Жамбыл облысында 2024 жылы жәбірленушілердің арыздары негізінде қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2025 жылы мұндай істердің саны төртеуге жеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жалпы соңғы үш жылда облыста 200-ден астам азамат қаржы пирамидаларының құрбаны болған. Бұл – тек ресми түрде шағым түсіргендердің саны. Демек, нақты көрсеткіш бұдан да көп болуы әбден мүмкін.
Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметовтың айтуынша, бүгінде қаржы пирамидалары қоғамға ең көп зиян келтіріп отырған қылмыстық схемалардың бірі. Әсіресе әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен түрлі интернет-платформалар арқылы таратылатын жарнамалар азаматтарды оңай олжаға кенелеміз деген үмітке жетелейді. Жоғары пайыз, тез табыс, тәуекелсіз инвестиция секілді жалған уәделерге сенген жұрт ақыр соңында сан соғып қалады.
"Департамент келтірілген залалды өтеу және ұйымдастырушылар алған қылмыстық кірісті анықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. 2025 жылда тергеп-тексеру барысында, Департаментпен қабылданған шаралар нәтижесінде, зардап шеккен азаматтарға 11 миллион теңгеден астам келтірілген залал өтелді. Жалпы соңғы 3 жыл аралығында 56 миллион теңге көлемінде залал өтелді.
Әдетте, ірі алаяқтық ұйымдар өздерінің қылмыстық схемаларын бүкіл республика аумағында жүзеге асырады. Сөзімізге мысал ретінде Қаржылық мониторинг агенттігінің кең ауқымды операциясын келтіруге болады. Операция барысында 2025 жылда еліміздің барлық өңірінде тұтыну кооперативінің атын жамылған "Асар Баспана" қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды. Бұл құрылым тұтыну кооперативі ретінде тіркеліп, салымшыларға жылжымайтын мүлік, автокөлік немесе тұрмыстық тауар алуға көмектесеміз деген желеумен қаражат жинаған. Нәтижесінде тергеу барысында 1,1 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша және премиум санаттағы 10 автокөлік тәркіленген.
Соңғы уақытта алаяқтықтың "дропперлік схема" деп аталатын жаңа түрі де кең таралуда. Мұндай жағдайда азаматтарға өз банктік карталарын үшінші тұлғалардың пайдалануына беру ұсынылады. Көп жағдайда адамдар мұның қылмыстық әрекет екенін түсінбей жатады. Алайда мұндай қатысу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ал 217-бап бойынша қаржы пирамидасын жарнамалау да қылмыс болып саналады және үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген" - деген Нұрбол Жолдасұлы департамент тарапынан алдын алу шараларына ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді.
2025 жылы қаржы пирамида белгілері бар 6 мың сілтеме бұғатталған. 1900 қатысушысы бар бес мессенджерлік чат жабылған. Облыста екі форум ұйымдастырылып, жоғары оқу орындары мен колледждерде қаржылық қауіпсіздік тақырыбында 20-дан астам дәріс оқылған.