Министрлер мен спортшылардың ойы ортақ немесе қазақстандық футбол төрт жылдан кейін қандай болады

13416

Министрлер мен спортшылардың ойы ортақ немесе қазақстандық футбол төрт жылдан кейін қандай болады

Министрлер мен спортшылардың ойы ортақ немесе қазақстандық футбол төрт жылдан кейін қандай болады

Менің бойымда тылсым қасиет жоқ, ол қайдан болсын. Мұның барлығы біздің футболдың төрт жылдан кейін қандай болатынын көз алдыма елестетіп көруден туындап жатқан дүние. Ал, шын мәнісінде, барлығы мен ойлағаннан да оңай: жақында Қазақстан футбол федерациясының топ-менджменті еліміздегі осы спорт түрінің стратегиялық дамуын таныстырды. Жоспарға сүйенер болсақ, құжат осы спорт түріне қатысты бағыттардың барлығын өзгертеді. Яғни қазақстандықтар былғары допты жаңа алаңдарда тебу мүмкіндігінен бастап, ұлттық біріншіліктегі келісімді матчтарды жоюды, тіпті біреудің келісімімен келетін легионерлерге де қатысты мәселені, отандық командалар қатарын олардан "тазартуға" ие болады.

Әлемдегі нөмірі бірінші ойынды дамытудың  жоспары  Қазақстан футбол федерациясының жақында өткен кезекті XVII конференцияда таныстырылды.  Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожиннің сөзінше, 2018-2022 жылдарға арнап әзірленген "Вперед, футбол! Алға Қазақстан!" стратегиясы Германия, Италия мен Испания сияқты Еуропа елдерінің әдісі мен бағдарламасын зерттеп барып жасалған. Ең басты мақсат – отандық футболды сапалы жаңа деңгейге көтеру.

Таныстырылым барысында кезекті жоспар (бұған дейін қаншама стратегия таныстырылған) қазақстандық футболдың қазіргі жағдайын нақты бағалап, проблемалық сұрақтарға көзді жұмып қарауға болмайтынын көрсетті. Олардың қатарында әйелдер футболын дамыту, кәсіби футбол ойнайтын залдардың (бүгінде тек бес зал ғана бар) жетіспеушілігін жою, алдыңғы қатарлы футбол державалардан техникалық жарақтау бойынша қалып қоюды қысқарту бар.

"Қазақстанға келген легионерлер қатарын  азайту екендігі туралы пікірді сан рет естіп жүрміз. Барлығымыз футбол сапасын жақсартуға тырысып, ортанқол ойыншылардан құтылып, тек білікті легионерлерді тартуға қолжеткізуге тиіспіз. Өткен жылдардағы тәжірибеге сүйене отырып, қазақстандық футболға Титов, Тихонов, Тимощук, Максимович, Кабананга сияқты шеберлердің келуінің  жағымды жағы болғанын айтып кету керек. Қазіргі уақытта біздің чемпионат үшін  Аршавин, Тумаси, Гоу, Маевскийдің ойнауы ерекше рөл атқарып отыр. Стратегия бағдарламасында Қазақстанға келу үшін жас шектелімін енгізу мәселесі қаралатын болады. Яғни жоғарыда айтып кеткенімдей, ортанқол ойыншылардың өз карьерасын жақсы аяқтау үшін біздің футболды  қаржылық тұрғыдан жайлы деп қарастыратындарды алып тастау керек", – деді Азамат Айтқожин конференция барысында.  

Осы жерде жас шектеліміне қатысты алғашқы даулы сұрақ туындайды, яғни Аршавин Қазақстанға отыздан асқаннан кейін келгенін айтып кету керек. Сондай-ақ Титов және Тихонов, Тимощук те осылай. Егер қазақстандық футболға жағымды әсер ететін мысалдарды келтіретін болсақ, онда жас шектелімі жалғыз және ең басты шектеу болмау керек. Әйтпесе мұның барлығы қазақстандық  аралас жекпе-жектің танымал спортшысы Қуат "Найман" Хамитовтың 2017 жылы "Астана" футбол клубының "Селтиктен" 0:5 болып ұтылған кезде елде футболға тыйым салу керек деген ұсынысына саятын болады.

Футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков болса келісіп ойнайтын матчтарға тоқталып, бұдан кейін футбол басындағы билікте отырғандар мен чемпионатқа қатысушылардың өзі де мұнымен бірлесіп күресетініне сендірді. Айтылған уәде арбитрлар мен футбол клубы басшыларының арасында таза және әділ ойын туралы меморандумға қол қоюымен бекіді.

"Біз  келісімді матчтармен күресетін комиссия құрамыз, бұрын бұл комиссия болған, бірақ неге екені белгісіз кейін бұл таратылып жіберілген. Бұл федерацияның позициясы екенін бірден айтып кеткім келеді. Кейін қандай да бір жанжал, арыз, инсинуациялар болмас үшін мұнымен қатаң күрес жүргіземіз.  Егер келісім матчтары туралы сыбыс шығатын болса, онда ол қатаң жазаланады. Ертең айтпады деп жүрмеңіздер", – деп ескертті Әділбек Жақсыбеков футбол қауымдастығында отырғандарға.

Сол күні маңызды құжаттарға қол қоюмен қатар Қазақстан футбол федерациясының атқарушы комитетінің жаңа мүшелері де тағайындалды. Енді оның құрамында министрлер, депутаттар, әкім, банкир, тіпті топ-менеджер әйел де бар. Федерация президенті федерацияның атқарушы комитеті құрамындағы министрлер Қазақстандағы футболды дамытуға көмектесетініне сенімді.

"Мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер атқарушы комитет құрамына енуге келісті. Олардың өздерінің атқарып отырған жұмыстарындағы жүктеме мен жауапкешілікпен қоса бұл да қосымша жүктеме. Бірақ та олардың барлығы қатысуға келісімдерін берді, өйткені олардың барлығы футболды жақсы көреді  және өздерінің жұмыстары барысында елдегі футболды дамытуға көмектесе алады", – деді Әділбек Жақсыбеков.

Мысалы, оның айтуынша, футбол федерациясы бүгінгі күні ақпарат және коммуникация министрлігімен ішкі чемпионаттарды кеңінен трансляциялау мүмкіндігін талқылап жатса, ал білім министрлігімен еліміздегі жалпы білім беретін мектептерде Исландияның футболды үйрету тәжірибесін енгізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілген.

"Мұндай барлық елде, барлық жерде бар деуге болмайды. Біз футбол негізгі пәннің бірі болсын деген міндет қойып отырмыз. Бізге тек жаттықтырушыларды табуға көмек қажет. Құр аты ғана емес, шын мәнісінде, сабақ болуы  керек. Исландияны босқа мысалға келтіріп отырған жоқпыз, өйткені осы елдің тәжірибесі зерттелген болатын. Бұл мемлекет басшысының бастамасы. Сондықтан бұл шаруаны соңына дейін жеткізуіміз керек", – деп түйіндеді Әділбек Жақсыбеков. Тап осы арада қазақстандықтар ішкі чемпионатты экраннан бас алмай көретіндей ойыншыларды тәрбиелеу бірінші іске асу керек пе әлде болашақ футболшыларды ынталандыру мақсатында трансляцияны ұйымдастыру маңыздырақ па деген екінші даулы мәселе туындайды.

Футбол федерациясы осы екі басымдықтың қайсысын алмаса да мұның нәтиже беретініне үміттенеміз. Төрт жылдан кейін болмаса да, сегіз-тоғыз жылдан кейін нәтижесін көреміз деп ойлаймын.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу