Ақмола облысында 4 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

1171

Ақмола облысында 4 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Ақмола облысында "Астана-Көкшетау" тас жолының бойында 4 адамның өмірін қиған жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 4 желтоқсан күні сағат 13:40-тар шамасында Ақмола облысы аумағында  "Астана-Көкшетау" күрежолының 245 шақырымда ондаған көлік соқтығысып, ірі жол апаты болды. Оқиға орнында 4 адам көз жұмған болатын. Осыған дейін "Қазавтожол" РМК ақылы жол дирекциясының операторы мәлімдегендей, Бурабайдағы "Риксос" қонақүй кешенінен Астанаға бағыт алған, яғни, BI Group-тың 49 қызметкері мінген "VAN HOOL" жолаушылар автобусының жүргізушісі  боран мен көктайғақтың салдарынан рөлге ие бола алмай, алдында кетіп бара жатқан "Ниссан цефиро" жеңіл көлігін соққан. Одан әрі автобус алдында тұрған "Ваз 2106" жеңіл көлігін соққан. Осының салдарынан "Ниссан цефиро" көлігінде отырған жолаушылар – 1984 жылғы Алена Бухалюк (Астана тұрғыны), 1994 жылғы Қымбат Сәдуақасова (Зеренді ауданының тұрғыны), 1967 жылғы Айсұлу Кәленова (Астана тұрғыны) және "Ваз 2106" көлігінің жүргізушісі 1966 жылғы Құмарбек Жакентайұлы (Бурабай ауданының тұрғыны) оқиға орнында көз жұмды. Ал, "Ниссан цефиро" көлігінің 1992 жылғы жүргізушісі мен 3 жастағы жолаушысы Данилды куәгерлер жаншылған көліктің ішінен алып шыққан.

"Қазіргі кезде, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімі бойынша (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соқтырған жол қозғалысы ережесін бұзу) қылмыстық іс қозғалып, соттық-медициналық сараптама жұмыстары тағайындалды", деп көрсетілген хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу