17 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес

700

Жаңа оқу жылына бірер күн қалды.

17 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес Фото: inbusiness.kz

Бүкіл ел бойынша 1 қыркүйекке қызу дайындық жүріп жатыр. Дегенмен, биыл алғашқы қоңырау барлық мектеп үшін соғылмайтын сияқты. Республикадағы 17 білім ордасында әлі күнге дейін жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Жылда қайталанатын мәселенің шешімі бар ма?

Бұл Атыраудағы жөндеуі бітпеген 5 мектептің бірі. 2 мектеп жоспар бойынша 1-қыркүйекте есігін айқара ашады, ал қалған үшеуіне күрделі жөндеу қажет болғандықтан, жаңа оқу жылына дейін аяқтап үлгермейді. Сондықтан оқушылардың көршілес білім мекемелеріне барып оқуына тура келеді. Жалпы, Атыраудағы 64 мектептің алды 50-ші жылдары салынған. Сондықтан қазіргі 5 мектептің тағдыры қалғанын да күтіп тұр деп топшылауға болады.

"Тек кабинеттік жасақтау ғана емес, канализация жұмыстары, электр жүйелері тексеріс қорытындысы бойынша жөндеуді қажет ететін болса, біз біртіндеп уақытша болса да мектептерді күрделі жөндеуге жауып, осындай уақытша қиындықтардың кезінде қасындағы мектептерге орналастыру арқылы  жұмысты жүзеге асыратын боламыз. Сондықтан ата-аналарға да біздің балаларымыз жақсы, жайлы, таза мектепте оқу үшін түсіністікпен қарауды өтініп сұраймыз. Өйткені, қазір бес мектепті күрделі жөндеуге қойып отырсақ, тағы келесі бір бес мектептің кезеңі келіп тұр", - дейді Атырау облысы білім басқармасының басшысы Айнагүл Дүйсекенова 

Ал еліміз бойынша 17 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Олардағы жөндеу жұмыстары 2024 жылдың наурыз айына дейін жалғаспақ. Неге осындай мерзім беріліп отыр,- деген сұраққа келсек, көбінде тендер тек маусым айында ойнатыла бастапты. Екі айда мектеп түгілі екі-үш бөлмелі үйдің жөндеуі бітпейтіні анық. Қордаланған мәселені күні кеше экс-министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те тілге тиек етті.

"Қырқүйек айында мектептердің жөндеуі бітпеді деп, жылда директор, басқарма басшысы, министрлік сын астында қалады. Басты себептердің бірі мемлекеттік сатып алу (тендер) рәсімдерінің шикілігінде. Оның кесірі, әсіресе, әлеуметтік салаға қатты тиіп жатыр. Салынған ғимараттардың сапасыз болуы, зерттеулер үшін қажетті реактивтер мен құрылғыларды сатып ала алмау, күнделікті тауар сапасының төмендігі, бюджет қаражатының игерілмеуі  бұлар да негізінен осы  сатып алу рәсімінің тиімсіздігіне байланысты", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Проблеманың шешімін табу үшін депутаттар Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға енгізу қажет түзетулерді Үкіметке жолдапты. Облыс әкімдерінің орынбасарлары, өңірлік білім басқармаларының басшылары қатысқан отырыста Қаржы вице-министрі бұл ұсыныспен келісетінін айтқан. Алайда, жеме-жемге келгенде министрлік ол сөзіннен айнып қалып, ешбір түзетуді қолдамайтыны жөнінде қорытынды дайындап жатыр екен. Оған не себеп болғанын әлбетте Қаржы министрлігінен сұрадық, бірақ жауап ала алмадық. Ал осы білім ұйымдарын салуға ақша салған инвесторлар қауымдастығы расында сатып алу рәсімдеріне қатысты заңға өзгеріс қажет, дейді.

"Бұл процесс ашық түрде болу керек. Цифрландыру деп жатырмыз. Қаншама қаржы бөлінгенмен, біз оны көрмейміз. Бармақ басты, көз қыстымен сондай өтіп жатқан шаруаларды байқап қаламыз", - дейді Ұлттық білім саласы инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күланда Батырбекова 

Сала мамандары сондай-ақ осы мектептердің құрылысына, болмаса жөндеуіне бөлінетін қаржы талан-таражға түсіп жататынын жоққа шығармайды. Сөздерінше, мемлекеттік сатып алудың кеш ұйымдастырылатыны да содан. Биыл жөндеу жұмысына оқу жылы таянғанда ғана кіріскен өңірлер арасында сюжет басында атап өткен Атырау, Ақтөбе және Алматы облыстары көш бастап тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу