Заңгердің айтуы бойынша, оның заңды дәлелі бар. Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бекітілген № 155 бұйрығына сәйкес тыйым салынған аудан деген ресми ұғым бар.
Бұл, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілер арсеналдарының, базалары мен қоймаларының диверсияға қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бөлінген аумақ деп есептеледі. Яғни, бұл аумақ барлық қарулы күштер, әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілер арсеналдарының базалары мен қоймаларына тиісті қолданылады және бұл Ереженің талаптарына барлық әскери обьектілер сәйкес болуы тиіс. Ереженің 5-тармағына сәйкес, "тыйым салынған аудан сақтау объектісінің сыртқы қоршауынан 3 шақырым арақашықтықта белгіленеді" делінген.
Демек, Арыс әскери оқ-дәрілер арсеналдарының базалары мен қоймалары елдімекен жерінен, тұрғын, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттары мен үйлерден 3 000 метр яғни 3 шақырым жерде орналасуы қажет еді. Ал суретке қарасақ, оқ-дәрілер арсеналдарының, базалары мен қоймаларынан тұрғын үйлерге дейін бар болғаны 200-300 метр ара қашықтық. Бұл дегеніміз, тұрғын үйлерден 3 000 метр яғни 3 шақырым болатын ара қашықтықтағы аса қауіпті обьект ондаған жылдар бойы 200-300 метр ара қашықтықта орналасып келген.
Бұл кылмыстық салғырттық па әлде қаражаттың жоқтығы ма?
Қарулы күштер Бас штабының басшысы Мұрат Бектановтың журналистерге берген сұхбатында әскери қойманың 1960-шы жылдардан бастап жұмыс жасап келгені, қоймалардың Ережеге сәйкес емес екендігін растады. Мұнда қылмыскерді іздеудің қажеттілігі жоқ деп есептеймін. Менің ойымша, Түркістан облысы және Арыс қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тиісті жауапкершілікке тартылуы тиіс! Не себепті?
Ереженің 6-тармағына сәйкес, әскери мекеме басшысы тиісті әскери басқару органдарымен келісу бойынша бір ай ішінде екі данада тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандардың шекараларын белгілейтін жоспардың және сұлбаның жобасын жасап, оны Ереженің 7-тармағына тыйым салынған аудандардың шекарасының жоспарының келісілген жобасын жергілікті атқарушы органдарға яғни Арыс қаласы әкімдігіне жолдайды.
Ал Арыс қаласы әкімдігі тыйым салынған аудандардың шекарасының жоспарының келісілген жобасын алған күнінен бастап, бір ай мерзімде жоспарды бекітеді және бір данасын мекеме басшысына және көшірмесін тиісті әскери басқару органдарына жолдайды.
Басқаша айтқанда, Арыс қаласы әкімдігі әскери оқ-дәрілер арсеналдарының базалары мен қоймалары елдімекен жерінен, тұрғын, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттары мен үйлерден 3 000 метр емес, 200- 300 метр ара қашықтықта орналасқанын біле отырып, жақын орналасқан тұрғын үйлерді басқа аймаққа көшіруге, не болмаса әскери базаның басқа аймаққа ауыстыруға шешім қабылдамады.
Ал әскери оқ-дәрілер арсеналдарының базалары мен қоймаларының 1960-шы жылдардан бастап жұмысты сол шекарасында жасап келгенін ескерсек, онда тұрғын үйлердің қоймаларға тым жақын орналасқаны бұл жергілікті атқару органдарының ішінде жер және сәулет, қалақұрылыс саласында бақылаудың жоқтығы, жемқорлық себеп болуы мүмкін. Оны да заңды тұрғыда растауға болады.
Ереженің 10-тармағына сәйкес, "жергілікті жерде тыйым салынған ауданның шекарасы белгіленбейді" делінген.
Бұл дегеніміз, тыйым салынған аймақтың координаттық нүктелері Жер кодексінде көрсетілген талаптарға сай жерге орналастыру жұмыстарымен белгіленбейді. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің мүдделерін сақтау үшін жасырылған болуы мүмкін.
Алайда тыйым салынған ауданның шекарасы белгіленбесе, ол АИС ГЗК (Мемлекеттік жер кадастрі ақпараттық жүйесі) жүйесінде көрінбейді. Яғни, әкімдік әскери оқ-дәрілер арсеналдарының базалары мен қоймалары елдімекен жерінен, тұрғын, әлеуметтік және әкімшілік ғимараттары мен үйлерден 3 000 метр емес, 200-300 метр ара қашықтықта орналасқанын біле отырып, оның мемлекеттік жер кадастрінде анық нүктелері айқындалмайтынын пайдаланып, жерлерді онды-солды беруге мүмкіндік алды. Әрине, заңсыз соғылған үйлер де бар шығар.
Бірақ та қауіпті тыйым салынған аймақ екенін біле отырып, шығарылған әкімдіктің қаулылары бар және оған күмәнім жоқ. Егер де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу агенттігі аясында тексерсек және осы мәселе расталса, қорғаныс министрлігі, облыс әкімдігі, қала прокуроры мен қала билігіне біраз сұрақтар туындайды.
Бақытжан Базарбек
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін