Ақтау қаласында жаңа шағын аудандарда мектеп жоқ. Салдарынан ата-аналар балаларын оқу жылында қайда апарарын білмей дал. Сондай-ақ, кейбір мектептерде бала саны 1,5-2 есеге дейін көп. Облыс орталығында 5 мектеп үш ауысымды форматта жұмыс істеп тұрса да мәселе күрделі.
Ақерке Оразованың тұңғышы биыл алғашқы даярлық сыныбына баруы тиіс. Бірақ, үйіне жақын жерде мектеп жоқ. Ал іргелес жатқан шағын аудан ішіндегі мектептер лық толы. Соның кесірінен балам уақытында сапалы білім ала алмай қала ма, деп алаңдайды.
"Ертең бала 1-сыныпқа барғанда алып кету үшін нулевойға бергіміз келеді. Дайындағымыз келеді алдын ала. Қанша дегенмен мектепте мұғалім береді. Тәжірибелі маман. Ендігі баланы нулевойға бере алмағасын, ары қалай не қыламыз? Қалай қыламыз? Проблема болып тұр...", - дейді қала тұрғыны Ақерке Оразова.
Мектеп мәселесі жаңа шағын аудандарда өзекті. Ата-аналар амалсыз шалғайдағы оқу ордасына апаруға мәжбүр. Ал жекеменшік мектепті көптің қалтасы көтермейді. Жалпы соңғы жылдары шаһарда демографиялық өсім жоғары. Соның нәтижесінде кей мектепте 20-дан аса бастауыш сыныптары бар.
"Мысалы 21/22 оқу жылында 4900 балаға өсім болса, 22/23 жылы 5358 балаға өсім болды. Ал биылғы жылы 5500 балаға өсім болады деп жоспарлап отырмыз. 5 мектеп үш ауысымда білім берді", - деді Қалалық білім бөлімінің басшысы Бағдат Тұранбаева.
Былтыр 1200 оқушыға арналған екі мемлекеттік мектептің құрылысы басталған еді. Бірақ, белгісіз себеппен құрылыс баяулап қалған. Жалпы 2025 жылға дейін Ақтау қаласынан бөлек, Мұнайлы мен Түпқараған ауданындағы білім ордалары пайдалануға беріледі.
"Қазіргі таңда осы екі жоба бойынша қайтадан корректировка жүріп жатыр. Корректировка дегеніміз - 18 жылғы бағаны қазіргі бағаға ауыстыру. Және кейбір техникалық өзгерістер де бар. Ол жерде басқа да мәселелер бар. Бірақ, аты айтып тұр сараптама 18 жыл жасалған болса, қазір 23 жыл. Қайтадан бағасын қарастырып жатырмыз", - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Айнұр Макешова.
Демек, бірі биыл, екіншісі келер жылы қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, облыс көлемінде "Жайлы мекен" ұлттық жобасы аясында 24 заманауи мектеп салынады. 2025 жылға дейін аймақтағы білім ордасының жетіспеушілігі толық жойылады деген болжам бар.