20 миллион қазақстандықтың дербес деректерін 4 адам ғана қорғайды – Е.Смышляева

316

Қазақстан азаматтарының дербес деректері шетелдік ресурстарда тарап кеткені осы аптада үлкен дау тудырған еді.    

20 миллион қазақстандықтың дербес деректерін 4 адам ғана қорғайды – Е.Смышляева Фото: egov.kz

Бүгін Мәжілісте осы салада анықталған күрделі ахуал жайы сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл жердегі проблема заңнаманы қолдануға қатысты. Бірінші кезекте әкімшілік басқару жағы нашар. Бүгінде дербес деректерді қорғау басқармасының штат саны 4 бірлік қана. Осы санаулы адам еліміздегі барлық қазақстандықтардың және ел аумағында болған шетелдік азаматтардың ақпараттық қорғалуын жүзеге асырады. Бұл дегеніміз 20 миллионнан астам жеке дерек субъектілері.

Екіншіден, деректерді қорғау құралдарын қолданысқа енгізу жылдамдығы төмен. Мәселен, азаматтар мен уәкілетті органға олардың деректерін біреу пайдаланып жатқандығы туралы хабарлайтын бағдарлама 2 жыл бұрын әзірленді. Оған "Жеке деректерге қол жеткізуді басқару қызметі" деген құқықтық мәртебе берілді. Алайда, осы уақытқа дейін бұл бағдарламаны тек 118 дербес деректер операторы ғана енгізіп отыр.

Үшіншіден, заңдар қабылданғаннан кейін салалық заңнама ішіндегі нормативтік-құқықтық актілерге тексеру жүргізілмейді немесе кеш жүргізіледі. Бұл әсіресе басы артық қағаз анықтамаларды талап ететін орындарға қатысты. Бір мысал: 13 ақпанда жеке куәліктердің қағаз көшірмелерін жинауға заңмен тыйым салынды, бірақ одан кейін вокзал немесе қонақ үй сияқты ұйымдардың ішкі ережелері мен жұмыс регламенттері қайта қаралды ма? Жоқ, қағаз көшірмелер әлі де болса барлық жерде жиналып жатыр.

Болмаса, таяуда тарап кеткен студенттердің тізімін алып қарасақ та: "уәкілетті орган жинауға және сақтауға жататын медициналық ақпараттың тізімін соңғы рет қашан саралап, қайта қарады?" деген заңды сұрақ туады", - деді депутат Екатерина Смышляева Мәжілістің Жалпы отырысында.

Оның айтуынша, еліміздегі ақпаратты қорғау заңнамалары әлемдік стандарттарға сәйкес келеді. Тек соңғы екі жылдың өзінде AMANAT фракциясы реттеу қызметімен бірлесе отырып дербес деректерді қорғау бойынша үш түзету пакетіне бастамашылық жасапты. Десе де азаматтардың цифрлық құқықтары туралы сауаттылығының төмендігі мұндағы үстірттікке жол беріп отыр.

Сол себеп бірінші кезекте дербес деректерді қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті органның штат санын ұлғайту керек немесе олардың функцияларын ақпараттық қауіпсіздік саласындағы аккредиттелген ұйымдар арасындағы бәсекелестік ортаға беру жолымен қайта бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет. Екіншіден, салалық мемлекеттік органдар заңнама ішілік нормативтік-құқықтық актілерді жоғарғы деңгейдегі заңнамалық актілерге сәйкестігіне уақтылы тексеру жүргізуге тиіс. Үшіншіден, дербес деректер айналымы және ақпаратты талап ету бөлігінде қабылданған талаптарды әкімшілік басқаруды күшейту керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу