84 жастағы "супермен" ақсақал трактормен ауыл қарын күреп жүр

994

Нұра ауданының Тікенекті ауылының 84 жастағы тұрғыны Минниагзам Авлияров шынжыр табанды тракторды тізгіндеп, өз еркімен туған ауылының жолдарын қардан тазартады, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

84 жастағы "супермен" ақсақал трактормен ауыл қарын күреп жүр

80-нен асқан жасына қарамастан ақсақалдың өзі де, сөзі де тың. Айтуынша, ауылда жастардың көбі қалаға кеткендіктен, көбіне қарттар қалған. Сондықтан қыс келгенде ауыл арасында қариялардың жүріп-тұруы қиындайды.

Ал ауыл тұрғындары ақсақалды Ағзам аға деп атайды. Зейнеткер үнемі қыс түскенде ауылдың қарын тазалап, көктемде бөгеттерді нығайтумен айналысып келеді.

 "Мен ауылдастарыма шын жүректен көмектесемін. Алла тағала маған күш бергендіктен, мен адамдарға көмектесуім керек деп санаймын. Сонымен қатар, қазір біздің ауылда көбіне қарттар ғана қалды. Ауылымызды қар басып кеткенде, оларға жүріп-тұру қиынға соғады", - дейді Минниагзам Авлияров.

Ақсақал Башқұртстанда туып-өскен, Қазақстанға тың жерлерді игеруге келгендердің бірі. Айтуынша, тікенекті ауылында тұрып, ұзақ жылдар механизатор болып жұмыс істеген. Комбайндарды, тракторларды және басқа да арнайы техниканы тізгіндеп, елге қызмет көрсеткен. Осында үйленіп, жұбайымен бірге үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ағзам ата қол қусырып отыра алмаған. Халық арасында белсенді азаматтық ұстанымы үшін Ағзам атаны әзілдеп "супермен" деп атап кеткен көрінеді.

– Мен Қазақстанға 1958 жылы, 19 жасымда тың жерлерді игеруге келдім. 1961 жылы мені осында жіберді. Ол кезде мына жерлер қу дала болатын, мен совхоз құрылысына қатыстым. Содан бері мен осында тұрамын. Тікенекті – бұл менің Отаным, – дейді ақсақал.

Сарыөзен ауылдық округінің әкімі Ерлан Оспанов ақсақал белсенді азаматтық ұстанымымен жастарға үлгі көрсетіп отыр деп санайды.

– Ағзам ағаны бәріміз құрметтейміз. Ол кісі жергілікті халыққа қырық жыл бойы көмектесіп келеді. Оның шағын шаруа қожалығы бар. Қыста қар тазалайды, жазда жергілікті тұрғындарға шөп жинауға көмектеседі. Дәл осындай адамдар біздің жастарымызға үлгі болуы керек, – дейді Ерлан Оспанов.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу