Жеке пікір
Ұлттық банк қаржы секторын реттеуді өзгертіп, тәуекелге-бағдарланған қадағалауға (ТББ) көшпек. Реттеушінің қаржы нарығы субъектісінің сапалы жағдайы туралы дәлелді пікірі – қадағалау пайымдамасы жаңа жүйенің өзегі болады.
Мамыр айының басында сенат депутаттарына жаңашылдықты ұсынған Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев қазіргі бақылау тек тәртіп бұзу фактісі бойынша бақылау шараларын қолданудың нысандандырылған тәсілінен қиындық көріп отырғанын, өйткені бұл жағдайда реттеуші тек жазалау арқылы ғана әрекет ететінін айтты. Ал істі насырға шаптырмай оның алдын алуға болатынын ескертті.
Дәлелді пікір қаржы компанияларының барлық бағыттарына қолданылатын болады. Қазір реттеуші тәуекелдер мен ішкі бақылау, корпоративтік басқару, стратегиялар мен бизнес-үлгілер, тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау, ақпараттық технология және ақпараттық қауіпсіздік сияқты сегіз базалық жүйеге қатысты дәлелді пікір құқын алуда. Келешекте бұл бағыт кеңеюі мүмкін.
Дәлелді пікірмен жұмыс процедурасы келесідей іске асатын болады. Ұлттық банк қызметкері-бағыттың кураторы қаржылық сегменттің есеп беруінен түсініксіз және тіпті күдікті жағдайды көруі мүмкін. Мысалы, ол шектен тыс жеңілдетілген несие, жекелеген клиенттің депозиттік мөлшерлемесін арттыру, төлем жүйесіндегі іркіліс немесе заңсыз жасалған қайта сақтандыру болуы мүмкін. Қызметкер қызметтік хат жазып, оны комиссияның қарауына шығарады. Ал комиссия бұл жағдай бойынша дәлелді пікір жасайды. Содан кейін пайымдама шығарылған нарық қатысушысына және реттеушіге талап-тілекпен келісуге уақыт беріледі. Егер тараптар келісе алмаса, онда реттеуші пруденциялық әрекет ету шарасын қабылдайды. Қадағалау пайымдамасын қолдануға себеп болатын жағдайлар туралы нақты критерийлер заңда көрсетілмеген, яғни процесс толығымен орындаушылардың қолына беріледі.
Бұл жерде пайымдау кәсіби болғанмен де, жеке пікір екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан адамдардың біліктілік мәселесі бірінші орынға қойылады. Ол осы пайымдаманы, олардың қаржылық нарық алдындағы жауапкершілігі мен олардың пікірін даулау мүмкіндігін шығарады.
Қазақстанда ерекше құқық қолданылатын айтып кету керек. Соттар шешімді үлгі боларлық жағдайлар негізінде емес, заң баптары негізінде шығарады. Заң нормалары немесе қаржылық талаптар түріндегі заңбұзушылық саны бойынша түсінікті іске үйреніп қалған соттардың корпоративтік басқару, тәуекелдерді бағалау, бизнес-процестердің тиімділігі немесе компанияны дамыту стратегиясының нақты орындалуына қатысты дәлелді пікірдің дұрыстығын бағалайтыны қызық болатын сияқты.
Тексеріс көбейеді
Реттеуші кәсіби аудиторларды серіктес ретінде тартпақшы, олар қадағалау пайымдамасын өздерінің есептерінде ескеретін болады. Ұлттық банк өзінің инспекторлық тексерісінің нәтижесі бойынша ақпарат пен түсініктемені, сондай-ақ компанияның қызметімен байланысты, оның ішінде дәлелді пайымдамаға негізделген басқа ақпаратты аудиторға жібере алады. Аудитор осының негізінде өзінің бағасын береді. Аудитор осы бағалаудың нәтижелерін пікірлерді білдіру мен өзінің аудиторлық есебінде қорытынды жасауда қолданады.
Бұған қоса, реттеуші нарыққа қатысушыдан жоғарыда айтылған сегіз базалық бағыт бойынша жеке тексеріс жүргізуді талап ете алады. Аудиторлық тексерістің жоспары реттеушінің мақұлдауымен іске асады. Ал есеп реттеушіге беріледі және жариялауға жатпайды. Шын мәнісінде, аудиторлар қаржы нарығын реттеуге қатысып, реттеушімен қадағалау пайымдамасын бірге атқаратын болады.
Біздің аудиторлар, тіпті "үлкен төрттік" қаржылық тексеріспен айналысады және оларға салалық емес қорытындылар неге керек екенін түсінбеуі мүмкін. Олардың лицензиясы мен командалық құрамы қаржылық сараптамаға негізделген, сондықтан оны қалай іске асыруға болады. Ірі аудиторларда консалтингтік бөлімшелер бар екені рас, бірақ та олар жеке бизнес, ол туралы заңнамада ештеңе айтылмаған.
Бірақ тіпті қаржылық көрсеткішке тексеріс жасаудың өзі оңай болмайды. Егер аудитор Ұлттық банктің тексеріс нәтижесімен аудиторлық есепте баяндалған активтерді, міндеттер мен шартты міндеттерді мойындауға қатысты қаржылық есеп бойынша қорытындылар мен міндеттерге келіспейтін болса, онда Ұлттық банк аудитордан түсініктеме талап ете алады. Аудитор тәуелсіз кәсіби пікір мен қаржылық компаниялардың тексерісіне рұқсат беретін , екі жағдайдың бірін таңдауға тиіс. Яғни аудитор екі оттың арасында, ал оның кәсіби қызметі қысым астында қалады.
