2022 жылдан бастап энергиямен жабдықтаушыны тұтынушылардың өзі таңдайды

1115

Электр энергиясы нарығының 70 пайызын 3 компания иемденіп алған.

2022 жылдан бастап энергиямен жабдықтаушыны тұтынушылардың өзі таңдайды

Аз қамтылған отбасыларға электр энергиясының ақысын төлеу үшін "электронды әмиян" арқылы атаулы әлеуметтік көмек берілуі мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Open Space алаңында тұрғындарды қолжетімді электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 

Агенттік төрағасы Серік Жұманғариннің айтуынша, соңғы 5 жылда электр энергиясына деген сұраныс айтарлықтай артқан. Соған қарамастан нарықта жаңа ойыншылардың саны көбейіп, бәсеке артты деуге келмейді. 

"Қазақстан электр энергиясының көтерме сауда нарығы санаулы ғана ұйымның қолына шоғырланған. Көрсетілетін қызметтің 70% пайызын үш ірі өнім беруші иемденіп алған. Бұл тенденцияны бұзу үшін электр энергиясының көтерме саудасын ашық ұйымдастырып, келісімшарттардың ашық жасалуына ықпал ететін тетіктер енгізу керек", - дейді агенттік басшысы.

Ол, сондай-ақ, бұл нарықтағы бәсекенің аяғына тұсау болып тұрған кедергілерді атады. Салаға жаңа ойыншылар келгенімен, олардың негізгі қуаттарға қол жеткізуі қиын көрінеді. Бағаны реттеудің қазіргі тәсілі де әбден орныққан санаулы компанияға қолайлы болып тұр. Сонымен бірге, жалпы ережелерде тарфитерді әлеуметтік тұрғыдан саралау деген ұғым бар болғанымен, ондай көмекті нақты кімдер алу керектігі нақтыланбаған. Электр қуатының көтерме нарығында жаңа ойыншыларға қойылатын талаптар да айқын емес. Ондай түсініксіз талаптарды кедергі келтірудің құралы ретінде пайдалану оңай. 

Бір кәсіпорынның электр энергетикасымен байланысты бірнеше салаға корпорациялық тәсілмен бақылау орнатқаны айқын көрініп тұр. Яғни, бір корпорацияның бірнеше еншілес компаниясы электрмен жабдықтаудың бірнеше сатысын жаулап алған. 

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі осы кедергілерді жою үшін салаға аздаған өзгеріс енгізуді ұсынып отыр

"Тарифтерді әлеуметтік тұрғыда саралау халықтың осал топтарын қолдау үшін енгізөілген. Алайда мұндай қолдауды қазір аз қамтылғандар ғана емес, ауқатты жеке тұтынушылар да алып отыр. Бұлай болмауы үшін тек коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған "боялған ақша"  ұғымын енгізіп, оны "әлеуметтік әмиян" арқылы аударатын цифрландырылған сервис құрау қажет", - деді Серік Жұманғарин.

Мұндай сервис пайда болғаннан кейін қолданыстағы сараланған тарфитер 2025 жылға дейін біртіндеп қысқартылады. Ал нағыз көмекке мұқтаж отбасыларға "әлеуметтік әмиян" арқылы аталуы әлеуметтік көмек төленеді.  

Агенттік басшысы қарапайым халықтың қолында электрмен жабдықтаушы компанияны таңдау мүмкіндігі жоқ екенін еске салды. Ал бұл тұтынушылардың құқығын жанама бұзу болып саналады. 

Бұл мәселені шешу үшін "КОРЭМ" АҚ іскерлік ойын форматындағы ақпарат алаңының жобасын ұсынып отыр. Яғни, кез келген қала тұрғыны үйден шықпай-ақ электр энергиясын жеткізушіні ауыстыра алады. Жоба авторларының сөзіне сенсек, мұндай мүмкіндік 2022 жылдан бастап пайда болмақ. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу