Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин мәжілістегі дөңгелек үстелде тұрғындардың жауапкерлігіне ерекше тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, үй жануарларын чиптеу мәселесі өз нәтижесін бермеген. Басты себеп – тұрғындардың жауапкершіліктен жалтаруы. Мұны статистика да дәлелдеп отыр.
– 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын чиптеу керек болды, яғни, иелеріне жауапкершілік жүктеу үшін, соңында не болды? Статистика бойынша, 28 мыңға жуық итті тіркеген, бір жылдан кейін олардың саны 4 мыңға дейін қысқарды, ал қазір 900-ге жуық. Демек, иелері үй жануарларын көшеге лақтыра салады деген сөз, – деп ашынды депутат.
"Үй жануарларын чиптеу арқылы біз жауапкершілік мәселесін шеше алмаймыз" деген Еділ Жаңбыршин әріптестерінің де пікірін білді.
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде бұдан басқа да бірқатар мәселе сөз болды.
Еске салайық, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зауре Ахметова елімізде 2019-22 жылдар аралығында құтырма ауруымен 6 жағдай тіркелгенін, өкінішке қарай барлық науқастың қайтыс болғанын айтқан еді.