АҚШ-тағы Президент сайлауының Қазақстанға әсері қандай болмақ?

280

Мұхиттың ар жағындағы алпауыт елдегі жағдай біздің тыныштығымызды бұзуы мүмкін дегенге сенудің өзі қиын. Дегенмен екі елдің тағдыры біз білмейтін тұстарда тоғысып, сіз бен біздің өмірімізге тікелей әсер етуі ғажап емес.

АҚШ-тағы Президент сайлауының Қазақстанға әсері қандай болмақ? Фото: ICTV

Сарапшылардың бағалауына сенсек, 2020 жылы Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси шешімдерінің 70%-ы АҚШ-тың саясатына байланысты қабылданған. Сол саясаттың алдағы бағыт-бағдары бүгін бастау алған сайлау нәтижелерімен анықталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.  

Украинаны қолдаудағы табандылығымен, санкцияға қатысты қатаң шешімдерімен көзге түскен Камала Харрис пен Қытайға жаукөздігімен танылған Дональд Трамп әзірге таразы басында тең тұр, екеуі де соңғы сауалнамада 49% дауыс жинаған. Екі айдан астам уақыт жалғасып келе жатқан теңдік, әлеуметтанушы Билл Макинтурффтың айтуынша, америкалық қоғамындағы терең алауыздықты көрсетеді. Сарапшылар арасында да келіспеушіліктер байқалады. Америка Құрама Штаттарындағы соңғы он президенттік сайлаудың тоғызының нәтижесін дұрыс болжаған тарихшы Аллан Лихтман Камала Харристің жеңетініне сенімді. Ал NYT бағанында танымал сарапшы және саяси кеңесші Нейт Силвер өз түйсігіне сеніп, Дональд Трампты жеңіс тұрғысынан көретінін айтты. Түйсігінен бөлек сарапшы сауалнамаларда Трампты ашық қолдаудан тартынатын "үнсіз жақтаушылардың" барына назар аударды. Алайда АҚШ-тағы бақылаушылардың көбі екі үміткердің ешқайсысы қажетті 270 сайлаушы дауысын ала алмайтынын да жоққа шығармайды.

Саяси ғылымдар докторы Дулатбек Қыдырбекұлының айтуынша, екі үміткердің мүмкіндіктері бірдей, алайда Харристің өткен аптада басым түскенін ескерсек, математикалық тұрғыда демократ көш бастауы тиіс.

"Камала Харрис жеңіске жеткен жағдайда АҚШ-тың сыртқы саясаты Байденнің ескі жолымен жүре бермек. Ал Дональд Трамптың билікке келуі, оның авторитарлық ұстанымын ескерсек, сыртқы саясатқа басымдылықтың төмендеп, мемлекеттің оқшаулануына әкеледі", – деді талдаушы. 

Екі үміткерден не үміт күтуге болады? 

Жалпы Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия – АҚШ-тың геосаяси бағдарының басым бағыты. Дулатбек Қыдырбекұлының айтуынша, біздің ел Қытаймен жалғайтын көпір болса, Түрікменстан Иранды, Өзбекстан Ауғанстанды ұстаушы күш.

"Трамп Украинаға қолдауды біртіндеп азайтып, Еуропаға азырақ көңіл бөлмекші. Керісінше Қытайға көбірек қызығушылық танытатыны анық. Сондықтан оның билігі кезінде шығыс саясаты күшейе түседі. "Украинаны қалдырғанымен" АҚШ Орталық Азияны Ресей мен Қытайға оп-оңай бере салуы екіталай. Қарама-қайшылыққа толы саясат жүргізіледі. Жалпы алғанда Қазақстан Қытаймен тікелей шекаралас болғандықтан, АҚШ-тың Қазақстанға қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалады және біздің елдің маңыздылығы кемімейді", – деді талдаушы.

ЕҚЫҰ академиясының доценті Эмиль Джураев бұған кері пікір білдіріп, Трамп тұсынды АҚШ Орталық Азияға деген қызығушылығын мүлде жоғалтуы мүмкін екенін алға тартты. 

"Бір жағынан, аймақтағы мемлекеттер үшін Дональд Трамп әкімшілігімен тіл табысып, өзара түсіністікке келу оңайырақ болар еді. Бірақ екінші жағынан, Трамп тұсында АҚШ Орталық Азияға деген қызығушылығын мүлде жоғалтуы мүмкін. Ал Камала Харрис жеңіске жетсе, арадағы қарым-қатынас өзгеріссіз қалмақ. Бірақ бұл мәселедегі ең маңызды фактор – АҚШ-тың Украинадағы соғыс мәселесіне қатысты ұстанымы. Трамп уәде еткен соғысты тез арада шешу не іс жүзінде Украинаны қолдауды тоқтатуды көздейтін саясаты жүзеге асса, Орталық Азия елдері күрделі сынақтар мен дипломатиялық қиындықтарға тап болуы мүмкін. Екі бағытта да әртүрлі факторлар бар, дегенмен бізге Камала Харристің билікке келуі ұтымдырақ болар еді", – деді Эмиль Джураев.

Экономист және DAMU Capital Management бас директоры Мұрат Қастаев та Caravan.kz сайтына берген сұхбатында Трамптың жеңіске жетуіне қатты алаңдаушылық білдірді.

"Демократтар болсын, республикашылдар болсын, екі әкімшілік те Орталық Азия аймағының Еуропа, Ресей, Қытай мен Таяу Шығыс арасындағы стратегиялық орналасуын ескере отырып, көбірек көңіл бөлетіні сөзсіз. Дегенмен Камала Харристің аймаққа әсері анау айтқандай күшті болмас, сондықтан оның кандидатурасы маған ұнамдырақ. Президент Трамп тұсында аймақ Америка Құрама Штаттарына дұшпандық танытатын Ресей, Қытай мен Иран арасында оттың ортасында қалғандай күй кешеді. Харристің президенттігі кезінде Америка мен жоғарыда аталған мемлекеттер арасында бейбітшілік пен достық орнай қоймаса да, әйтеуір, оның саяси бағыт-бағдары біз үшін жаңалық болмас. Трамптың президенттігі болса, агрессивті, қатал, ешқандай болжамға келмейтін, кейбір жерлерде түсініксіз әрі эмоционалды тұрақсыз болады деп күтілуде", – деп қорытындылады Мұрат Қастаев.

Сайлаудың еліміздің экономикасына әсері қандай болмақ?

Трамп протекционистік саясат ұстанатыны бәрімізге мәлім. Ол америкалық компаниялардың шетелдік жобаларға инвестиция салуын шектеп, отандық бизнесті қолдауға көбірек көңіл бөледі. Қазақстан ірі ресурс жеткізушісі ретінде АҚШ-тың энергетика және пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылығының төмендеуін сезінуі мүмкін. 

Heartland Asia NarXoz аналитикалық ортадығының сарапшысы Сағади Кисиковтың айтуынша, Трамптың Қытаймен бақталастығы да біздің елге елеулі әсер етуі мүмкін.

"Дональд Трамптың күн тәртібінде Қытаймен сауда соғысы ерекше орын алады. Аталмыш күрес әлемдік нарықтардағы құбылмалылықты арттырып, теңгенің әлсіреуіне тікелей әсер ететін юаньның құнсыздануын тудыруы ықтимал. Курс әлсіресе, бәріне белгілі, қазір сатып отырған дүниемізді анағұрлым арзан бағаға өткізетін боламыз", – деді сарапшы. 

Харрис керісінше АҚШ-тың "Жібек жолы" сияқты халықаралық бастамаларға көбірек қатысуын және негізгі экономикалық серіктестермен қарым-қатынасты жақсартуды қолдайды. АҚШ Қытайдың ықпалын шектеу үшін Қазақстанның энергетикалық секторына қатысуын күшейтуі мүмкін. Экономикалық сарапшы Әнуар Есенгелдин: "Харрис әкімшілігі кезінде Қазақстандағы таза технологияларға инвестиция ағыны көбеюі мүмкін" деген ойда. 

Президент кім болса да, санкция өзгеріссіз қалады

Америкалық Diplomat журналының редакторы Кэтрин Путц кім президент болса да, санкциялық саясат айтарлықтай өзгерістерге ұшырамай, Ресейге оларды айналып өтуге көмектесетін елдерге бағытталған жанама санкциялар күшінде қалатынын ескертеді.

"Мен санкциялар саясаты айтарлықтай өзгереді деп ойламаймын. Әдеттегідей Орталық Азиядағы кейбір компанияларға қарсы санкциялар жалғасады. Олардың көпшілігі соғыс басталғаннан кейін құрылған. Санкцияларды айналып өтетіндер Қазақстан экономикасының негізгі ойыншылары емес, олар жаңадан келгендер", – деді ол.

Жыл басында АҚШ үкіметі Қазақстан мен Қырғызстанның үш компаниясына Ресейге ұшақ бөлшектерін жеткізгені үшін санкция салған болатын. Алайда Кэтрин Путцтің айтуынша, Қазақстан үкіметі санкцияларды айналып өтуге жол бермеу үшін Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынаста, сондықтан Қазақстанға санкция салу қаупі жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу