2021 жылы тыңайтқыш субсидиясы агрохимиялық картограммасы бар диқандарға ғана беріледі

928

Былтыр тыңайтқыш қолдану көлемі 15% төмендеген. 

2021 жылы тыңайтқыш субсидиясы агрохимиялық картограммасы бар диқандарға ғана беріледі

Келесі жылдан бастап тыңайтқышқа субсидия алғысы келген диқандар топырақтың арнайы қоректік элементтермен қамтамасыз етілу дәрежесін көрсететін түрлі-түсті карта тапсыруға тиіс. Бұл туралы ведомствоның алқа мәжілісінде вице-министр Айдарбек Сапаров айтты.

"2019 жылы 401,7 тонна тыңайтқыш сатып алынған еді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға төмен. Қолдану қарқынының төмендеуінің негізгі себебі – агрохимиялық картограммалардың, әсіресе, оңтүстік өңірлерде болмауы. Сондықтан келесі жылдан бастап субсидия алу үшін агрохимиялық картограмма болуы қажеттігін ұмытпаған жөн. Топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу жұмыстарын жандандыру қажет. Ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері зертханалардың жоқтығына шағымданған болатын. Жаңа агрохимиялық зертханалардың құрылысы жоспарлануда. Қазірдің өзінде Қостанай мен Петропавл қалаларында заманға сай автоматтандырылған әрі жабдықталған зертханалар іске қосылды", – деді ол.

Оның айтуынша, елдегі егіс алқаптарында астық таты мен септориоз кең таралған. 

"Биылдан бастап пестицидтердің барлық түрі субсидияланады. Бұл ретте гербицидтерді қоспағанда, пестицидтерді субсидиялау зияндылықтың экономикалық шегін ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл шара диқандарға өсімдік ауруларымен, зиянкестермен күресу үшін қажетті дәрмектерді таңдауға мүмкіндік береді", – деді Айдарбек Сапаров.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу