Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден жазасын өтеп жатқан әйелдердің белгілі бір санатына рақымшылық жасауды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тиісті депутаттық сауал Ішкі істер министрінің атына жолданды.
"Сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмейтін болса, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастырып көруді ұсынады. Мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Көп жағдайда отбасындағы бала тәрбиесі әйелдердің мойнында", – деді депутат.
Қарақат Әбден келтірген деректерге сүйенсек, қазір 2 336 әйел бас бостандығынан айырылған. Олардың жартысы – аналар, оның ішінде 250-і көп балалы аналар.
"1500-ден астам бала анасыз қалды. 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл ойран болған отбасылар, бұзылған тағдырлар, ең сорақысы ана жылуынан айырылған сәбилер", – деп түсіндірді ол.
Депутат сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін бірқатар критерийлер ұсынылады:
- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
- жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар әйелдер;
- көп балалы әйелдер;
- алғаш сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
"Ал ауыр қылмыс, аса ауыр қылмыс жасап, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге амнистия жасалмайды. Бұл мәселеде халықаралық тәжірибе жеткілікті. Мәселен, Қырғызстанда әйелдерге 1996 жылдан бері 3 рет амнистия жасалған. Өзбекстанда 2013 жылы амнистия жасалып, әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Ресей Президенті 2023 жылы әйелдерге амнистия жасау туралы идеяны қолдады. АҚШ-тың кейбір штаттарында әртүрлі қылмыс жасап сотталған әйелдерге бір неше рет амнистия жасалды", – деді спикер.
Оның сөзінше, әйелдерге амнистия жасалса, елдің пенитенциарлық жүйесіне жүктеме азаяды. Сонымен қатар балалар үйлеріне түсетін жүктеме төмендеп, әлеуметтік шиеленіс азаяды.