Жалпы биыл ішкі істер өкілдерінің үстінен сыбайлас жемқорлық бойынша 398 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 142-сі әкімшілік полиция өкілдеріне, 146-сы жедел іздестіру саласына, 77-сі қылмыстық атқару жүйесіне, 18-і төтенше жағдай өкілдеріне, 14-і көші-қон полициясына, біреуі "Ұлттық ұлан" сарбазына қатысты қозғалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұйымдастырған брифингте 1-департамент тергеушісі Қайсар Баржақсынов осындай мәліметтер келтірді.
"Сақшылардың үстінен қозғалған 398 істің әзірге 295-і аяқталған. Соңғы жылдары басшылық құрамдағы 80 лауазымды тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қатыстылығы әшкереленді. Оның алтауы республикалық деңгейдегі басшы болған. 22-сі облыстық, 53-і аудандық және қалалық деңгейде басшылық қызмет атқарған", – деген тергеуші құқық қорғаудың орнына оны бұзған басшылардың атын атап, түсін түстеп берді.
Солардың арасында Ішкі істер министрлігінің орталық әскери-дәрігерлік комиссиясының төрағасы болған полковник Исабеков пен Атырау қаласының полиция басқармасы басшысының орынбасары Қайралапов сияқты жоғары шенді офицерлер де бар.