Ал енді Ұлттық банк жұмыскерлерінің қадағалау пайымдауы төңірегіндегі жеке жауапкершілігіне тоқталайық. Ондай жауапкершілік жоқ. Заңнама Ұлттық банк қызметкерлеріне қандай да бір мүліктік талап қоюға тыйым салады. Ал істі жеңіп шығу мүлдем мүмкін емес. Сонда реттеуші өзі жауап бермейтін пайымдау тәжірибесіне көшуде, алайда адами факторды ешкім алып тастаған жоқ.
Алайда нарық үшін пайымдау қателігі шыбын шаққан құрлы болмайды. Мысалы, егер реттеуші сақтандыру компаниясының лицензиясын тоқтататын болса, ал компания шешімнің заңсыздығын дәлелдеп шығатын болса, онда оның шығынын кім, қалай төлейді? Қазіргі қатаң бәсекелестік жағдайында лицензияның міндетті түрлерін алты айға бұғаттау – кез келген сақтандырушының жұмысын тығырыққа тірейтіні анық. Өйткені компания миллиард теңге болатын пайдадан қағылады. Бұл сан шағын сақтандыру компаниясының бір жылда екі-үш миллиард теңге жинайтынын есептеуінен алынды.
Екі түйе сүйкенсе, шыбын өледі
Лицензияны тоқтату мен кері қайтару компания үшін ең үлкен шара болып табылады. Заң бұзушылықтар басталған кезде шара қолдануға тиіс, бірақ оны қолданбайтын реттеушінің салмағы төмендеу үшін реттеуші қолайсыз жағдайлардан құтылуға тырысады.
Алайда болжанып отырған тәуекелге-бағдарланған қадағалау - қадағалау пайымдауымен бірге барлық бәледен құтылар жол болады. Сонымен қатар пайымдау жемқорлық жағдайларын толықтай қорғайтынына кепіл жоқ.
Әдетте, қаржылық компаниялардың жауапкершілігі туралы әңгіме болғанда, сарапшылар капитал мөлшері мен оның тұтынушы алдындағы жауапкершілігі деңгейін байланыстырады. Тәуекелге-бағдарланған қадағалау түсінігі дегеніміз- егер компания өзіне нақты бір міндеттемені алатын болса, оның капиталы оның мөлшеріне сай болу керек. Қазір қаралып жатқан заң жобасында нақ осы жайлы ештеңе айтылмайды. Сонымен қатар реттеушінің қатаң төрелігі енгізіліп жатыр. Бұл жергілікті қаржылық компаниялар пайдасына шешіліп жатқан жоқ. Нарық мұның жемісін 2020 жылдан бастап көреді.
Тап осыдан тоғыз жыл бұрын 2009 жылы озық болуды реттеуге әрекет жасалған болатын, бірақ та ол кезде әңгіме тек банктер жайлы ғана болды. Тап сол кезде банктерде валюталық несие көп болған еді, бірақ дағдарыс кезінде банктер міндеттерін толыққанды орындай алмады. Содан оларды үкіметтің құтқаруына тура келді.
Осыдан кейін нарықты реттеуші – Ұлттық банк пен қаржылық қадағалау жөніндегі агенттік контрциклдік макропруденциалдық реттеу қағидаларын енгізіп, қадағалауды күшейтуді ұсынды.
Бұл қаржы секторын дамытудың мерзімділігін ескеретін реттеудің күрделі түрі. Қаржы нарығы сапалы өсу сатысында тұрғанда реттеуші қадағалауды азайту керек, ал нарық турбеленттік сатысында болғанда талапты күшейту керек, оның ішінде капитал бойынша да күшейту керек.
Банк статистикасына сүйенер болсақ, банк секторындағы жағдай қиын. Банктер тұрақсыздық жағдайында тұралап қалған, несие портфелдерін тазалау жалғасып жатыр, экономикаға несие беру мүлдем жоқ десе болады. Сонымен қатар олардың кейбірі лицензиясы алынып қойылғаннан кейін, нарықтан кетіп жатыр.
Контрциклдік реттеу жүрген тоғыз жыл ішінде банк жүйесі төмендегідей макроэкономикалық көрсеткішке қол жеткізді. 2010 жылдан бастап 2018 жылдың наурыз аралығында банктер саны 38-ден 32-ге қысқарды. Бұл ретте сектордың жиынтық жарғылық капиталы 797,5 млрд теңгеден 2 трлн теңгеге дейін өсті. ЖІӨ-ге қатысты банк активтері 72,3%-дан 45,8%-ға төмендеді, ЖІӨ-ге қатысты қарыз портфелі 60,3% -дан 25,6%-ға азайған, ЖІӨ-ге қатысты міндеттер үлесі 37,6%-дан 31,9%-ға түскен.
Есесіне банк секторын шоғырландыру азайды. Жиынтық активтердегі бес ірі банктің үлесі 2009 жылғы 73,8%-бен салыстырғанда 55,5% болды. Банк секторын тазалау мен сауықтыру мемлекеттің қалтасын триллион теңгеге қағады.
Контрциклдік реттеу стратегиясы өзін-өзі ақтамайды десе болады. Тек банк ойыншылары санының қысқаруымен, үстем банктердің пайда болуын ғана айтпасақ. Ұлттық банк басшысы қаржы секторын реттеу өзгермейтінін, ол тек тәуекелге-бағдарланған қадағалаумен толықтыратынын айтты.
Нақты қаржылық көрсеткіштерге байланысты контр циклдік реттеудің тиімділігі қарық болмай тұрғанда, қадағалаудың жаңа жүйесі қаншалықты жарамды болатынын келесі жылы көреміз. Тап осы арада қаржы нарығының ойыншылары аз болуы керек деген сарапшылар пікірін айтпасқа болмайды.
Татьяна Батищева
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін