Ақтөбе облысында шенеунік қызметтік көліктен бас тартып, оны аса қажет етіп тұрған мекемелердің біріне сыйлаған. Бұл – өңірде бірінші рет кездесіп тұрған жағдай, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев осыдан екі ай бұрын 2018 жылы шыққан су жаңа "Toyota Camry 50" көлігін пайдаланудан бас тартады. Бұл жөнінде басшының өзі "Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне хабарлаған.
"Жұмыс орным мен үйімнің арасы жақын. Жұмысқа жаяу қатынаймын, бұл әрі денсаулыққа да пайдалы", - деп түсіндіреді Рүстем Исаев.
Алғашында автокөлік облыстық қарттар үйіне беріледі. Бұл жөнінде БАҚ беттерінде де жарияланды. Дегенмен, кейін оны мүгедек балаларды тасмалдауда қиналып жүрген, бір де көлігі жоқ "Аяла" балаларды оңалту орталығына беру жөнінде шешім қабылданады.
"Ақтөбе – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінен білгеніміз, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы "Toyota Camry 50"-ді қарттар үйіне алудан бас тартқан. Алайда басқарма басшысы Бұлбұл Елеусінова: "Бұл мәселеге менің қатысым жоқ, қазір көлік беріліп отырған оңалту орталығы бізге емес, облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды",– деді.
Бұл жағдаймен тікелей айналысып отырған облыстық қаржы басқармасы басшысымен қалай ұмтылсақ та тілдесу мүмкін болмады. Дегенмен, қазіргі күні сыйға берілген автокөліктің "Аяла" орталығының балансына өту үшін рәсімделіп жатқанын білдік. Егер қарттар үйінде үлкен кісілерді тасымалдайтын автобус болса, бұл жерде көпшілігі арбада отырған, сол себепті, ересек адамдардың көмегімен қозғалатын жүріс-тұрысы шектеулі балаларды таситын көлік жоқ екен.
Аталған проблема бұған дейін де бірнеше рет айтылып жүрген. Тақырыпқа тереңдей келіп, бұл жерде келешекте ескерілуге тиіс кейбір мән-жайлар барын байқадық. Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, қазіргі күні өңірде 33 департамент, 24 басқарма бар екен. Бұл - осынша қызметтік көлік бар дегенді білдіреді. Солардың ішінен басшылық қызметте отырған шенеуніктің өзіне тиесілі темір тұлпардан бас тартып отырғаны – бірінші рет. Өкінішке қарай, мұндай тосын сыйлыққа риза болғанмен, бюджеттік мекемелердің көпшілігі оны ұстап тұруға қиналатын көрінеді, яғни, шетелдік жаңа автокөліктің жанар-жағармайы, жөндеуі, оған жүргізуші ұстау қосымша шығынды талап етеді. Екіншіден, осындай игі істі жүзеге асыру барысында "бізден кетті – сізге жетті" деген көзқарастың бел алып кететіні байқалады. Яғни, сыйға берілген мүліктің әрі қарай қайдан қайда барғанын, жалпы қозғалысын қадағалау тексеруші мекемелердің міндетіне кірмейді және олар да қадағалай бермейді. Бұл механизм қызметтік көлігінен бас тартқан шенеуніктер саны көбейген жағдайда жетілдіріле түсетіні анық.
Құралай Қуатова