеттенген.

Жаппай төбелес орын алған аумақтағы қазақтар көп қоныстанған Қаракемер, Қарасу ауылдары тұрғындарының да айтары бар. Олардың пікірінше, дүнгендердің қорлығы қазақтарға қатты батып кеткен.

Мәселен, аты-жөнін айтпауды өтінген қаракемерлік азамат дүнгендердің жастары әскерге бармайтынын, құқық бұзған жағдайда бәрін парамен шешіп әдеттенгенін айтты.

"Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдары дүнгендерінің жастары әскер қатарына алынған емес. Құзырлы органдармен, жергілікті билікпен ауыз жаласып алған, қандай мәселені де ақшамен шешеді. Айтайын, осыдан төрт жыл бұрын мектептің алдындағы туымызды өртеді, табанға таптады. Қызымызды зорлады, екі қазақ мұғалімін дүнген оқушылары сабап кетті. Қаншама жастарымызды ұрып-соғып жатыр. Ешқайсысында тиісті жазаларын алған жоқ", – деп шағымданды ол.

Қаракемер ауылының тұрғыны Болат есімді азамат та мұндағы қазақтардың тыныштықты қалайтынын, алайда дүнген ұлты өкілдері жиі соқтығысатынын мәлімдеді.

"Әркім жөнімен жүрсе, бәле іздеп неміз бар? Мәселен, олардың аға буыны жастарын бізге қарсы қойып тәрбиелейтін сияқты. Сыйламайды, қариямыздың басын жарып, аяғын сындырды. Ал біз олардың үлкендеріне шәй деппіз бе? Айтпақшы, ол қария да өмірден озды жарақатына шыдамай. Полцейімізге қол көтерді. Сонда да сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Ал біз болсақ, әлдеқашан сотталып кетер едік", – деді Болат.

Аталған аймақтағы жергілікті журналистердің бірі ауданда пайдалануға берілген мемлекеттік әлеуметтік нысандардың көпшілігі осы дүнген ауылдарында салынғанын жеткізді.

"Ауданда бір жылда он балабақша салынса, жартысы Масаншы, Сортөбе ауылдарына тиесілі. Мәселен, жақында ғана ел игілігіне берілген балабақшаны көрсеңіз, Алматы қаласындағы кейбір арнаулы оқу орындары жетпейді оған. Бар жақсымыз дүнгендердің еншісінде. Егістікке келетін судың да басында осылар отыр. Қаншама қазақ ауылдары суға жарымай жүр. Жердің де құнарлыларын дүнгендер иеленіп алған", – деді тілші.

Айта кетейік, қазіргі таңда вице-премьер-министр Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтік комиссия аймақтағы ахуалды тыныштандыру, қираған сауда орындарының, үйлердің, көліктердің шығынан есептеу бағытында жұмыс атқаруда. Кеше бұл топ Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Ауқатты, Бұлар батыр, Қарасу ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, жағдайды тыныштандыру үшін қажет күштің барлығы жұмылдырылатынын, шығындардың орны толтырылатынын мәлімдеді.

"Біз барлық шығынды қалпына келтіреміз. Бұзылған үйлер мен сауда нүктелері қайта орнына келеді. Бүгінгі таңда барлық ауылда жұмысшы тобы, комиссиялар, сарапшылар жұмыс жасауда. Қандай шығын болды, қандай жұмыстар атқару керек, бәрін қарайтын боламыз", – деді Бердібек Сапарбаев.

Аталған ауылдарда төтенше жағдай режимі жарияланғандықтан,  құқық қорғау қызметкері, әскери күштер қауырт жұмыс істеуде. Ауданға кірген-шыққан көліктердің барлығы мұқият тексеріліп жатыр. Мұндай шара ауылдардың ішінде де қолға алған.

"Барлық қылмыстық іс тексеріліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ел ішіндегі тұрақтылықты барынша жоғары деңгейде бақылауға алдық. Бұл жұмыстар істің мән-жайы толық шешімін тапқанша жалғаса береді. Қазір полиция қызметкерлері материалдар жинаумен айналысуда. Кінәлі азаматтар толық жазаланатын болады. Әзірге Қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша іс жүріп жатыр", – деді Жамбыл облыстық полиция басқармасының басшысы Арман Оразалиев.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу