Елімізде интернетке қолжетімділіктің артуымен биліктің жеке ақпараттардың таралуын қадағалау, бақылау және жолын кесу әрекеттерінің саны да артып келеді. Үкіметтің мазмұнды бұғаттау мүмкіндігі бар және "заңсыз материалдардың" таралуын шектей алады. Алайда бұл туралы жалпыға қол жетімді мемлекеттік деректер, барлық блокталған ресурстардың тізілімі жоқ, деп жазды inbusiness.kz тілшісі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Елімізде бұғатталған ресурстардың саны мен олардың бұғатталуының себептері туралы деректерді қазақстандық "Интернет еркіндігі" құқық қорғау ұйымы жинайды. Ол бұл деректерді Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінен үнемі сұратып отырады.
Алынған жауаптарға сәйкес, 2014 жылдан 2022 жылдың сәуіріне дейін Қазақстанда 95 мыңнан астам интернет-ресурс бұғатталған. Тек 2021 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 13,2 мың материалды құрады. Бұғаттаудың ең көп тараған себебі қатыгездік пен зорлық-зомбылық, суицид және порнографияны насихаттау. Бұл 2014 жылдан биылғы жылдың сәуір айына дейінгі жалпы бұғатталған контенттің 42%-ын құрайды. Екінші орында терроризм және діни экстремизмді насихаттау (33%).
Мысалы, өткен жазда ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі заңсыз деп санаған материалдарды жоймағаны үшін Linkedin іскерлік әлеуметтік желісін бұғаттады. Ресурсқа "онлайн-казиноларға қатысты жарнама" және "иесі болып табылмайтын нақты адамдардың атынан жалған аккаунттарын жасады" деген айып тағылды. Сонымен қатар елде avaaz.org, change.org онлайн петиция платформалары жұмыс істемейді.
Құралай Құдайберген