Ақтөбе облысында кәсіп бастаймын деген 1700 тұрғынға несие берілді

3239

"Ауыл аманаты" жобасы аясында жалпы құны 7,7 миллиард теңге болатын бизнес идеялар мақұлданған. 

Ақтөбе облысында кәсіп бастаймын деген 1700 тұрғынға несие берілді Фото: Әзиз Жанұзақ

Қазірге дейін 1667 тұрғын қаржыларын алып, істерін бастап та кетті. Жоба операторы "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы құны 10 миллиард теңге болатын 2029 жобаның құжатын қабылдап, 1892-сін мақұлдаған еді. Бұл туралы Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай мәлімдеді. 

"Қаңтар айында 250 млн теңге қаржы 51 жобаны, ақпан айында 519,5 млн теңге қаржы 83 жобаны несиелендіруге бағытталған. Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз аудандарында көрсеткіш әлі де төмен деңгейде. Дегенмен, құс шаруашылығы бағыты бойынша 2,2 млрд теңгеге 569 жоба, мал шаруашылығында – 289,8 млн теңгеге 43 жоба, өсімдік шаруашылығында – 1,1 млрд теңгеге 231 жоба мақұлданды. Оның ішінде 98 шағын жылыжай ауылдарда ашылған", - деді ол.

Өңір кәсіпкерлері өңдеу өнеркәсібі мен шағын бизнестің өзге түрлеріне де көңіл бөле бастады. Бұл бағытта 4,1 млрд теңгеге 824 жоба қолдауға ие болған. Оның ішінде 121 наубайхана мен кондитерлік цехтар, 136 шағын сүт өңдеу және 63 ет өңдеу кешені, 55 тігін цехы, 91 монша, 23 қоғамдық тамақтану орыны бар.  Сондай-ақ, облыс аумағында балық өсіруге ниеттенген тұрғындар да көбейе бастады. Қазір осындай 8 кәсіпкер бар. 

"Несиені уақытылы беруді тежейтін негізгі фактор – тапсырылған құжаттардың дұрыс болмауы. Бүгінде 94 жобаның кепіл құжаттары бойынша ескертулер бар. Осы кемшіліктерді жақын арада дұрыстап, осы айдың басында несиенің берілуін қамтамасыз ету қажет", - деді басқарма басшысы.

Жауаптылар несие алуға ниет білдіргендердің қаржылық жағдайы назарға алынатынын ескертті. Өйткені, кірістің бір бөлігі алған қарызды қайтаруға жеткілікті болуы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу