Құрама Штаттар президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қытайға жеткізілетін технологиялардың экспортына жаңа шектеулер енгізуі мүмкін. Америкалық Bloomberg басылымы осындай ақпарат жариялады.
Осы айдың соңына дейін Ақ үй басшылығы General Electric Co. мен Францияның Safran кәсіпорындары бірлесе жасайтын Leap 1C авиациялық қозғалтқыштарын Қытайға экспорттауды тоқтату не тоқтатпау туралы шешім қабылдамақ.
Ескере кететін жайт, қазіргі таңда бұл қозғалтқыштар Commercial Aircraft Corp of China шығарған C919 ұшағына қондырылып жүр. АҚШ тарапы қауіптеніп отырған нәрсе: Қытай GE/Safran Leap 1C қолдану арқылы өзінің авиациялық қозғалтқыштар бағдарламасын жетілдіруі мүмкін. Сонымен қатар Трамп әкімшілігі қытайлық Huawei Technologies компаниясымен бизнес жүргізуге де тыйым салуы ықтимал.
2019 жылдың мамыр айында АҚШ-тың Сауда министрлігі Huawei және онымен байланысы бар компанияларды "қара тізімге" енгізген болатын. Ал өткен аптада Вашингтон Huawei-ге коммерциялық құпияны ұрлады және Иран билігіне ереуілшілерді аңдуға көмектесті деген айыптар таққан еді. Енді америкалық шенеуніктердің бірқатары Қытайдың технологиялық өсуін тежеуге бағытталған шара қабылдау керек деп отыр. Олар Қытайдың технологиялық компаниясы елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп отыр деген алға тартуда. Олардың ұсыныстары әкімшілікте талқыланғаннан кейін, президентке жолданатын болады.
Ал Қытай 2 наурыздан бастап 696 америкалық тауарды әкелім бажынан 1 жылға босатпақ. Қытайлық кәсіпорындар мен нарық белгілі талаптарға сай келсе, жергілікті билік АҚШ-тан әкелінетін бірқатар өнімдерге баж салығын салуды тоқтататын болады. 696 тауардың қатарында шошқа және сиыр еті, соя, сұйытылған табиғи газ бен мұнай бар.
Еске сала кетсек, Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда келіссөздерінің бірінші кезеңі 14 ақпанда күшіне енген болатын. Ол кезде қос алпауыт бірқатар тауарға өзара салынған салықтың күшін жоюға уағдаласқан еді. Трамп болса, тараптар сауда келіссөздерінің екінші кезеңіне қатысты құжатқа қол қоймайынша, АҚШ қытайлық тауарларға салынған салықты сол күйі қалдыратынын мәлімдеді.
Табиғат Нұрболат