Астанада Индустрияландыру күні шеңберінде құрылыс материалдарын өндіруші заманауи зауыт іске қосылады. Онда арнайы құрылыс қоспалары мен ғимараттарға арналған жылу оқшаулауға арналған өнімдер шығарылады. Барлығы 120 өнім түрі өндірілмек, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Бүгін Астана әкімі Әсет Исекешев пен "Selena FM S.A." директорлар кеңесінің төрағасы Кшиштоф Домарецки нысанды іске қосу мәселесін талқылады. Кәсіпорын ЕО-да сертификатталған сыртқы оқшаулағыш жүйелеріне арналған құрамдастар, кәсіби қасбет сырларын, қасбеттерге арналған пайдалануға дайын сылақтар, ішкі жұмыстарға арналған арнайы сырлар, армирлеуші құрылыс қоспаларын, су оқшаулағыштығы жоғары сылақтар, бетон блоктарға арналған жұқа қабатты қалау ерітінділерін, өздігінен жазылатын құю массаларын және т.б. шығарады.
Зауыттың өндірістік цехы 5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Жобаның мақсаты – бәсекеге қабілетті жоғары технологиялық өндіріс құру:
- ҚР құрылыс саласында инновациялық және энергия үнемдеуші технологияларды ендіру;
- импорт алмастыруды қамтамасыз ету және ҚР экономикасының салаларына аса қажет қосымша құны жоғары өнімдердің өндірісін ұйымдастыру;
- қосымша жұмыс орындарын құру;
- Орта Азия мен РФ-ға өнім экспорты үшін мүмкіндіктер жасау.
Зауыттың өнімдері ғимараттардың энергетикалық тиімділігін арттырып, ауаға тасталатын CO2 көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол зиянды заттар шығармайды, ылғалға, көгеруге және микроағзаларға төзімді. Құрамында озон қабатын бұзатын парник газдары жоқ (мысалы, ХФУ және ГХФУ) және энергия тұтынуды азайтатын жаңаша формулалар мен технологияларға сай өндіріледі.
Жоба 70 адамды жұмыспен қамтиды. Оның өндірістік қуаты жылына 10 000 тоннаға жуық дисперсиондық, 120 000 тонна құрғақ қоспа. Өнімнің 40% экспортқа шығарылады.
"Селена групп" 1992 жылы құрылған және өнімдерін әлемнің 70 еліне жеткізеді. Компания әлемдегі біркомпонентті полиуретан көпіршігі өндірушілерінің үздік үштігіне кіреді.